Кәсіпкердің әлегі
Шаруашылығын кеңейтуді ойлаған кәсіпкердің әрекеті халықты әуреге салды. Шахтинск қаласы Абай даңғылы бойындағы №66 үйдің тұрғындары баспаналарына қауіп төнгенін айтып, дабыл қағуда. Жұрт «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі апат қайталанып, үйіндінің астында қалып қоюдан қорқады. Ал, жергілікті билік өкілдері болса, төніп тұрған қатердің жоғын айтып, халықты сабырға шақыруда.
Даудың басы тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан «Шахтинск» дүкенінің иесі жөндеу жұмыстарын қолға алған сәттен басталған. Терезесі көшеге қарайтын үш бөлмелі пәтер 90 жылдардың соңында шағын дүкенге айналыпты. Сатып алушылардың қатары артқан сайын сауда алаңы тарлық еткен. Кәсібін әрі қарай дөңгелетіп, халыққа ыңғайлы жағдай жасамақ болған кәсіпкер бөлмелердің арасындағы қабырғаны құлатып, дүкен ішін кеңейтуді ойлайды. Құзырлы органдардың рұқсатын алмастан, жалдамалы жұмыскерлерді әкеліп, жөндеу жұмыстарын бастап та кеткен. Артынша бармағын тістеп қалды.
– Білместік болды. Құрылыс саласынан хабарым болмағандықтан, тіреу қабырғаларды құлатуға болмайтынын білген жоқпын. Дүкенді кеңейтіп, сатып алушылар үшін оңатайлы жағдай жасағым келген еді. Кінәмді мойындаймын. Көршілерге менің тарапымнан материалдық шығын келгені анықталса, барлығын өтеуге әзірмін, – дейді кәсіпкер Марина Билецкая.
Бірінші қабаттағы дүкенде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын білетін тұрғындар қолайсыздықты бірден сезініпті. Әуелі дүкеннің дәл үстіндегі пәтердің едені төмен түсіп кеткен. Тұрғындар бірден дабыл қағып, қалалық әкімдікке, құзырлы органдарға арызданған. Жергілікті билік өкілдері тұрғындардың шағымы бойынша бірден іске кірісіп, құлатылған қабырғаның орнына уақытша тіреу бағаналарын орнатқан. Қала әкімі Сержан Аймақовтың айтуынша, кәсіпкердің әрекетінен тұрғын үйге ешқандай зиян келмепті.
– Кез келген қайта жобалау мен реконструкция жұмыстары архитектура органдарының рұқсатымен жасалуы керек. Әсіресе, панельді үйлерде барлық қабырғалар тіреу қабырғалары болып саналады. Бұл жағдайда кәсіпкер ешкімнің рұқсатын алмай, өзім білемінге басқан. Нәтижесі міне. Тұрғындардың шағымынан кейін облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы дереу қажетті шараларды қолға алды. Дәл қазір тұрғындарға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, – дейді Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақов.
Кәсіпкер келіншек енді өз білместігінің орнын толтырып, қабырғаларды рұқсатсыз құлатқаны үшін айыппұл төлейді және тұрғындарға келтірген шығынын өтейді. Сонымен бірге дүкеннің құлатылған қабырғасын қайта қалпына келтіруі керек. Бұл жолы іске кәсіби мамандар араласпақ. Олар тұрғын үйге зиян тигізбей, қабырғаны қайта қалап шығудың жобасын дайындап, бірер аптаның ішінде бұрынғы қалпына келтіреді.
Айта кету керек, кеңес дәуірінде тұрғызылған үйлердің жобасы тұрғындардың көпшілігінің көңіліне жақпайды. Сондай-ақ, халық арасында тиісті мекемелердің рұқсатын алмай, өз бетімен жөндеу жұмыстарын жүргізетіндер де жеткілікті. Ал, мұның соңы қып-қызыл шығын мен қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»