Бас тақырыпЖаңалықтарСпорт

Саранда жаңа футбол алаңы ашылды

Саран қаласындағы №17 мектеп-гимназия аумағында жаңа шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Ашылу рәсімі ALGA! Суперкубогының алғашқы турнирімен қатар өтті.

Суреттерді түсірген Темірлан ЖҰМАШЕВ

Жаңа алаң FIFA Pro санатындағы жасанды жабынмен, қоршаумен, трибунамен және жарықтандыру жүйесімен жабдықталған. Нысанда дене шынықтыру сабақтарын, футбол жаттығулары мен жарыстар өткізуге мүмкіндік бар.

Жобаны Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы (QOFA) президенті Тимур Турловтың басшылығымен және Freedom қаржылық қолдауымен жүзеге асырған. Алдағы уақытта ALGA! жобасына қатысатын мектептер үшін тағы алты шағын футбол алаңын салу жоспарланып отыр.

Алаңның алғашқы матчында №19 мектеп пен Бірінші Теміртау классикалық лицейінің командалары кездесті. Үзіліске №19 мектеп 3:1 есебімен алда шыққанымен, екінші таймда Теміртау командасы таразы басын өз пайдасына аударып, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

ПТКЛ сапында өнер көрсеткен Максут Нурасыл бес гол соғып, командасының жеңісіне айтарлықтай үлес қосты. Осылайша Бірінші Теміртау классикалық лицейі ALGA! Суперкубогының алғашқы иегері атанды.

Жоба аясында мектеп оқушыларының футболмен тұрақты айналысуына жағдай жасау және өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамыту көзделген.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button