Этносаралық келісім моделі

Қазақстан өзін этносаралық келісім орнаған ел ретінде көрсетті. Дегенмен, түрлі ұлт өкілдері арасында сирек болса да қақтығыстар бар. Осыған байланысты елімізде әлеуметтік шиеленіс картасы жасалды. Бұл картаның мәні – азаматтық секторда. Яғни, қоғамда орын алатын кикілжіңдер мен келіспеушіліктерді жоюға немесе оның алдын алуға барынша жұмылдыру. Сол арқылы ұлтаралық келісімді нығайту көзделеді. Демек, азаматтық сектор тұрақтылықтың тірегі болуы тиіс.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова 2020 жылғы қақтығыстар кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясына талай сын айтылды дейді. Азаматтық қоғамның бір бөлігі ретіндегі Ассамблея осы мәселені шешудің бірқатар жолдарын айтады. Олардың дені – бейресми.

Мәселен, солардың бірі – ауылдар мен аудандардағы ақсақал кеңестері. Бұл институт оңтүстік облыстардағы ауылдық жерлер де тән. Дегенмен, қақтығыстар осы аймақтарда жиі болып тұрады. Мұның бәрі аймаққа және тұрғындарға байланысты. Бірақ, біразында ақсақалдар беделге ие болса, бірінде, өкінішке орай, ақсақалдар кеңесі деген атауы ғана.

Зерттеу нәтижелері Алматы және Жамбыл облыстарында аға буын өкілдері өздерінің көзқарасы мен кеңесіне жастар аса мән бермейтінін айтқан. Себебі, ақсақалдар жастардың түрлі мәселелерін шеше алмайды. Ал, қарттар болса, жастар өздерін құрметтегенімен, айтқандары бойынша өмір сүргілері келмейтінін айтады.

Екіншісі – көше комитеттері. Бұл тұрғылықты жерге байланысты қалыптасады. Яғни, бір көше өздеріне көше басшысын сайлайды. Ал, ол өзара қарым-қатынасты реттейді. Басқаша айтқанда, қақтығыстардан бөлек, сол көшеде тұратын адамдардың тұрмыс жағдайына дейін біліп, керек болса қайырымдылық шараларын да ұйымдастырады.

Жалпы, этносаралық қақтығыстарды реттеудің ең көп таралған түрі – ақсақалдардың келіссөздері, көпшілік алдында кешірім сұрау және зардап шеккен тарапқа материалдық көмек. Қақтығыс болған жағдайда қоғам Ассамблеядан кешірім сұрауды талап етеді. Сол кезде шынымен де ҚХА қақтығыстарды шешуге қатысатынын көреді. Негізі, кешірімге қатысты түрлі пікірлер болғанымен, әлемдік тәжірибеде бұл татуласу қадамдарының бірі болып саналады. Бірақ, ақсақалдар арасындағы келіссөздер институционалды және нормативтік сипатта емес. Полиция қызметкерлері болса, қақтығысты өздерінше шешеді. Мысалы, Қордай қаласында жаппай тәртіпсіздік орын алғанда, ақсақалдар арасындағы келісімнің құқықтық сипаты жоқ екені, ал, құқық қорғау органдары жағдайды әрі бақылай алмайтыны көрінді. Бұл жерде дәстүрлі әдістің жүрмейтіні байқалған.

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымында жанжалдарды шешетін медиация кабинеттері, медиаторлар пулы, аналар кеңесі, Қоғамдық келісім кеңестері бар. Бірақ, бұл институттар алдын алу сипатында ғана болғандықтан, қақтығыс басталып, шиеленіс күшейе түскенде олардың жұмысы да тоқтайды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин Ассамблея идеологиялық, ақпараттық-түсіндіру, этно-мәдени бірлестіктермен өзара іс-қимыл, азаматтық құндылықтарды қалыптастыру, медиативті функция, қайырымдылық жүйесі тәрізді бірнеше негізгі функцияларды орындауы керек дейді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік ұйымдарды да бұл жұмысқа тарту жұмыстың нәтижелілігін арттыра түседі.

Біз әр елдімекен тұрғысынан әлеуметтік шиеленістің картасын жасадық, яғни барлық проблеманы тұжырымдадық. Бұл этносаралық жағдайға теріс әсер етуі мүмкін проблемалардың тізімі. Мысалы, ономастика, білім беру, мәдени, тілдік сипаттағы мәселелер. Сонымен қатар, біз проблемаларды қалай шешу керектігі туралы ұсыныстар әзірледік және оларды әкімдіктерге жібердік, – дейді ол.

Осыған қатысты әлеуметтік антрополог, зерттеуші Игорь Саввин «Қақтығыстар екі шарт сәйкес келген кезде пайда болады. Біріншісі – мемлекеттік, азаматтық ресурстар кейбір қақтығыстарды шешу үшін жеткіліксіз болған кезде. Екіншісі – қоғамда бейресми, этносаралық, жергілікті сәйкестіктің рөлі артқан кезде. Тиісінше, барлық күш-жігер осы екі мәселені шешуге бағытталуы керек» дейді.

Сондай-ақ, этносаралық қақтығыстарды шешуде ең тиімдісі – жергілікті өзін-өзі басқару органдары. Олар сол жерде болғандықтан, тұрғындардың қажеттілігін түсінеді, қақтығысқа қатысушыларды таниды.

Этносаралық қақтығыстарды шешуде үкіметтік емес ұйымдардың да рөлі үлкен дейді Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің профессоры Азиз Бұрханов. Оның пікірінше этносаралық қатынастарды үйлестіруде олар белсенді рөл атқаруы керек. Дегенмен, мемлекет басым рөлге ие. Сайып келгенде, бірегейлік моделін, тіл саясаты мен білім беруді қалыптастыратын мемлекеттің өзі.

Салтанат ІЛИЯШ.