Бас тақырып

“Ертегі жұбатпай ма баланы да?!”

Қарағандыдағы Қасым үйінде «Ordagen» жобасының жетек­шілігімен шыққан балаларға арналған ертегі кітаптарының тұ­сауы кесілді. Қазіргі таңда тек 11 түрлі ертегі кітабы 7 қалада та­ныстырылып, қолдаушыларын тауып жатыр.

Қарап отырсаңыз не нәрсенің барлығы тал бесіктен, тәрбиеден бастау алады. Соткасы мен соскасын қатар асынған бүлдіршіндерді қалай қазақы тәрбиеге баулимыз деп дал болған ата-ананың құлағына алтын сырға. Қазақ халқының біршама аңыз-әңгімелері осы жобаның бастамасымен жаңа заманауи нұсқада жарық көріп, жас оқырманға жол тартты. Сонымен қатар «Ordagen» мобильді қосымшасын жүктеу арқылы түрлі мультфильмдерді қазақ тілінде балаңызбен бірге тамашалап, талқылауға мүмкіндік бар.

– Мінекей, Қарағандыдай алып шаһарда осынау шағын бастамамыздың тұсаукесері өтіп жатыр. Аталмыш идеяның түпкі мақсаты қазақ тілін дамыту. Бүлдіршіндерді қазақ тілінде сөйлеуге талпындыру. Адами құндылық, танымдық құндылық, ұлттық құндылық және қоршаған орта құндылықтары деп негізгі құндылықтарды 4 топқа бөлдік өзімізше. Осы құндылықтардың төңірегінде жас буынның жадында тез жатталып қалатын түрлі жан-жануарды сөйлету арқылы біз қоршаған ортаны ластамау, үлкенге құрмет көрсету, жалған айтпау сынды негізгі тәрбиеге мән бердік. Қазір қарап отырсаңыз орыстың «Маша мен аюы» балалар санасына түбегейлі сіңіп қалған. Осыны пайдалана отыра біз сол аюды таза қазақыландырып «Берке аю» атты кітап етіп жарыққа шығардық. Сол ертегі кейіпкері аюдың бастамасымен бүлдіршіндерге түрлі сауат ашу сабақтарын үйретеміз деген ойдамыз. Сондай-ақ, кітапта «Ақын Ақбөкен», «Асыл әженің әңгімелері», «Бесік қалай пайда болды?» деген тақырыпта да түрлі әңгіме мен ертегілер топтастырылған, – дейді «Ordagen» жобасының идея авторы Айбек Қуатбай.

Жас буынның санасын жаңғыртуға бағытталған тұңғыш әлеуметтік-танымдық жобаның қолға алған бірегей ісі барша жиналған зиялы қауым өкілдерінің көңілінен шықты. Бір ерекшелігі мұнда тек кітапты ғана оқымай оның мульттоптамаларын да арнайы ұялы телефон қосымшасы арқылы жүктеп көруге болады. Сондай-ақ, көру қабілеті мен есту мүшелері нашар балаларды да ескеріп, оларға арнайы QR-код арқылы аудиокітап нұсқасы ұсынылған.

– Жоғарыда айтқандай, жобаның мақсаты – ұлттық және адамзатқа ортақ биік құндылықтарды жаңа технологиялар форматына икемдеп, өскелең ұрпаққа тың бағытта ұсыну. Осыған дейін жарық көрген кітаптардың атап айтар ерекшелігі ішінде арнайы тұрақты тіркестер түрлі түске боялып, ерекше көрсетілгендігі. Мұндағы мақсат баланың сол сөзді жадында ұстауы, және сол сөздің мағынасын ата-анасынан сұрау арқылы ата-ана мен баланың қарым-қатынасын дамыту болып саналады, – дейді жобаның жетекшісі Парасат Тәнен.

Иә, Арқа төсіне сонау Алматыдан ат терлетіп келген іскер жігіттердің бастамасы көптің көңілінен шықты. Телефонның ырқында жүрген балаларды шетелдің «Спанч бобы», «Вен тені», «Нарутосы» тәрбиелеп, «Менің атым Қожамен», «Алдар Көсемен» де алдаусыратып, қазақшаға баули алмай жатқан тұста осы бір тың бастама дер кезінде келді-ау?!

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button