Гимнастерка. Ақырет. Кие

Жеңіс күнінде гимнастерка киген жұдырықтай бала көрсем, шошимын. Мектеп түгілі, балабақшадағы балдырғандарға соғыстың жасыл гимнастеркасын, басына бесжұлдызды пилоткасын кигізіп қою — не сән осы? Гимнастерка мен пилотка – бренд емес. Ол – Ұлы Отан соғысындағы әскери форма. Оны жетіскеннен киген жоқ азаматтар. Соғыста сол гимнастерка мыңдаған жауынгердің ақыреті мен кебініне айналды…

Негізі, ырымшыл елміз ғой. Гимнастеркалы бала көрсем, аза бойым қаза болатыны содан. Одан соғыстың иісі шығып тұратын сияқты маған. Соғыстың салқыны соғып тұрғандай сезіледі. Көз алдыма кинодан көрген қияметті соғыс жылдарының елесі келеді. Содан қорқамын.

Ұрпаққа соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетуді гимнастерка кигізбей-ақ сіңірсек етті.

Әр заттан пайда тауып, жоқ затты тауар қылған капиталистік қоғам үшін қасиет пен қадірдің құны – қара бақыр. Дегенмен, заман солай екен деп, тақияны теріс кию – әркімнің өре, деңгейін көрсетеді. Ал, сол «жұмыртқадан жүн қырыққан» қуларға жем болып, балаларға соғыс киіміне тапсырыс беріп отырғандардың санасы соқыр ма сонда? Әлде мен жаңылыс айтып отырмын ба?

Не десек те, өз басым балаға соғыс гимнастеркасын кигізуге жан-тәніммен қарсымын!

Кигізгіміз келіп бара жатса, қазақтың бөркі, топысын, ұлттық нақыштағы желеткесін, бешпетін кигізейік. Баяғыда әжем марқұм, шешеміз үйдегі бала атаулының бәріне бір-бір шапан тігіп беретін. Шап-шағын ғана. Желбегей киіп алып шауып жүретін едік. Бұл үрдіс – шөберелері дүниеге келген кезде де жалғасты. Тіпті, әлі күнге дейін бар сол шапандары. Есесіне, шапанның ұлттық киім екенін, қадірлі екенін санамызға құйып алдық. Содан шығар, қазір шапан көрсек, ішіміз жылып қоя береді. Төбемізге көтеріп, төрге іліп қойғымыз келеді.

Гимнастеркада не бар?! Гимнастеркада баласынан айырылып аңыраған ананың зары, жарынан жастай қалған жесірдің, әкесін іздеп кемсеңдеген жетімнің мұң-қасіреті, өспей жанып, өшкен жастың арман-үміті, ата-бабаның қаны бар!

Енді осыдан кейін гимнастерка кигізу балаға жөн бе, жөн емес пе? Өзіңіз бағамдарсыз. Біз көкірегімізде талайдан қордаланып, айтылмай жүрген ойды шығардық бүгін. Әркім өзіне керегін қажет қылса, алар. Қылмаса, «Өз сөзім – өзімдікі» (Абай).

Қызғалдақ Айтжанова,
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің
бөлім меңгерушісі