Жаңалықтар

ІТ сыныбы – технология мекені

Облыс әкімі Ерлан Қошановтың арнайы тапсырмасымен ауданға «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова іссапармен келді.

Қала басындағы Ә.Ермеков атындағы №2 орта мектептегі Білім күніне арналған іс-шараға қатысты. Алдымен, аудан әкімі Халел Мақсұтов ауданда білім саласына жіті көңіл бөлініп отырғандығын, мектептерді кең жолақты интернет желісіне қосуға, жаңа модификациялық пән кабинеттерін алуға бөлінетін қаражаттың жыл сайын артып келе жатқандығын тілге тиек етті. Биылғы жылы да мектептердің материалдық техникалық базасын нығайтуға 215 млн. теңге бөлінгендігін, білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлу нәтижесінде өткен оқу жылында 12 түлектің «Алтын белгіге», 5 түлектің үздік аттестатқа ие болып, 113 түлектің жоғары оқу орнының грантын жеңіп алғандығын жеткізді. Биылғы жылы 650 бала мектепке қабылданды. Аудандағы білім саласында атқарылып жатқан оң істерге қаныққан Қадиша Базарбайқызы мектеп оқушылары мен ұстаздарын жаңа оқу жылымен құттықтай келе, тәуелсіз еліміздің ертеңі, кемел келешегінің кепілі білімді ұрпақ тәрбиелеуде Елбасының нақты тапсырмаларын айтып, қолда бар мүмкіндікті білімді ұрпақ пен білікті маман тәрбиелеуге жұмсау керектігін айтты. Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясы аясында оқушыларға оқу құралдары толтырылған портфельдерді табыстап, сәттілік тіледі.

Салтанатты жиыннан соң партиялық жоба аясында оқушылар игілігіне берілген IT сыныбының ашылуы болды. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басым бағыттың бірі – цифрландыру. Сол себепті де еліміздегі өндірістік, әлеуметтік құрылымдар мен білім беру мекемелерін жаппай цифрландыру тапсырмасына орай, жер-жерлерде мектептерде жаппай IT сыныптары ашылуда. Шараға қатысушылар аталмыш сыныптарда оқушылардың жасап жатқан жұмыстарымен танысты. Қадиша Базарбайқызы жаратылыстану ғылымдары мен физика-математика пәндерін негізге ала отырып, заманауи технологияны игеруге ынталы жастарға жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін, әрі оны жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясы қолдау көрсететіндігін жеткізді. Соңғы үлгідегі компьютерлермен, жоғары жылдамдықтағы интернетпен, веб бағдарламалармен жабдықталған, арнайы пластик материалдан түрлі мүсіндерді жасайтын 3D принтерінің мүмкіндігімен де танысты.

Қала басындағы М.Бәпиұлы атындағы №44 орта мектеп пен интернатты аралап, материалдық базасымен танысты. Сондай-ақ, балалар кітапханасы ішінен ашылған коворкинг орталықта ардагерлер және жастармен кездесіп, өрелі әңгіме өрбітті. Қ.Оспанова Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс көлемінде атқарылып жатқан ілкімді істермен таныстырды, алдағы уақытта да тың технологияны пайдаланып, кедергісіз кеңістік аша отырып, халыққа қажетті жағдай жасау керектігі басты мақсат екендігін айтып өтті. Осы орайда, аудан басшысы да, осындай сыныптың Егіндібұлақ селосындағы №43 орта мектепте де ашылғандығын айтып, ауданда жасалып жатқан ауқымды шараларды тізбектеді. Солардың бірі, ауданда жастар саясатының дұрыс жолға қойылғандығы, әрі оларды қолдауда нақты бағдарламалар бекітіліп, жүзеге асып жатқандығын жеткізді. Осы орайда, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Асылан Рахымбергенов алдағы уақытта аудан әкімінің тікелей қолдауымен аудандық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, коворкинг орталығы ашылатындығын жеткізді. Аудандағы волонтер ұйымының жетекшісі Дәурен Рахымбек те өзінің атқарып жатқан жұмыстарын егжей-тегжейлі баяндап берді. Қала тұрғыны ардагер өлкетанушы Саят Оспанов қасиетті мекеннің тарихын зерттеуде тер төгіп жүргендігін, құнды дүниелерін тарихи жәдігер ретінде ұрпаққа табыстау мақсатында кітапханаға жиі келетіндігін, әрі электронды кітапхана жүйесіне енгізуді көздеп отырғандығын жеткізді. Кездесу барысында қоғамдық кеңестің төрағасы Тілек Сәдуақасов ауданның тыныс-тіршілігімен танысуға арнайы келген Қадиша Базарбайқызына алғысын айтты. Еркін отырыс болған ашық алаңда Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясаты кеңінен сөз болып, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында халық ынталы, жастар жігерлі болса, алға қойған асыл мұраттарға да нық қадам басамыз десті.

Жалпы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Қадиша Оспанова ауданда атқарылып жатқан іргелі жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы уақыттарға толағай табыстар тіледі.

Сағыныш Әбілова,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button