Білім

Үйдің дәмін ұсынатын үйірме

Тәттіні жақсы көрмейтін бала бар ма? Қарағанды қаласындағы Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығында өзгеше дәстүр сақталған. Балалар үйіндегі көп үйірмелердің бірі «Ас – адамның арқауы» атты үйірмесі. Тәрбиеленушілерді кәсіби бағдарға бағыттау мақсатында «Болашаққа бағдар» атты жоба жұмыс жасайды. Жоба аясында балалар үйі Қарағанды сервис және тамақтану колледжімен байланыс орнатқан. Колледж студенттері арнайы келіп, шеберлік сағаттарын өткізеді.

2021 жылдың қазан айында Балалар үйінде «Аяла» қорының демеушілігімен «Аспаз» және қонақ күту бөлмелері ашылған болатын. Бөлмеде барлық жағдай жасалған. Тағамның түр-түрін жасауға барлық құрал-жабдықтар табылады. Аспаз бөлмесінің балалар үшін көмегі тіптен зор. Тәрбиеленушілердің болашақ кәсіби бағдары, яғни аспаз мамандығына тікелей жол, әрі қазіргі заманның талабына сай қосымша табыс табудың көзі ретінде қарастыруға болады. Аспаз әр кез сұранысқа ие және тұрақты табыс табуға мүмкіндік беретін мамандық.
Сонымен қатар жақсы аспаз болу үшін ұқыпты, зейінді, жинақы болу керек, есте сақтау қабілеті де жақсы болуы шарт. Осы бағдар жөнінде әңгіме жұмыстары жүргізіліп, шеберлік сағаттар өткізіліп отырады. Біздің Қарағанды сервис және тамақтану колледжімен біріккен жұмыс жоспарымыз бар. Колледж студенттері тәрбиеленушілермен түрлі іс-шаралар өткізеді: ыдысты дұрыс қолдану, салфетканы әшекейлеп қою және тамақ түрлерінен шеберлік сағатын өткізеді.

Демалыс күндері балалар тәрбиешінің бақылауымен аспаз бөлмесінде түрлі тағамдар дайындайды. Ұннан жасалатын тағамдар, тәтті пирогтар, торттың түр-түрі, бәліш, бауырсақ, бутерброд, құймақ түрлері, шелпек және көкөніс түрлерінен жасалатын түрлі салаттар, сонымен қатар, еттен жасалатын ыстық тағам түрлерін әзірлейді. Балалар асқан қызығушылықпен тағам әзірлеуге көмектеседі. Демалыс күндері жақындағанда, интернет желісі арқылы түрлі рецептерді қарап, соның ішінен таңдағанын әзірлейді.

Туған күндерде осы арнайы бөлмеде тағамдарды дайындап, қонақ бөлмесінде өткізеді. Балалар өздері дастарқан жайып, ыдыстарды қойып, ас үй құралдарын реттейді. Осы тұста колледж студенттері берген сабақтар тәрбиеленушілердің керегіне жарайды. Осындай игі істер – тәрбиеленушілер келешегі үшін аса қажет дағды деп білеміз.

Жұпар ЖҰМАҒАЗИНА,
Озипа САМЕНБАЕВА,
Меруерт АШЫҚБАЕВА,
ерекше білім беру қажеттілігі
бар балаларды қолдау
орталығының тәрбиешілері

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button