Qaragandy Half Marathon-2026: екі мыңға жуық спортшы қатысты
Өткен жексенбіде «Қарағанды-Арена» мұз сарайының алаңында Qaragandy Half Marathon-2026 жартылай марафоны өтті. Ауқымды додаға Қазақстанның түпкір-түпкірінен және әлемнің сегіз елінен екі мыңға жуық спортшы қатысып, жігері мен төзімділігін сынға салды. Марафонға қатысушылардың бірі ұзақ дайындықтың нәтижесін саралап, жаңа жеке рекорд орнатуды мақсат етсе, енді бірі демалыс күнін мазмұнды әрі белсенді өткізіп, спорттың қуатын сезінуге ниет білдірді. Марафонның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Қатысушылар 5, 10 және 21,1 шақырымдық қашықтықтарда бақ сынады. Спорттық бағдарлама скандинавиялық жүріс пен балалар жарысын да қамтып, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы жүгірумен жалғасты. Жарыс басталар сәт жақындаған сайын алаңдағы ахуал да біртіндеп қыза түсті. Қатысушылар бой жазып, арнайы жаттығулар жасап, денелерін қыздырды. Айналада әуезді әуен әуелеп, жанкүйерлердің дауысы мен спортшылардың қызу дайындығы жарыс алдындағы ерекше атмосфераны қалыптастырды.

10 шақырымдық жүгіруге старт беру құрметі қарағандылық жеңіл атлетиканың аңызы, КСРО спорт шебері, 17 марафонға қатысқан Юрий Кузьминге бұйырды. Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер спортшы үшін бұл сәттің орны бөлек. Бір кездері өзі талай жарыстың дүбірін сезініп, сан мәрте мәрені бағындырған ардагер бұл жолы жарыс жолына жаңа буын жүйріктерін шығарып салды. Жас спортшыларға ақ жол тіледі.
Марафонның мәнін айшықтай түскен қатысушының бірі – қарағандылық 88 жастағы тұрғыны Агафья Бак. Сексеннің сеңгірінде де сергектігін серік еткен ардагер бұл жолы скандинавиялық жүріске қатысып, спортта жасқа шектеу жоқ екенін тағы бір мәрте көрсетті. Еңбек жолын А.Пархоменко атындағы Қарағанды машина жасау зауытында конструктор болып бастаған. Бүгінде жасы ұлғайғанына қарамастан, белсенді өмір салтын берік ұстанып, қоғамдық және спорттық шаралардың бел ортасынан табылып жүр.

– Зейнетке шыққаннан кейін спортқа және саламатты өмір салтына ден қойдым. Аптасына үш рет құрбыларыммен бірге скандинавиялық жүріспен айналысамын. Бүгінгі қашықтықты дa жақсы еңсердім. Марафоннан медаль алып, көтеріңкі көңіл-күймен қайтып барамын. Осындай ауқымды спорттық мерекені ұйымдастырған азаматтарға алғысым шексіз, – деді Агафья Бак.

Бұл тартысты додада жас таланттар да, тәжірибелі ардагерлер де таңғалдырды. Мәселен, жарысқа қатысушылардың қатарында 26 жастағы жеңіл атлет Сагат Баубек те болды. Бұған дейін облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің жүлдесіне арналған жеңіл атлетикалық эстафетаға қатысып, жүлдегер атанған. Жас спортшы бұл жолы да тыңғылықты дайындықпен келіп, командасымен бірге 10 шақырымдық қашықтықты сәтті еңсерді. Ал,марафонның 5 шақырымдық қашықтығында «Тентек» шахтасының тәжірибелі шахтері әрі спортардагері Ислам Муслимов бақ сынап, жүлделі ІІІ орыннан көрінді.
– Бес шақырымды 32 минутта жүгіріп өттім. Әдетте 10 және 20 шақырымдық қашықтықтарға қатысатынмын. Бұл жолы 5 шақырымды таңдадым.Биыл 70 жастан асқан қатысушылар арасында да арнайы жарыстың ұйымдастырылғаны қуантты. Осындай бәсекеде ІІІ орын алғаныма өте ризамын, – деді Ислам Муслимов.
Марафонға қатысушылардың қатарында Испанияның Мадрид қаласынан келген студент Хайме Гонсалес Гомес те бар. Шетелдік спортшы 10 шақырымдық қашықтықта бақ сынап, мәреге ІІ болып жетті.
– Қазақстанға тіл үйреніп, жергілікті мәдениетпен жақынырақ танысу үшін келдім. Мұндағы адамдардың мейірімділігі мен қонақжайлығы ерекше әсер қалдырды. Қазір француз және орыс тілдерін оқып жүрмін. Спортты жақсы көремін, сондықтан күн сайын жаттығуға тырысамын. Қарағандыдағы жарысқа қатысып, жүлделі орын алғаныма қуаныштымын, – деді Хайме Гонсалес Гомес.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдар, медальдар және ақшалай сертификаттармен марапатталды.. Ал, жарысқа қатысқан әрбір азаматқа ерекше естелік медальдар табысталды.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



