Кәсіби қазақ тілі – келешек кепілі

Мемлекеттік тілді кәсіби салаға бағыттап оқыту – бүгінгі таңдағы өткір мәселенің біріне айналып отыр. Кәсіби салада кең қолданылған тіл дамып, қолданылу аясы кеңейетіні айдан анық. Мысалы, дәрігерлер өзара кәсіби қазақ тілінде сөйлесіп, мемлекеттік тілде еркін құжат толтырса, ғажап емес пе? Оны көрген емделуші де соған икемделер еді. Жуырда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Мемлекеттік тілді кәсіби салаға бағыттап оқыту мәселелері» тақырыбында республикалық онлайн семинар өткізді. Жиын мемлекеттік тілді кәсіби салаға бағыттап оқытудың әдістемесі төңірегінде қалыптасқан тәжірибені ортаға салу және жас мамандардың біліктілігін арттыру мақсатын көздеді.

Семинардың негізгі спикері – Назарбаев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зейнехан Күзекова кәсіби салаға бағыттап оқытудың ғылыми түсініктемесімен бөлісіп, оның зерттелуінен жан-жақты ақпарат берді. Математика, экономика, дипломатия салаларын кәсіби тұрғыда оқытып жүрген саусақпен санарлық кәсіби маманның бірі ретінде тәжірибелік тапсырмалардың түр-түрін көрсетті.

Семинарға Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің мамандары, Назарбаев университетінің ғалымдары мен студенттері, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары және Қарағанды облысы өңірлеріндегі мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының әдіскерлері мен оқытушылары, мемлекеттік мекемелердің, департаменттердің мемлекеттік тіл мәселесіне жауапты мамандары, жоғары оқу орындары оқытушылары, сондайақ, М.Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің аспиранты қатысты.

Шара барысында көптеген маңызды ақпарат айтылды. Біраз дүние түйдік. Тілді кәсіби оқытудың түрлі амал-тәсілдері бар. Үйретуде сөйлеу әрекеті басымдық беріледі. Тілдік материалдар жүйеленіп, жоспарлы түрде жеңіл деңгейден күрделі деңгейге қарай оқытылады. Түрлі жаттығулар, тапсырмалар орындалады. Әр саланың терминдері ескеріліп, күнделікті жұмыста өзара мемлекеттік тілде сөйлеу әрекеттері үйретіледі. Қиын болып көрінгенімен ынта болса, жылдам меңгеруге болады. Әр сала маманы өзі қолданатын терминдерді сөйлесу үстінде мемлекеттік тілде атап, сөйлем құрап үйренеді. Әрі қарай өз саласы бойынша мәліметтерді іздеп, өздігінен тапсырма орындай алады.

Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кәсіби қазақ тілін оқытудың экономика факультетіне арналған 1996 жылғы нұсқасының 4 басылымын алса, халықаралық қатынас факультеті 1999 жылғы қазақ тілінің 2 басылымына тапсырыс берді. Ал, гуманитарлық факультетте 2003 жылы шыққан кәсіби қазақ тілі басылымы сұранысқа ие. Өйткені, бұл кәсіби салаға бағыттап оқыту Франция, Англия сынды дамыған елдерде бұрыннан бар. Оқулықтар да көп. Сондықтан да, француз, ағылшын тілі барлық салада жаппай қолданылып, бүгінде дамыған тілдердің көшін бастап тұр.

Ал, біздің елімізде де қазір кәсіби салаға бағыттап оқыту сұранысқа ие болып отыр. Өйткені, әр мекеменің қызметкері өз саласында мемлекеттік тілде құжат толтырып, еркін сөйлеп, ойын еркін жеткізіп, жетістікке жеткісі келеді. Бұл үшін жергілікті тілдерді оқыту ресурстық орталықтары арқылы әр мекеменің тапсырысымен салалық кәсіби қазақ тілін оқыту оқулығын жасау – өте маңызды. Әрі қарай бірлесіп жұмыс істесе, нәтиже шығары анық, – дейді Зейнехан Күзекова.

Сондай-ақ, мұнда кәсіби салада мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі төңірегінде қалыптасқан тәжірибе және оқытушылар мен әдіскерлердің кәсіби біліктілігін жетілдіру де талқыланды.

Жалпы, семинар аймақта оқуға деген сұранысты қанағаттандыруға бағытталған шаралардың бірі болды. Бұрын мұндай сұранысты облыста алғаш рет сот саласының өкілдері айтқан екен. Сұраныс негізінде Зейнехан Күзекованың басшылығымен сот жүйесі қызметкерлеріне арналған алғашқы оқу құралы дайындалған. Бұл туралы оқулық авторларының бірі Алмагүл Игенова жан-жақты түсіндірді.

Басылым деңгейлік оқыту принципіне негізделген. Тапсырмалар мен грамматика біртіндеп қарапайымнан күрделіге ауысады, ал студент өзінің оқу үлгерімін QR-код арқылы тексере алады.

Шараға қатысқан мамандар семинардан ой түйіп, көп мәлімет алғаны сөзсіз. Болашақта облыс бойынша мемлекеттік тіл кәсіби салаға бағытталып оқытылса, қазақ тілінде қызмет көрсету мәселесінің шешімін табуына түрткі болатыны анық. Бұл жұмыстар болашақта да жалғасын табады. Егер, мемлекеттік мекемелер өз мамандарын кәсіби салаға қатысты оқытуды қаласа, әдістемелік көмек беріп, оқулығын жасауға көмектесеміз. Яғни, мемлекеттік тілді дамыту үшін қазақ тілін әр кәсіби салаға бағыттап үйрету керек. Сонда қызметкерлер өз саласында қазақ тілінде құжат толтырып, есеп, баяндама жазып, өз ойларын толық жеткізе алады, – дейді педогогика ғылымдарының магистрі, ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі Жұпар Жақанова.

Жиын соңында дәріс оқыған қонақтарға ұйымдастырушылардың Алғыс хаты табысталса, семинарға қатысып, біліктілігін арттырған түрлі мекеменің 80 маманына семинар сертификаты берілді.

Демек, жалпақ тілде сөйлеуден арылып, әр саланың өз кәсіби тілін қалыптастырсақ, тілдің қолданыс аясы кеңейеді, маманның біліктілігі артады, болашаққа жол ашылады. Бастысы – қатысушылар осыны түсінді. Өйткені, Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде елімізде көптеген оң өзгеріс орын алды. Бұл – сол игі істердің жалғасы, алдағы уақытта барлық саланы күтіп тұрған өзекті мәселе.

Жәлел ШАЛҚАР.