Жаңалықтар

Ғимараттар қызметке дайын

Сейсенбі күні облыстың білім басқармасының басшысы Есенғазы ИМАНҒАЛИЕВ елді мекендердегі мектептерге жүргізілген жөндеу жұмыстары жөнінде мәлімдеді. Биыл білім беру нысандарын жаңа оқу жылына сапалы дайындау мақсатында жалпы сомасы 6,3 млрд.теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары биылғы 1 маусымда басталды. Облыстың білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, биыл 227 білім беру нысандарында (Абай, Ақтоғай, Жаңаарқа, Нұра, Осакаров, Ұлытау, Қарқаралы аудандары, Қарағанды, Теміртау, Приозерск, Шахтинск, Саран, Балқаш, Сәтбаев қалалары) жөндеу жұмыстары аяқталды.

МАТАҚТА МЕКТЕП ЖАБЫЛМАЙДЫ

Бұған дейін облыстық білім басқармасына Қарқаралы ауданына қарасты «Матақ ауылындағы мектеп неге бос тұр?» деген сауал жолданған болатын.

Облыстың білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, мектепті бос тұр деп айтуға негіз жоқ. Матақ ауылы қай жағынан алсақ та, болашағы үлкен ауыл. Қазіргі уақытта ауылда 500 тұрғын бар. Оның 105-і балалар. Оның үстіне жаңартылған білім бағдарламасына сәйкес, балалар тек бір кабинетте отырып оқымайды.

Осы мақсатта мектептің құрылысына облыстық бюджеттен 240 млн. теңге қаражат бөлінді. Матақ ауылындағы №15 мектеп 2009 жылдың 4 желтоқсанында пайдалануға берілген (аяқталмаған мектеп ғимаратының негізінде).

2018-2019 оқу жылында барлығы – 91 оқушы білім алады. 23 бала балабақшаға барады. Мектепте 26 мұғалім жұмыс жасайды. Кадр тапшылығы жоқ.

Жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі мектеп оқушыларына ыңғайлы жағдай жасауға және кабинеттік жүйеге көшуге мүмкіндік берді. Сыныптар 3 интерактивті тақтамен және 2 «проектор-экран-компьютер» жүйелерімен жабдықталған.

Бос уақытты ұйымдастыру және балаларды жан-жақты дамыту мақсатында мектеп ғимаратының төрт кабинетінде 12 орынға арналған «Саз» музыкалық мектебінің филиалы қызмет атқарады. Бұдан басқа мектепте 4 үйірме (шахмат, волейбол, өлкетану, өнер) жұмыс істейді.

Сондай-ақ, қазіргі таңда Матақ ауылында балалардың дүниеге келуінің ұлғаюы байқалатындығын атап өткен жөн.

ТҰЗДЫ МЕКТЕБІ ЖҰМЫСЫН БАСТАЙДЫ

Ал, Бұқар жырау ауданындағы Тұзды мектебіне (144 оқушы) жөндеу жұмыстары 2018 жылғы 30 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс деп жоспарланған. Облыстың білім басқармасы басшысының айтуынша, осы дүйсенбіден бастап Тұзды мектебінің оқушылары сабақтарын бастайды.

Айта кеткен жөн, мектеп 1975 жылы пайдалануға берілген. Үш блоктан тұратын ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары 43 жыл бойы жүргізілмеген. Бұған дейін шатырдан су аққан, электр сымдары, терезелер және жылу жүйесі ауыстырылмаған.

Жалпы ата-аналар жиналысында атааналар балаларын Мұстафин мектебіне тасымалдаудан бас тартқандықтан, Тұзды ауылындағы оқытуға қолайсыз, екі қабатты «Арғын» ШҚ ғимаратында екі ауысымда сабақ өткізу жөнінде шешім қабылданған болатын.

Осы мақсатта Бұқар жырау ауданы бойынша, алдымен, Тұзды мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін биыл облыс бюджетінен 107,9 млн. теңге бөлінген. Мердігер ұйым жөндеу жұмыстарын биылғы жылдың 10 тамызында бастағандықтан, бүгінгі таңда 150 терезенің 78-і ауыстырылып, мектеп ғимаратының екінші және үшінші қабаттарына кабель-канал тарту жұмыстары аяқталды.

Қазіргі таңда мектепте 155 оқушы білім алады. Оның 11-і – 11 сынып түлектері.

Аяулым СОВЕТ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button