Көзге көрінбейтін киберқылмыс
«Әлемде киберқылмыс өршіп барады. Жыл сайын мыңдаған азаматымыз соның құрбаны болып жатыр. Қазір интернеттегі алаяқтық қылмыстардың бестен бірі ғана ашылады. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет. Цифрлық қатерге төтеп беру үшін құқық қорғау органдары бір қадам алда жүруге тиіс. Озық ойлап, артта қалмаудың амалын табу қажет», – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратура жиынында.
Жаңа технологиялар – уақыттың қатаң талабы. Алайда, цифрлық технологиялардың көлеңкесінде жаңа қауіп – киберқылмыс тұр. Бүгінде интернет-алаяқтық тамыр жайып келеді.

Алаяқтық эволюциясы
Қарағанды қаласы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Шахназар Салин қазіргі жағдайдың күрделене түскенін айтады.
– Цифрлық дәуірде, өкінішке қарай, технологиялар ғана дамып жатқан жоқ. Сонымен жағаласып, интернет-алаяқтықтың жаңа түрі мен тәсілі пайда болуда. Интернет-алаяқтар өздерінің қылмыстық әрекеттерінде жасанды интеллектіні белсенді түрде қолдануда. Сенгіш азаматтарды алдау тәсілдері күн санап артып келеді, – дейді Шахназар Салин.
Расында, бүгінгі алаяқ бұрынғыдай қарапайым схемамен шектелмейді. Олар психологияны жетік меңгерген, технологияны еркін игерген, сценарийі дайын «кәсіби қауіпті топтарға» айналды.
Мәселен, алаяқтар өздерін банк қызметкері, курьер, ұялы байланыс операторы немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, азаматтан SMS-код сұратады. Бұл – олардың негізгі «кілті». Сол арқылы кез келген адамның жеке кабинетіне, банк қосымшасына, тіпті, мемлекеттік қызметтер платформасына қол жеткізеді.
Бұдан кейінгі кезең одан да қауіпті. Соңы жалған «арнайы операцияларға» ұласады. Қылмыскерлер құқық қорғау органдарының немесе ұлттық қауіпсіздік қызметінің атынан хабарласып, азаматтың есепшоты бұзылғанын айтып, оны «құтқару» үшін қаржысын басқа шотқа аударуға көндіреді. Сенімді арттыру үшін жалған куәліктер, құжаттар, бейнеқоңыраулар қолданылады.
Жеңіл табыс іздеу жарға жығады
Соңғы жылдары пайда болған интернет-алаяқтықтың ең қауіпті түрінің бірі – жалған инвестициялық платформалар. Әлеуметтік желілерде танымал компаниялардың атын жамылып, жасанды интеллект көмегімен белгілі тұлғалардың бейнесін жасап, халықты «пассивті табысқа» шақырады.
Алғашында 100 АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуды ұсынады. Кейін «табыс» көрсетіп, сенімге кіреді. Осылайша, жәбірленуші ірі көлемдегі қаражатын жоғалтады.
Мұндай жүйелер бізде елде ғана емес, көрші мемлекеттерде де бар. Мәселен, Еуропа елдерінде де «deepfake» технологиясы арқылы саясаткерлердің жалған видеолары жасалып, азаматтарды инвестицияға тарту жағдайлары тіркелген. Ал, Сингапурда киберқылмыскерлер мемлекеттік қызметкерлердің дауысын көшіріп, телефон арқылы алдау тәсілін қолданыпты.
Сонымен бірге, интернет-дүкендер мен онлайн-платформалардағы алаяқтық та өршіп тұр. «OLX», «Kolesa.kz», «Krisha.kz», «Instagram» арқылы арзан тауар ұсынып, алдын ала төлем талап ету немесе жалған жеткізу сілтемесін жіберу – кең тараған әдіс.
Фишингтік сілтемелер арқылы да мыңдаған азамат зардап шегуде. Қарапайым «дауыс беріңіз», «ұтыс ұтып алыңыз» деген хабарламаның артында үлкен қауіп жасыруы мүмкін. Бір ғана сілтемені басу – жеке деректерден айырылу деген сөз.
Интернет-алаяқтықтың күрделі жүйесінде «дроп» ұғымы ерекше орын алады. Бұл – өз банк шотын немесе картасын алаяқтарға пайдалануға беретін тұлға.
Дроптар арқылы қылмыскерлер ақшаны жасырып, ізін жояды. Олар ақша шешіп, басқа шоттарға аударады. Кейде өз атына жаңа есепшоттар ашады.
Оларды тарту жолдары да қарапайым. «Жеңіл табыс», «онлайн жұмыс», «қаржы менеджері» деген сынды қаптаған жалған ұсыныстар. Көп жағдайда жастар – студенттер мен мектеп оқушылары алданады. Өйткені, жас буын артық ақша ұстап, киім алып, түрлі тәттілер жегісі келеді. Осыны әбден жетік білім алған алаяқтар, оларды қармағына түсірудің түрлі жолын ойлап табады. Тіпті, күмәнданып үлгермейтін, ойлануға уақыт болмай тұзаққа түсетіндей жағдайларды алдын ала дайындайды.
Дерекке сүйенсек, жыл басынан бері 307 дроп анықталып, 13 қылмыстық іс қозғалған. Бұл – мәселенің ауқымын көрсететін нақты дерек.
Әлемдік тәжірибеде де бұл құбылыстың кең таралғанын атап өту керек. Мәселен, Ұлыбританияда «money mule» деп аталатын дәл осы дроптар үшін қатаң жауапкершілік қарастырылған. Ал, Германияда банктер күмәнді транзакцияларды автоматты түрде бұғаттайтын жүйелерді енгізген.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



