Мәселе

Газ бағасының қымбаттауына байланысты тергеу басталды

Бірнеше күннен бері Маңғыстау өңірінің халқы 120 теңгеге қымбаттаған сұйытылған газдың бағасын 50 теңгеге түсіруді талап етіп, наразылықтарын білдіріп жатыр. Ал, салаға жауапты Энергетика министрлігі нарықтың тартымдылығын арттырып, инвестиция құю үшін қолданыстағы тарифті көтеруден басқа амал жоқ екенін айтты.

Тариф саясатын қайта қарастыру қажет

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, еліміздің ішкі нарығына қажетті сұранысты өтеу үшін сұйытылған газдың ресурстары жеткілікті, сондай-ақ Қазақстан газ бойынша нетто-экспорттаушы саналады. Жергілікті тұтынушыларды қолдау үшін газдың бағасы реттеліп, тоннасына 38 мың теңге деңгейінде белгіленіпті. Бұл ретте Қазақ Газ өңдеу зауытында сұйытылған газ өндірісінің өзіндік құны тоннасына шамамен 100 мың теңгені құрайды. Ведомство басшысы республика бойынша сұйытылған газдың ең төменгі бағасы Маңғыстау өңірінде екенін айтты.

«Төмен деңгейдегі тариф газ өндірісін ұлғайтуды ынталандырмайды. 2020 жылы ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамту үшін 1,4 млн. тонна сұйытылған мұнай газы өндірілді. 2021 жылы ішкі нарықтағы сұйытылған газды тұтыну 1,6 млн. тоннаға дейін өсті. Бұл орайда газ өндірісі ұлғайып жатқан жоқ. Ал, тозығы жеткен зауыттардың жиі жөнделуі жалпы өндірістің төмендеуіне әкеліп жатыр. Бұл шикізатты өндіруді кеңейту үшін бүгінде қандай да бір инвестициялық тартымдылық жоқ. Нәтижесінде, бұл тұтынудың тұрақты өсуі аясында тапшылыққа алып келді. Әсіресе, оның 2021 жылы күшейгені байқалды. Себебі, 2019 жылдан бері сұйытылған газға ауысқан автокөліктер саны биыл шамамен 2 есеге өсті», – деді М.Мырзағалиев.

Бензин бағасымен тікелей байланысты

Министр айтқандай, әлемдік тәжірибеде сұйытылған газдың бағасы мұнай бағасымен тікелей байланысты. Айталық, АИ92 маркалы бензиннің құны литріне 182 теңгені құрағанда газдың нарықтық құны шамамен 127 теңге болуға тиіс.

Жаңаөзендегі жағдайға тоқтала келе ведомство басшысы Маңғыстау облысындағы ай сайынғы тұтыну көлемі 18 мың тоннаны құрайтынын айтты. Атап айтқанда, бұл көлем «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС 14,5 мың тонна және «Атырау МӨЗ» ЖШС 3,5 мың тонна есебінен өтеледі. Осы ретте өңірдегі автокөліктердің шамамен 90%-ы газды пайдаланатынын айта кеткен орынды. 2021 жылдың 20-25 желтоқсанында өткізілген сауда қорытындысына сәйкес жанармай құю стансаларына сатып алу бағасы: ҚазГӨЗ – тоннасына 130 684 теңге немесе литріне 77 теңгеден, сондай-ақ АМӨЗ – тоннасына 109 872 теңге немесе литріне 65 теңгеден белгіленді.

М.Мырзағалиев логистикалық шығындарды ескере отырып, Маңғыстау облысының жанармай құю стансалары үшін газдың өзіндік құны тоннасына 136 723 теңге немесе литріне 80 теңге шегінде қалыптасқанын жеткізді. Өңірдегі ағымдағы бөлшек сауда бағасы литріне 100 теңгеден 120 теңгені құраған. Сәйкесінше, газ стансаларының маржасы литріне 20-40 теңгені немесе 25-50%-ды құрады.

«Қаңтардағы көтерме сауда-саттық деректерін талдай отыра, біз бөлшек сауда бағасы тоннасына 120 мың теңге деңгейінде қалыптасқанын байқадық. Бұл, біздің ойымызша, күткеннен де жоғары саналады. Осы жағдай жанармай құю стансалары арасында баға алыпсатарлығы туралы болжам жасауға негіз береді. ЖМҚС иелеріне қатысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қолдан жасалған қымбатшылыққа қатысты тергеуді бастады. Қазір Маңғыстау облысының ЖМҚС иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын литріне 100- 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұдан басқа, ұзақмерзімді баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және баға дәліздерін белгілеу жолымен газ бағасының алыпсатарлық ауытқуына жол бермеу жөніндегі жүйелі шаралар іске асырылатын болады. Былтыр желтоқсанның соңында бағаның күрт өсуін болдырмау үшін Энергетика министрлігі көтерме сауда сауда-саттық ережелеріне 10%-дың орнына бағаның 3%-дық деңгейіне дейін өсуіне шектеу қойған еді», – деді еліміздің бас энергетигі.

Жаңа газ өңдеу зауыты салынады

2017 жылы Энергетика министрлігі орта мерзімді перспективада газдың ықтимал тапшылығын болжағандарын айтады. Бұған себеп ретінде газдың төмен бағасы, тұтынудың белсенді өсімі және өндірісті одан әрі дамыту мүмкіндігінің қарастырылмауын алға тартты. Осыған байланысты сұйытылған газ нарығын біртіндеп либерализациялау туралы шешім қабылданды. Бұл үшін 2018 жылы «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңға газды электронды сауда алаңдары арқылы сатуға 2019 жылдан бастап кезең-кезеңімен өтуді көздейтін түзетулер енгізілді. Демек, жаңа жылдан бастап тиісті заңға сәйкес газ саудасы тауарлық биржалар арқылы 100% көлемде іске асырылады.

«Электронды сауда-саттық арқылы газды сату нарықтың барлық қатысушысы үшін тең жағдай жасайды. Электронды сауда көші сұраныс пен ұсыныс негізінде ТМДдағы бағаны теңдестіруге мүмкіндік беріп, бұл өндірушілер үшін тартымды жағдайлар белгілеуге мүмкіндікке жол ашады және болашақтағы өндірістік көрсеткіштерді дамыту үшін инвестициялар тартуға септігін тигізеді. Нарықтық тетіктер бәсекелестіктің дамуына оң әсер етіп, делдалдық фактілердің алдын алады, сол секілді баға саясатына, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай туғызады. Осы шаралар арқылы «ҚазМұнайГаз» ҰК Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауытының құрылысына инвестиция салуға шешім қабылдады. Қазіргі зауыт 90% тозғанын атап өткен орынды. Жоғарыда айтқанымдай, төмен баға тұтынудың айтарлықтай өсіміне, сондай-ақ өндіруші зауыттар үшін шикізатты өндірудің тартымсыздығына алып келді және кейіннен осы саланың ықтимал жоғалуына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, көрші елдерде газ бағасы айтарлықтай жоғары болған кезде, тиісті бақыланатын органдар ішкі нарықтың қажеттіліктеріне арналған газды елден тыс жерлерге заңсыз әкетудің бірнеше фактісін анықтады», – деді министр.

Тексеруден соң шешім қабылданады

Мұнайлы өлкенің халқы қажетті отынның бағасын 50-60 теңгеге түсіруді талап етіп отыр. Алайда, жанармай құю стансалары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында көгілдір отынды 85-90 теңгенің аралығында жіберуге дайын. Мұның себебін министр былай деп түсіндірді.

«Жаңаөзенде орналасқан Қазақ Газ өңдеу зауытында газдың 1 тоннасы 98 мың теңгені құрап отыр. Бұл литрмен айтқанда, 60-70 теңгеге тең. Оған логистиканы қосыңыз. Сонда газ тарату стансаларындағы газдың өзіндік құны шамамен 80 теңгені құрайды. Оны өзіндік құннан төмен деңгейде сатуға болмайды. Бұл тығырыққа әкеледі. Сондықтан, бұл саланы дамыту мақсатында осы салаға инвестиция тарту үшін қолданыстағы зауыттарды осы жағдайда сақтағымыз келсе, газдың бағасын арзандатуға болмайды. Станса қожайындарының бастамасы – әлеуметтік бастама, өз маржасымен бөлісіп, 100-120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін азайту. Біз осы бастаманы қолдаймыз. Ал, тексеру жұмыстары жүргізілген соң, нақты рентабельділігі анықталып, шешім қабылданады», – деді сала басшысы.

Жауапты ведомство басшысы бұл бағыттағы ақпараттық-насихат жұмыстарының кемшілігін жоққа шығармай, олқылықтың бар екенін мойындады. Таң қаларлығы сол, тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында елімізге аты белгілі ұлттық компания Жаңаөзендегі кәсіпорнын бірде-бір рет жаңарта алмаған.

Аталаған мәселеге байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Премьер-Министр құрған үкіметтік комиссия өңірге келіп, өз жұмысын бастады. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен отырыс өтіп, оған Президент әкімшілігінің, Энергетика министрлігінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, жергілікті атқарушы органдардың, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның өкілдері және басқа да мүдделі тараптар қатысты. Комиссия барлық тарапты қанағаттандыратын өзара қолайлы шешім қабылдау үшін өзекті мәселелерді жан-жақты және жүйелі түрде қарамақ.

Жақсылық САҒАДАТ,

«Egemen Qazaqstan».

Басқа материалдар

Back to top button