Волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Азиадада ширек финалға шықты
Қазақстан әйелдер волейбол құрамасы Жапонияда өтіп жатқан ХХ Азия ойындарындағы алғашқы кездесуінде Филиппин құрамасын жеңіп, ширек финалға жолдама алды.

Қазақстандық спортшылар кездесу барысында алғашқы сетте 27:29 есебімен жеңіліп қалғанымен, кейін ойын тізгінін өз қолына алды. Екінші партияда 26:24 есебімен басым түсіп, үшінші сетте 25:23, төртінші партияда 25:19 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша Қазақстан құрамасы Филиппинді жалпы есепте 3:1 есебімен ұтты.
Қазақстан құрамасы Азиадада Қытай және Филиппин командаларымен бірге В тобында өнер көрсетіп жатыр. Топтан плей-офф кезеңіне екі үздік команда жолдама алады. Қытай құрамасы бұған дейін Филиппинді 3:0 есебімен жеңгендіктен, Қазақстан мен Қытай құрамалары ширек финалға шығатын командалар қатарынан көрінді.
Енді Қазақстан құрамасы топтағы бірінші орын үшін Қытаймен кездеседі. Ойын 18 қыркүйекте өтеді.
Айта кетейік, әйелдер арасындағы волейбол турнирі 16-22 қыркүйек аралығында ұйымдастырылып жатыр. Ал ХХ Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты 19 қыркүйекке жоспарланған. Азиада жарыстары Жапонияның Айти–Нагоя өңірінде 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



