Халық қалаулысы кітапханаға тарту жасады
Шет ауданының 90 жылдығына арналған торқалы той қарсаңында жерлесіміз, халық қалаулысы, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ Шет ауданында, тағы бірнеше аудан, қалаларда сот төрағасы қызметін абыроймен атқарған әріптесі, заң ғылымдарының кандидаты, ауданымыздың сыйлы азаматы Бақытбек СЫЗДЫҚОВПЕН аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне арнайы келіп, кітапхананың тыныс-тіршілігімен танысып, оқырмандармен дидарласып, сұрақтарына жауап берді.
Біз, халық қалаулысының кітапқұмар екендігін, жоғарғы жақта кітапхана мен кітапханашылардың мәселелерін көтеріп жүргенін жақсы білеміз. Елдің дамуы, мәдениеттің өркендеуі үшін рухани орданың беделін жоғарылату керектігін Үкімет үйінде көлденең тартқан да осы Нұрлан аға.
Халық қалаулысына оқырмандар аудан орталығына кең, сәулетті, заманауи кітапхана ғимараты керектігін, кітапхана мәдениет үйінің бір жақ шетінде орналасқанын, кітап қорын сақтайтын жердің, оқырмандар, интернет залдарының, «Коворкинг» орталығының керектігін айтып, балалар кітапханасының қолайсыз жерде тұрғандығын жеткізді. Кездесуде қадірлі академик, ғалым, жерлес ағамыз айтылған өтініш сұраныстардың ретті, өте маңызды мәселе екенін, кітап оқу деңгейін көтеру керектігін, айтылған өтініштер бойынша әлі де кітапхананың мәселелерін көтеретіндігін, кітапханаларға қолдау көрсететіндігін айта келе, кітапханаға кезінде өзі басқарған Қарағанды маңызды білім беретін «Болашақ» университетінің «Болашақ-Баспасынан» шыққан әр сала бойынша 180 дана кітапты сыйға тартты.
Сыйға тартылған кітаптар: «Ерекше лагерьлер», «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» – саяси қуғын-сүргін тақырыптарына арналған материалдар жинағы, «Мағлұмат – Мәшһүр Жүсіп Көпеев», «Сәкен Сейфуллин», «Бұқар жырау», «Қаз дауысты Қазыбек би» энциклопедиясы, «Әлемдік тұлға Әлихан Бөкейхан және тәуелсіздік тағылымы», «Жүніс Әміре», «Қазақтың шертпе күйлері», «Қаржы» мамандығына арналған математика, «Ақпараттық – комуникациялық технологиялар: теория және практика», «Қылмыстық істер бойынша сот тергеуі» сияқты оқу құралдарымен қатар, «Қарағанды облысындағы венгер әскери тұтқындар», «Қазақ әдебиетіндегі Шыңғыс хан тұлғасы», «Религиоведение», тағы басқа кітаптар тарту етті. Қайда жүрсе де туған жерін, өскен ортасын ұмытпаған халық қалаулысына алғысымыз шексіз!
Мейрамкүл НҰРПЕЙІСОВА,
орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры.