Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

“Есілдің бойын ен жайлап…”

Тәуелсіздік – кемел келешектің, дербес экономиканың, сапалы ұрпақты қалыптастырудың басты кепілі. Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес», – деген еді.

Тәуелсіздік жылдарында Ұлы Даланың орталығы – киелі қазақ жерінде бейбітшілік пен өзара келісімнің, татулықтың ерекше үлгісі орнады.

1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Онда Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет екендігі, ол өз өкімет билігін толық иеленетіні, ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізетінін айта келе, Қазақстан Республикасының территориясы біртұтас бөлінбейтін және қол сұғуға болмайтындығын, тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын, мемлекеттілігін қорғау мақсатында Қарулы Күштерін құратынын тайға таңба басқандай көрсетті.

1991 жылдың 17 желтоқсанында Алматыдағы Орталық алаңда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жариялануына және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған митинг өтті. Мыңдаған адамның алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік. Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында бас тіккен азаматтардың, солардың қатарында бұл күнге жете алмай, туған Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен Желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп, еске алуды парыз санаймын. Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық.

Бауырлас Түркия мемлекеті Қазақстанның тәуелсіздігін жариялаған соң бірден танып, өздерінің тарапынан қолдауын білдірді. АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония сынды алпауыт мемлекеттер ел тәуелсіздігін 1991 жылдың соңына дейін мойындады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Егемен мемлекет ретінде халықаралық аренаға шықты. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан БҰҰ-на мүше болып қабылданды. Сонымен қоса, Халықаралық валюта қорына, Халықаралық реконструкция және даму банкіне, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық даму ассоциациясының, Инвестицияға кепілдік беретін көп жақты агенттіктің, Инвестициялық таластарды шешу жөніндегі халықаралық орталықтың, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүшесі болды.

Осыдан 30 жыл бұрын, тарихи акт – Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заң қабылданғаннан кейін ғана халқымыз өз мемлекеттігін, шынайы тарихы мен мәдениетін қайта түлетуге жігерлене құлшыныспен кірісті. 2001 жылы 18 мамырда көне түркі өркениетінің Отаны – Орхон бойынан Күлтегін ескерткіші көшірмесінің Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия ұлттық университетіне келіп орнатылуы – біздің түбі бір түгел түркінің қасиетті қарашаңырағы екенімізді талассыз дәлелдеді. Күлтегіннің тасында: «Өтүкен жерінен керуен аттандырып отырсаң, елде мұң жоқ. Өтүкен қойнауында отырсаң, мәңгі ел болып отырасың», – деп осыдан 1300 жыл бұрын бабаларымыз тайға таңба басқандай жазып, мемлекеттілік пен елдікті сақтауды өсиет қылып кетті. Ұлттық құндылықтарымызды толық түгендеудің кешенді жоспары жасалып, «Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мемлекеттік бағдарламалары қабылданып, жүздеген жылдар бойы тағдырдың тәлкегінен ауыр рухани күйзеліске ұшыраған халқымыздың тарихи жадысы мен ұлттық кодын қайта жаңғыртып, Қазақстан халқының бірегейлігін қалыптастыра алып, ұлттық идеялық жаңғыруды жүзеге асырып келеміз.

Шекарасын толық шегендеп алған Қазақ мемлекеті өркендеуде өз жолын таба біліп, өркениетке өз үлесін қоса бастады. Біздің дүниежүзілік қоғамдастықпен тереземіз тең дәрежеде қарым-қатынас жасай алатын қабілетімізді әлемдік қауымдастық мойындады, таныды, тіпті бізден үлгі ала бастады. Ұлы Даланың саяси орталығы – Нұр-Сұлтан қаласы тыныштық пен бейбітшіліктің ғаламдық орталығына айналды. Тәуелсіздік жарияланған тұста әлемдегі 4-ші ядролық қуатқа ие держава ретінде танылған Қазақ еліне халықаралық қауымдастық үмітпен қатар күдіктене де қарады. Себебі, 1219 ядролық оқтұмсықтарды 12 мың шақырымға дейін алып ұшатын құрлықаралық баллестикалық зымырандар жердің кез-келген нүктесіне қас-қағым сәтте жетіп бара алады. Әлемнің азуын айға білеген саясаткерлері күн құрғатпай Алматыға келіп жүрді. Ниеттері белгілі. Осы кезде туған халқының жарқын болашағы үшін «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай» қызмет еткен Елбасы Қазақстанды «Ядросыз мемлекет» деп жариялады.

Еліміздегі аса өзекті әрі кезек күттірмес басты мәселенің бір – тіл саясатын Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, парасатты байыптылықпен жүргізіп келеміз. Қазақ тілі мемлекет құраушы ұлттың тілі ғана емес, сонымен бірге тұрақтылықты нығайтудың факторы қызметін де атқарып, барша қазақстандықтарды бір арнаға топтастырушылық күші барған сайын бекемдене түсуде. Уақыт өте келе бұл үрдістің қалыпты жағдайға айналары анық.

Қазіргі күнде «Қазақстан-2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – болашақ ұрпаққа арналған.

Бүгінде ата-бабаларымыз арман еткен Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасы қаланды. Салмақты жүргізілген мемлекеттік саясат адамдардың көңіліне сенім ұялатып, тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге бағытталды. Өзінің отыз жылдық тәуелсіздік мерейтойын республикамыз әлемдік қоғамдастықтың қатарындағы беделді орны бар, болашаққа берік сенім бар, демократиялық және экономикалық өзгерістердің толық құқықты көшбасшысы ретінде қарсы алып отыр.

Нұртас СМАҒҰЛОВ, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың тарих факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button