Бас тақырып

Инвестициялық мүмкіндік: Қарағанды көш бастап келеді

Қарағанды облысы – өңдеуші өнеркәсіп көлемі бойынша елімізде көшбасшы. Ал, бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша рейтингте өңір екінші орынға көтерілді. Бұл туралы «Qaragandy Business-2023» форумында айтылды. Форумға қатысушылар «Бизнес-климатты жақсарту үшін тағы не істеу керек?» деген сұраққа жауап іздеп қана қоймай, сонымен қатар, экономикалық өсудің мүмкіндіктері туралы сөз қозғады.

Форумға отандық тауар өндірушілер, бизнес-қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту институттары жиналды.  Олар байланысты нығайту, аймақтың даму перспективалары мен инвестициялық мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар, форумда машина жасау мен туризмді дамытуға баса назар аударылды. Бұл салалардың болашағы секцияларда егжей-тегжейлі қарастырылды.

Сондай-ақ, Қарағанды облысында өндірілетін тауарлардың арнайы көрмесі ұйымдастырылды. Отандық өнімді мәшһүр еткен көрмеге жиырмадан астам жергілікті компания өз өнімдерін шығарды.

Пленарлық отырыста облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Стратегиялық бастамалар орталығының аға серіктесі Олжас Құдайбергенов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Абдолла, «Атамекен» ҰКП атқарушы директоры Алматы Асқар сөз сөйледі.

– Біздің аймақ өндірістен бастап, бастап­қы және қайта өңдеуге дейінгі барлық өндіріс циклін қолдауға және қамтамасыз етуге маманданған. Біз одан да жоғары өндірістерге қызығушылық танытамыз және бұл үшін жағдай жасалған. 1,5 трлн. теңгеге 56 инвестициялық жобаның пулы құрылды, оның 33-і өңдеу өнеркәсібінде. Креативті индустрияларды дамытуда, әсіресе, IT-салада зор әлеуетті көріп отырмыз. Бізде «Террикон алқабы» IT-хаб жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Бұл – талантты және креативті жастарды жинайтын алаң. Мысалы, KZ Tranzit зауыты қазір инженерлік пластмассаларды 3D нұсқасында басып шығарумен, сынған бөлшектерді қалпына келтірумен және тіпті, медициналық импланттарды жасаумен айналысады.

«Жол қалай» жобасы – жолдардағы шұңқырларды автоматты түрде анықтай алатын қалалық жол жамылғысын бақылау жүйесі. Мұнда жүйе патрульдік қызмет пен жедел жәрдем көліктерінен бейнетіркегіштер арқылы деректерді қабылдайтын болады. Бұл ақпарат коммуналдық қызметтерге нақты уақытта жолдарды бақылауға мүмкіндік беретін картада көрсетіледі. Барлық жобалар назар аударуға лайық, бірақ, олардың іске асуы инвестиция тартуға байланысты екені белгілі, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі біздің өңірде еліміздегі кокстелетін көмірдің барлығын, жылу көмірінің үштен бірін, түсті металдың 16 пайызын, асыл металдың 15 пайызын және ферроқорытпалардың 5 пайызға жуығын шығаратынын жеткізді.

– Мұнда «Шұбаркөл көмір», «Қазақмыс» сияқты трансұлттық компаниялар жұмыс істейді. Облыста одан әрі дамыту үшін қатты пайдалы қазбаларды барлау және өндіру бойынша әлеуетті 390 учаске бар. Бұл – көмір, алтын, темір-марганец, полимерлер және тағы басқа кен орындары. Біздің облыс өндіруден бастап бастап­қы және қайталама өңдеуге дейінгі бүкіл өндірістік циклді қолдауға және қамтамасыз етуге маманданған.

Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша республикада алдыңғы қатардамыз. Жұмыртқа өндіруден үшінші, картоп өндіруден төртінші, сүттен жетінші орындамыз. Біздің өндірушілер облысты ғана емес, басқа да өңірлерді азық-түлікпен қамтамасыз етуде.

Сондықтан, көкөніс пен картопты өңдеу, ет өңдеу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларының терісі мен жүнін өңдеу саласындағы жобаларға қызығушылық танытар едік, – деп атап өтті облыс әкімі.

Қарағанды облысы – туризмге сұранып тұрған аймақ. Мұнда ТОП 10 кіретін Балқаш, ТОП-50 кіретін Қарқаралы бар. Ендігі мақсат – жаңа инвесторлар тарту.

– Тағы бір әлеуетті бағыт – туризм. Біз тартымды туристік бағыттарды, сонымен қатар, жоғары деңгейдегі қызмет көрсету мен жоғары сапалы логистиканы туризмді дамытудағы табыс деп санаймыз. Қарқаралы ауданы мен Балқаш – облыстың басты туристік аймақтарының бірі. Қазір біз автобан құрылысын аяқтауға жақынбыз. Бұл бірегей көл жағасында әдемі демалысты ұйымдастыруға жол ашады. Қарқаралы өңіріне баратын 50 шақырым жол жөнделді, келер жылы тағы 50 шақырымын жөндейміз. Осылайша ондағы 70 гектар жерді туристік бағытқа дайындаймыз. Жобаға қызығушылық танытқан инвесторлармен жұмыс істеуге дайынбыз. Биыл өңірде 7 демалыс аймағы ашылған, келесі жылы тағы 7 демалыс орны өз жұмысын бастайды. Онда 1,5 млрд. теңге инвестиция салынған. Қарағанды облысы 1 жыл ішінде бизнеске қолайлы жағдай жасаудан 5-орыннан 2-орынға көтерілді. Мұны Жоғары аудиторлық палата өкілдері растап отыр. Облыстың туристік бағытына 2 ұлттық табиғи парк – Қарқаралы және Бұйратау және 2500-ден астам тарихи және мәдени ескерткіштер кіреді, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Өңірде кәсіпкерлікке оң көзқарас қалыптасқан. Шағын және орта бизнестің 5 мыңға жуық жобасы қаржылық қолдауға ие болды (гранттар, жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар). Әрбір жоба экономиканың дамуына зор үлес қосып отыр.

Сонымен қатар, инвесторларға ыңғайлы болу үшін инвестициялық жобаларды қолдау бойынша қызметтердің толық пакетін ұсынатын Сервистік орталық іске қосылды.

Кәсіпкерлердің пікірінше, мұндай кездесулер тек өзін таныстыруға ғана емес, өзара тиімді байланыс орнату үшін қажет.

– Біздің зауытымыз «Сарыарқа» АЭА-да орналасқан. Біз резеңке металл төсем шығарамыз. Инвесторлар үшін барлық жағдай жасалуда. Өз алаңымыз­ды, өнімдерімізді кеңейтіп жатырмыз. Құю зауытын салу үшін тағы да жер телімін алдық. Бұл – жаңа жұмыс орындары дегенді білдіреді. Қазір кәсіпорында 72 адам жұмыс істейді, ал, жаңа өндіріс орыны ашылғаннан кейін жұмысшылар санын 200-250 адамға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер Қуандық Қазанғапов.

Облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Асқар Оразбеков болса:

– Біздің компания қазіргі кезде бірнеше жаңа жобаларды қарастырып жатыр. Қазір бізде 200-ден аса адам жұмыс істейді. Оның көбі – Қазақстан азаматтары, – деді.

Тағы бір маңызды тақырып – елішілік құндылықты дамыту тетіктерін жетілдіру. Отандық өндірушілер тауарлар мен қызметтерді сатып алу жоспарларымен танысып, байланыс орнату үшін форумға «Қазақмыс» компаниясының өкілі арнайы шақырылды.

Форумда Қарағанды облысының әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС арасында елішілік құндылықтарды дамытуда өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Айта кету керек, соңғы жылдары 5 мың бизнес жобаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 23 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде шағын және орта кәсіпорындар өндірген өнім көлемі 3,5 есеге артты. Осы салада 240 мыңға жуық азамат нәпақасын тауып отыр.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button