Көшбасшылар мектебі – өзекті бастама
Бөтен қалаға келіп, белгілі бір жерге барғыңыз келсе, сізге навигатор көмектеседі. Бұл құрылғы сіздің жол сапарыңызды тура межелейді. Мұндай навигаторды өмірде қайдан табу керек? Мүмкіндіктерді көре отырып, кедергілерден қалай айналып өтуге болады?
Жоғарыдағы сұрақтарға Ақтоғай ауданының Бектауата тау шатқалында орналасқан балаларға арналған қала сыртындағы маусымдық «Факел» сауықтыру лагерінде өткен облыстық көшпелі «Саяси көшбасшылық мектептерінің кәсіби кадрлық резервті қалыптастырудағы ролі» атты конференцияның қатысушылары жауап берді.
Конференция Ақтоғай ауданының табиғаты көркем аймақтарының бірі – Бектауатада өткізілді. Бектауата тау шатқалының таулары мен үңгірлері – Қазақстанның тарихи орындарының бірі. Қатысушылар үшін тарихи ескерткіштер бойынша экспедиция және спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Ал кешке ұрпақтар сабақтастығы мен достығының алауы жағылды. Тау ішінде кешкі самалмен үндесіп шыққан қобыз бен домбыраның, саксофон мен баянның әуені де ерекше көңілкүйге бөледі.
Абай, Ақтоғай, Шет, Ұлытау аудандары мен Астана, Балқаш, Жезқазған, Қарағанды, Приозерск, Саран, Сәтбаев, Шахтинск қалаларынан келген 54 қатысушы өз өмірлерін сәнді де сапалы мәнмен толтырған тәжірибелерімен бөлісті. Диалогтік алаңда Парламент Мәжілісінің, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары кездесіп, өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, жетістікті бизнес ханымдар, аймақтық Саяси көшбасшылық мектептердің басшылары, мемлекеттік білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ және басқа да ұйым өкілдері атаулы іске атсалысты. Барлық қатысушылар өз сөздерінде табысты адамның ең маңызды дағдыларының бірі өзара байланысты көре білуінде деп көрсетіп өтті.
Біздің әлемде барлығы өзара тығыз байланысты екені рас. Сондықтан да, кадрлық резервті жергілікті жерлерде қалыптастыру керек, яғни, өзінің сара жолын нақ білетін, өз соңынан өзгелерді ерте білетін көшбасшыларды қалыптастыру керек.
Қазақстандық саясаткерлердің жетістікке жету тарихын дәріптеу аясында конференция қатысушыларына өмір жолдарын өзгелерге көмек беруге арнаған және сол арқылы өз армандарына қол жеткізу жолын таңдаған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Гүлнар Бижанова және Серік Сәпиевпен кездесіп, сұхбаттасудың мүмкіндігі бұйырды. Алғашқы құттықтау сөзді Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова алып, ауылдастарының қол жеткізген жетістіктері туралы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының кеңінен жүзеге асырылуы жөнінде баяндап берді. Сонымен қатар, қатысушыларға жылы лебізін білдірген облыстық отбасылық-демографиялық саясат пен әйелдер ісі бойынша облыстық комиссияның хатшысы Қорлан Бекимова аймақтың көптеген табысты әйелдері мен халықты кең масштабты гендерлік ағарту ісіне белсене қатысуы туралы әңгімелеп қана қоймай, осы өмірде мәртебе мен жетістікке қол жеткізуді армандайтын, өз-өзіне сенімді болуға ұмтылатын әрбір әйел мен анаға шын жүректен барлық жақсылықты тіледі.
Бастапқы пікірталас шымылдығын «Нұр Отан» партиясының ҚОФ төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты, «Аманат» Саяси көшбасшылық мектебінің» төрағасы, спикер Қадиша Оспанова ашты. Әйелдерді саяси тұрғыдан алға жылжыту, олардың қоғамдық-саяси және экономикалық өмірдегі ролін арттыру, әйелдер құқығын қорғау, көшбасшылық қабілеттерін дамыту, әйелдердің өз-өзін дамытуы сияқты мәселелер айтылды. Сонымен қатар, облыстық және аудандық деңгейлердегі қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметтер үшін «C» және «В» категориясындағы кадрлық резервті қалыптастыру ісіне қатысуға ерекше назар аударылды. Әйелдер мен жастарды саяси тұрғыдан алға жылжытуға, олардың көшбасшылық қабілеттерін ұштауға, табысты коммуникациялық және бәсекеге қабілеттілік дағдыларын қалыптастыруға нақты бағдар берілді.
Пікірталасты Астанадан келген «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының этнографы А.Мұсағажинова, аймақтық Саяси көшбасшылық мектептердің басшылары, Абай ауданы мәслихатының депутаты О.Панасиди, Сәтбаев қаласының Қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Мадиева, Ұлытау ауданы мәслихатының депутаты Э.Ершеманова, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты (осы жолдардың авторы) жалғастырды. Баяндалған барлық мәселелердің тобықтай түйіні аймақтар мен жалпы облыстың өзекті әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси мәселелерін шешу бойынша өзіндік бір идеялар мен бастамалар қорына шоғырланды.
Бүгінгі таңда барша адамдар «жылдам өзгеріп жатқан заман» деген тіркесті көп естиді. Әлем жылдам дамып, өзгеруде. Дегенмен, конференция қатысушылары өзгерістер үлкен мүмкіндіктер ашатынын ұмытпағанымыз жөн деген ортақ пікірге келді. Біздің әрқайсымыз үздіксіз жаңа біліммен қарулана отырып, ұдайы жаңа әдістерді іздестіре жүріп, өзін-өзі жетілдірудің өмірлік бағдарламасын құруымыз керек. Біз әрдайым жаңа бастамаларға дайын болуымыз керек, қолда бар жағдайға ешқашан қанағаттанып қалмауымыз керек. Өйткені, саяси көшбасшылық мектебі – адамды шынайы құндылыққа жеткізетін қоғамдық құрал.
Екі күндік конференцияның жұмысын «Саяси көшбасшылықтың жастар мектебі» тәмамдады. Қатысушыларға «Нұр Отан» партиясының «Белсенді жастар саясаты» бастамашылық жобасын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстардың іс-тәжірибесі ұсынылды.
Елбасының талантты, болашағынан үміт күттірер жастарды табу және оқыту бойынша үкімі бүгінде облысымыздың жетекші саяси және қоғам қайраткерлерінің шеберлік сыныптары арқылы, тұлғалық және кәсіби құзыреттіліктерді дамыту бойынша тренингілік бағдарламалар арқылы ұдайы түрде іске асырылуда. Жастарға көшбасшылық қасиеттерді шыңдау, табысты коммуникация мен бәсекеге қабілеттілік дағдыларын қалыптастыру жөнінде бағыт берілді.
А.ТҮКБАЕВА,
облыстық мәслихат депутаты,
«Нұр Отан» партиясы ҚОФ Саяси Кеңес Бюросының мүшесі