Жаңалықтар

Жұмыс іздеушілерге жаңа мүмкіндік

Теміртаудағы мансап орталығы тұрғындарға қолайлы, заманауи ғимаратта қызмет көрсетуді бастады. Чернышевский көшесі, 111 мекенжайында орналасқан екі қабатты кең әрі жарық ғимарат қоғамдық көлік аялдамаларына жақын орналасуымен ерекшеленеді. Бұл тұрғындардың орталыққа кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұнда келушілерге, оның ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық қолайлы жағдай жасалған.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Жаңа форматтағы мансап орталығында жұмыспен қамту мәселелері бойынша кешенді қолдау көрсетіледі. Мамандар келушілерге кеңес беріп қана қоймай, нақты бағыт-бағдар ұсынып, жұмысқа орналасудан бастап қысқа мерзімді оқуға, өз ісін ашуға арналған мемлекеттік гранттарға, атаулы әлеуметтік көмекке және уақытша жұмысқа дейінгі мүмкіндіктерді таңдауға көмектеседі. Бұл – жұмыс іздеушілер үшін барлық қызметті бір жерден алуға мүмкіндік беретін тиімді жүйе.

Орталықта келушілердің ыңғайы үшін жұмыс берушілермен кездесуге арналған арнайы зал да қарастырылған. Мұнда үміткерлер мен жұмыс берушілер тікелей байланыс орнатып, бос жұмыс орындары бойынша келіссөз жүргізе алады. Мұндай мүмкіндік жұмысқа орналасу процесін жеделдетуге ықпал етеді.
Айта кетейік, мансап орталығының жаңа ғимараты «Берёзка» және «Аян Пассаж» аялдамаларына жақын орналасқан.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Теміртау

Басқа материалдар

Back to top button