Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жылҰлы Жеңіске – 76 жыл

Ерлік сабағы – елдікке бастайды

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Отан қорғаушылар күні мен Тәуелсіздіктің – 30 жылдығына арналған «Асқақ елдің айбынды ұланымыз» ерлік сабағы өтті. Сабақ балаларды еліне, Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне деген патриоттық және мақтаныш сезімін ояту, рухани дамыған, адамгершілігі мол тұлғаны тәрбиелеу сынды мақсаттарды көздеді.

1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Қарулы Күштерді құру туралы Жарлыққа қол қойды. Биыл Жарлыққа – 29 жыл толды.

Тәуелсіздік пен бейбітшілік – мемлекеттің дамуы мен прогресінің кепілі. Армия өмірдің осы екі маңызды факторының сақталуын қамтамасыз етеді. Бүгінде еліміздің Қарулы Күштері жауынгерлік даярлық қарқындылығының жоғары деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен, ұлттық әскери оқу орындарының жүйелі желісімен және қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілуімен ерекшеленеді.

Елімізде қабылданған Әскери реформа тұжырымдамасы мен Әскери құрылыстың мемлекеттік бағдарламасына әскери доктрина мен армияны реформалаудың өзекті мәселелері енді.

Қарулы Күштер қатарында қызмет ету Қазақстанның әр азаматының құрметті міндетіне, аға ұрпақтың батырлық және жауынгерлік дәстүрлеріне негізделген патриотизмнің қуатты адамгершілік мектебіне айналды. Мереке еліміздің барлық ер азаматтарына арналған. Елінің қорғаушысы болу өте құрметті, бірақ тек елді ғана емес, сонымен бірге қиыншылыққа тап болған, қолдау мен көмекке мұқтаж адамдарды да қорғауымыз керек.

Дәстүр бойынша Қазақстанда Отан қорғаушылар күні ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге кезекті әскери атақтар беріліп, наградалар тапсырылады. Бүкіл ел бойынша көптеген салтанатты және мерекелік іс-шара өтеді.

Жиынға бокстан олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің оқушылары шақырылды. Кітапханашы балаларды Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуымен таныстырып, өткен жүзжылдықтың батырлары мен бүгінгі күннің батырлары туралы айтып берді. Нағыз батырлар – Дала ұлдары, Отан қорғаушылар. Олар халқы үшін өмір сүруге дайын. Олардың есімі қазақстандықтардың есінде мәңгі қалады.

Отан қорғаушылар күні мен келе жатқан Жеңіс күніне орай балаларға қазақ жерінің ұлы жауынгерлерін тағы да еске алу ұсынылды.

Іс-шара барысында балаларға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Жарқынай Зарубекова балаларға Қазақстан аумағындағы ежелгі аңыздар туралы айтып берді.

Одан әрі кітапханашы Светлана Алексиевичтің «Цинковые мальчики» шығармасынан үзінді оқыды. Бұл туынды Ауғанстанға соғысқа кеткен жас сарбаздар туралы. Кітап кейіпкерлерінің ерлігі – өскелең ұрпаққа үлгі. Ерлік сабағының жалғасы ретінде оқушыларға ата-бабаларымыздың батырлық дәстүрлеріне негізделген қазақстандықтар үшін патриотизм мектебі болып табылатын ҚР Қарулы Күштеріндегі қызмет туралы «Қазақстан Патриоттары» бейнеролигі көрсетілді.

Жігіттер нағыз ер адамдар қандай болуы керек екендігі жөнінде түсінікке ие болу үшін батылдық, назар, тапқырлық кезеңддері өткізілді.

Балалар «Жұмбақты тап» кезеңін өте жақсы орындады. Сондай-ақ, «3 минут ішінде бытыраңқы сөздер мен сөз тіркестерінен әскери тақырыпқа мақал жина» атты кезең де өткізілді. Балалар жарысқа аса қызығушылықпен қатысып, барлығы бір-біріне қолдау көрсетіп, мақал-мәтелдерді дұрыс тапты.

Шара соңында кітапханашы «Жүректен – жүрекке» блиц-сауалнама жүргізді. Балалар «Өз елінің нағыз патриоты болу үшін не істеу керек? Сіз кімді патриот деп санайсыз?» сынды басқа да сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, «Нағыз патриот … болуы керек» сөйлемін толықтыру ұсынылды. Балалар (батыл, табанды, Отанды сүю, әлсіздерді қорғау, Толық адам) сияқты жауаптар жазды. Ерлік сабағының соңында «Асқақ елдің айбынды ұланымыз» кітап көрмесіне шолу жасалды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button