Қарағанды облысында егіске бөлінген 300 млн теңгені жымқыру ісі тергеліп жатыр
Қарағанды облысында «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінген 300 млн теңге көлеміндегі несие қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті хабарлады.

2025 жылғы мамырда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы мен «Рашан» ЖШС арасында айналым қаражатын толықтыру мақсатында қарыз беру туралы шарт жасалған. Қарыз бойынша міндеттемелердің орындалуына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кепілдік берген.
Шартқа сәйкес, «Рашан» ЖШС-нің есепшотына 300 млн теңге аударылған.
ҚМА мәліметінше, кейін бұл қаражат егіс науқанына қажетті шығындарды өтеу мақсатында екі ЖШС-ге аударылған. Оның ішінде шамамен 148 млн теңге тұқым сатып алуға, 152 млн теңге ауыл шаруашылығы техникасын жалға алуға, сондай-ақ жанар-жағармай мен еңбек ақы шығындарына бағытталған.
Алайда тергеу барысында тұқым сатып алынбағаны, ауыл шаруашылығы техникасы жалға алынбағаны және көрсетілген жер телімдеріне егін егілмегені анықталған.
Осы іске байланысты «Рашан» ЖШС директоры күдікті деп танылды. Сот санкциясымен оның мүлкіне тыйым салынды.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



