Кәмел ЖҮНІСТЕГІ: Арыстарды ескермеу – Тәуелсіздікті мойындамау

Жиырмасыншы ғасырдың тұп-тура тоқсан жылы қазаққа құт болмады. Ұлттық болмыс-бітімін алып, құндылықтарын құрдымға жіберіп жатты. Сүт бетіне шығарларын сәт сайын сылып тастап отырды. Көк сүтте қайбір нәр, қуат болсын. Айрандай ұйымай, ірімшікше іріп ала жөнелді. Ол ұлттың деградациясына бастады. Тіл қайда, дін қайда, дәстүр-ғұрып қайда? Кім екенімізді ұға алмай, қаңғырып қала жаздадық. Совет саясаты сүзіп алып, итжеккенге жөнелткен, асқан-атқан қазақтың қаймақтары мұны сезген еді. Рухы жаншылып езілген елдің еңсесін тіктеу үшін бастарын бәйгеге байлаған азаматтар туралы осы бір қаралы күні еске аламыз. Саяси қуғыннан кебенек киіп, елге есен оралғанның бірі – жазушы, зерттеуші Кәмел ЖҮНІСТЕГІ еді. Сексеннің сеңгірінен асқан Кәмел ағамыздың жүрегіндегі «жүз жылдық жараның» аузын тырнап алмауға тырысып, сұхбат құрған едік…

– Өткен ғасырдағы қазақ зиялыларының басына төнген тар жол, тайғақ кешуді өткерген тұлғаның бірі – өзіңіз. Ақиқатын айтуға сіздер ғана хақылысыздар.

Жалындаған жастығыңыздың аттай алты жылын Сібірдің суық даласына тастап келдіңіз. Сол уақытта бар-жоғы 22-23 жаста екенсіз. Солқылдаған жассыз. Сонда елден жырақ әкетіп, айдап бара жатқанда қайтып оралам деген үміт сөнбеген шығар, сірә, иә?

– Бұл жағы бізге беймәлім еді. Өйткені, саяси тұтқындарды отырғызған вагонда өзге де қылмыскерлер бар-тын. Ұры да, қары да бар онда. Алып бара жатқан түрмесіне аман жетеміз бе, жоқ па? Белгісіз еді. Себебі, кез келген уақытта басқа қылмыскерлер бізді өлтіре салуы әбден мүмкін-тін. Тұншықтырып, әлде, ұрып, не пышақтап тастай ма, бәрі де мүмкін еді. Сондықтан, қазақ жігіттері белгіленген жерге табан тигенге дейін кезек-кезек ұйықтамай, бірімізді-біріміз күзетіп шығып жүрдік. Ондағы ойымыз, қапыда қалмайық. Өлсек, алысып, жағаласып өлейік деген ой ғой баяғы…

– Тергеудің тозағын көрдіңіз. Қанша уақыт тергеді сізді? Ақыры не деп айып тақты?

– 8 ай жаттым тергеуде. Сол сегіз айда көрмегенім жоқ. Күнде – тепкі. Тепкіден бір күні қан құса бастадым. Шамам құрып, әлім кетті. Мұны көрген соң мені өздерінің ауруханаларына апарды. Сонда 17 күндей жаттым. Содан соң қайта әкеліп, тергеу тағы жалғасты. Жасырын ЕСЕП партиясын құрғанымды мойындатпақ. Мойындамадым. Мойындасам, жүздеген, мыңдаған адамды сол арада мерт етер еді. Досым Зейнолла Игіліковті ұстағанда, ол менімен араласпаймын деп мойындамай, отырып алыпты. Бірақ Зейноллаға жазған хатымды тауып алған екен. Сол арқылы тұтқындады. Олардың мақсаты – қайтсе де, «ЕСЕП» партиясын ұйымдастырғанымызды мойынға іліп, басқа мүшелерін де жазалау. Алайда, біз бұл ұйымды құрғанда әркім үш адамға дейін ғана тартуы тиіс деген ұстанымды ұстандық. Осылайша, жалғаса берді. Бұл ұйымдағылар басында кім тұрғанын да білмейтін. Ұсталған жағдайда басқаларды аман алып қалу үшін жасалған қадам. Ұсталған күнде кімдер бары анықталмауы тиіс дедік. Бұнымыз іске асты. КГБ қанша күшейсе де, толық мүшелерін анықтай алмады.

Өзім де тек отырмаймын тергеуде. «Сендер қазақты адам құрлы көрмейсіңдер» деп өздеріне тиісемін. Олар «Неге?» деп сұрап қояды. «Сендер сутегі бомбасын қазақтың даласында, жер астында, жер үстінде жарып жатырсыңдар. Америка елсіз аралда жарады. Ал, ол залалсыз болса, онда оның несі бомба?»» деймін ғой. Олар бұған өршелене түседі де, тепкінің астына алады. Соңында «Отанына опасыздық жасаған халық жауы» деп айдап жіберді.

– «ЕСЕП»-тің құрамына қанша адамды жинай алдыңыздар? Кей деректерде 200-ден астам дегені көзіме түскен…

– Ол мыңдаған болуы мүмкін. Қарағандыдан бастау алып, листовкалар еліміздің әр қаласында таралып жатты. Тіпті, ауылға барсам, бір күні ауылдың үлкендері «Мынадай листовкалар таратылып жатыр. Сен бұдан байқап жүр» деп ескерту жасап отыр. Олар да білмейтін еді. Сондықтан «ЕСЕП» құрамында осынша адам бар деп нақты кесіп айту қиын. Әр аймақта ұйымға қосылған жастар легі көп еді. Бірақ, бір-бірімізді білмейтінбіз. Сондай саясатты ұстандық. Себебі, түптің түбінде ұсталатынымызды ішіміз сезді. Оны анық білдік. Сол кезде басқалардың басына қара бұлт үйірілмеуін әуелден мақсат тұттық. Талай-талай азапты көрдік, Құдай сақтасын! Итке де талатқан жағдайлар болды. Солай, шырақ.

– Бүгін дербес елміз. Тарихтың ақтаңдағын ашық айтуға ешкім тек демейді. Сол жылымық жылдар мен қуғын-сүргін құрбандарының ақиқаты толық ашылды деп айта аласыз ба?

– Жоқ, айта алмаймын. Көп жайлар әлі жасырын жатқан сияқты. Бір кезде КГБ-да, партияда істеген кадрлар әлі де бар. Совет үкіметі құлаған соң деколонизация, отарсыздану процесі жүру керек еді. Әйткенмен, ол болған жоқ.

– Өзіңіз зерттеп жүрген туған жеріңіз Шет ауданының тарихында қызылдар қынадай қырған оқиғалар туралы дара зерттеулеріңіз бар ма? Қазір нені ұмыттық? Қайсысын естен шығардық? Нені айтпай отырмыз?

– Осы күні өкінетін шаруа – бұған біз секілді бірен-саран адамдар ғана алаң күй кешіп, соған уайым жейтіндігі. Басқа жұрт әзірге бейқам.

Мынаны қара. 30-шы жылдарға дейін Шет ауданында 48311 таза қазақ, 159 ғана орыс болған. Бұл – ешкім күмән келтірмейтін архив деректері. 1933 жылдың аштығында 5021 ғана адам тірі қалған. Міне, бұл терең зерттелмей отыр.

– Ел азаттық алғалы – 30-шы жыл. Бұл – тұтас бір буын қалыптасатын уақыт…

– Біз сол буынды қалыптастырған жоқпыз. Қазіргі деңгейін не деуге болады? Жастарға қуанамын. Бетбұрыс бар. Бірақ теледидарды көріп отырып, жылап жібере жаздаймын. Бұрын халық Жүсіпбек Елебековтың концертін көріп отырып, рухани байып, егіліп, ет жүрегі езіліп те алатын. Қазір қарашы. Теледидардағы тыңдаушыларда ес жоқ, елігіп, дүрлігіп, түкке тұрмайтын дүниеге қол соғып отырғанын көресің. Бұрынғы тыңдаушы мен қазіргі тыңдаушының арасында үлкен айырмашылық бар. Теледидар беталды ыржақ пен күлкіге толы. Ұлттық тәрбие, мәдениетке байланысты дүниелер жоққа тән. Бұл не деген сөз? Бұл – халық өзінің мәдени өзегінен алыстап кетті, рухани ауруға ұшырады деген сөз. Ел бір жаққа кетіп барады. Қайда бара жатқанын да білмейді. Мұны тоқтату керек қой. Жоғары жақтағылар ұлтты сақтауды тезірек қолға алуы керек.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевқа жазған ашық хатымды көрген шығарсың…

– Иә, иә, сол Ашық хат туралы сұрайын деп едім…

– Сол Ашық хатқа ұрыны көрген ұры боп өседі, қарыны көрген қары боп өседі. Алаяқтың ақылы – арамдық. Жағымпаз пен сатқын – егіз дегенді қосар едім…

– Ашық хатта «Ардагерлер туралы» Заңда тәуелсіздік жолында күрескендер атаусыз қалыпты депсіз…

– Айналайындар-ау, өздерің қараңдаршы, тәуелсіздік үшін күрескендерді мойындамау, ескермеу – тәуелсіздікті мойындамау. Мені мойында деп отырған жоқпын. Анау Ахмет Байтұрсыновтан бастап, кешегі Қайрат, Ләззаттар кетті ғой қыршын қиылып. Соларды ескермеу деген – тәуелсіздікті мойындамау. Ашындыратын іс. Тіпті, «ССРО Жоғарғы Советінде қабылдаған заң ба деп қалғандайсың” деп жаздым. Парламент қабылдайтын заң емес. Бұдан соң депутаттарға сенімім кетіп қалды…

– Сонда біз бүгін Тәуелсіздік жолында шейіт болған арыстарды ұмыттық па?

– Ұмыттық қой тегіс. Ешқайсысының аты аталмайды ғой қазір. Мысалы, еске алу күнінде жылына белгілі бір жерге барып, арыстарды еске алған сыңаймен, тәу етеміз. Содан соң ұмытамыз. Бұл не? Пұтқа табынғандай боламыз да қоямыз. Мұның арасында қаншама жайттар ұмытылып қалуда.

Сен білмейсің. Осы ауылдың сыртында атылған жиырма адам жатыр. Солардың аты-жөндерін білмейтінбіз. Соны былтырдан бері айтып келемін. Біреуі бірақ баспады. Тіпті, аты-жөндерін жазып, материал да шығардым. Бірақ сонда аяқ басқан бір жан жоқ, Атылғанның бәрі – осы ауылдың адамдары. Соның ішінде Қосай молла деген де бар. Қосай молла керемет молла болған екен. Әкем айтушы еді. 32-нің ашаршылығында ауыл үстінен өтіп бара жатқан 20-30 киікті дұға оқып тоқтатқан. Содан сол ауыл адамдарына «барып, сауып алыңдар» деген екен. Сөйтіп, сауып алып, талғажау қылған. Мұны менің әкем ғана емес, сол кезде мектеп директоры болған, тарихшы Сұхибек деген кісі де айтып еді. Қарашы енді, сол молланың мәйіті сонда елеусіз-ескерусіз жатыр…

— Шет өңірі тарихында әлі ашылмаған, жабуымен жатқан жайттар аз емес дейсіз ғой…

— Бар ғой. Мен қолымнан келгенін жасадым. Мысалы мынау Ақжалдың сыртында 40 шақырым жердегі Тереңсайда 27 адам атылған. Атылғандар арасында 3 әйел бар. Сол әйелдер не істеп қойыпты?! 1 жастағы баланы да атқан ғой таза тұқымы қалмасын деген ниетпен. Тәсібек деген адамның өзін, үлкен баласын, келінін, 14 жастағы баласын, келінінің 1 жастағы баласын атып салған. Сұмдық қой! Сол мекенді маған көрсеткен адамдардың қазір біреуі жоқ. Шәкір ақсалды бас қылып, Игеннің Балтабайын қосшы қылып 2014 жылдың жазында атылған 27 адамның атын Қаратасқа жаздыртып, қоршатып жұртты жинап ас бергізіп, құран оқытып, жұрттың бәрі білетін жағдайға жеткіздім. Бұл мойнымдағы ауыр жүк еді. Сөйтіп, міндетімнен құтылдым. Енді мына аудан орталығындағы ГПУдың үйінің ар жағында қараған ішінде 1937 жылдың 3 декабірі күні атылған 20 адам жатыр. Соны айтып келе жатқаныма да екі жылдай болды. Әкім шіркіндер сол жерді көруге баспады. Ендігі әкім Мұхит ауыл азаматы ғой, сол жерді қоршауға бет алып отыр. Сол міндетті өткерсек, әруақ алдындағы парызымыздан құтылып біраз жеңілдер едім. Сондай жай көп қой.

ГПУ-дың бастығы Сычев «Ауданның басында 480 адамды қамап ұстап отырмын» деп жазады. Сол тағдырлар не болды? Белгісіз. Мен мұның бәрін зерттеуге жалғыз өзім жетпеймін.

Шеттің басында 31 жылдың жазында 32 адам атылды. Жұматай Құтжанов деген мұғалім бала күнінде көргенін айтатын. Халық біліп қойған соң оны әрірек апарып көміпті. Табан төбеге жерленді деген сөз бар.

Осы адамдарды атқанның біреуін тауып, сөйлестім. Сол адам «Үкіметтің оғын сендерге шығындаймын ба?» – деп 9 адамды сапқа тұрғызып, винтовканың бір оғымен атқан. Ол оқ бесеуінен өтіп, алтыншы адамға барып, тіреліп қалған. Сонда ГПУ оған Батыр атағын берген. Атылуға тиісті адамдардың ішінен Тойымбек деген азамат қашып, Алматыға жеткен де Алашшыл Қарсыбектің Ғайнолла деген баласына барып, ауылды қырып жатқанын жеткізіпті.

Алашордашылар Мәскеуге телеграмма салып, халықты қыруды тоқтатқызған. Сычевтың өзін түрмеге жаптырған. Ол кезде алашордашылар бар еді ғой. Ал, 37-де қорғайтындар болмай қалды. Қазақтың намысын қорғайтындардан түк қалдырмады. Қалғандары кім? Намыссыздар ғана.

– Қалай түзелеміз? Қалай тазарамыз?

– Түзелеміз. Мәңгілік жамандық болмайды. Әр жамандықтың артында бір жақсылық бар…

– Лайым солай болғай! Әңгімеңізге көп рахмет!

 

Сұхбаттасқан Қызғалдақ АЙТЖАН.