Үйді шыбыннан қалай қорғауға болады?
Шыбын – күнделікті тұрмыста жиі кездесетін жәндік. Оның зияны бірден байқалмағанымен, шыбындар түрлі қауіпті инфекциялардың қоздырғыштарын таратуы мүмкін. Әсіресе азық-түлікке қонып, оны ластауы адам денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан үйде шыбындардың пайда болуына жол бермеу – тазалықты сақтаумен қатар, денсаулықты қорғаудың да маңызды шарасы.

Шыбындардың өмір сүру ұзақтығы шамамен үш ай. Алайда осы уақыт ішінде бір ұрғашы шыбын 2 мыңға дейін жұмыртқа сала алады. Шыбындар қорек талғамайды: олар азық-түлікпен де, қоқыс пен әртүрлі қалдықтармен де қоректене береді.
Шыбын неге қауіпті?
Шыбындардың қауіптілігі – олардың әртүрлі лас жерлерден ауру қоздырғыштарын алып, кейін азық-түлікке таратуында. Олар ішек инфекцияларының қоздырғыштарын, гельминттердің жұмыртқаларын және қарапайымдыларды механикалық жолмен тасымалдауы мүмкін. Мысалы, қоқыс немесе басқа да ластанған жерлерде жүрген шыбын азық-түлікке қонған кезде оның бетіне зиянды микроорганизмдерді қалдыруы ықтимал.
Шыбындар көбіне шіріп жатқан органикалық қалдықтар бар жерлерде көбейеді. Қоқыс үйінділері, қоқыс жиналатын орындар, дәретхана шұңқырлары және басқа да қалдықтар жиналған аумақтар – олардың көбеюіне қолайлы орта.
Сондықтан шыбыннан қорғану үшін үйдің тазалығына ғана емес, оның айналасындағы аумаққа да көңіл бөлу қажет.
Үйді шыбыннан қалай қорғауға болады?
Асүйді таза ұстаңыз.
Тамақ дайындалатын және азық-түлік өңделетін орындарды таза ұстау маңызды. Тамақ қалдықтарын үстел үстінде немесе ашық жерде қалдырмаңыз.
Азық-түлікті жабық жерде сақтаңыз.
Дайын тағамдар мен басқа да өнімдерді қақпағы жақсы жабылатын ыдыстарда, пластик контейнерлерде немесе арнайы жабылатын пакеттерде сақтаған дұрыс.
Терезелер мен есіктерге тор орнатыңыз.
Масаға қарсы торлар шыбындардың үйге кіруіне де кедергі болады. Қажет болған жағдайда мұндай торларды желдеткіш саңылауларына да орнатуға болады.
Қоқысты уақытында шығарыңыз.
Тұрмыстық қалдықтарды үйде немесе аулада ұзақ уақыт сақтамаңыз. Қоқыс неғұрлым ұзақ жатса, шыбындардың жиналу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.
Үйдің айналасын таза ұстаңыз.
Ауладағы дәретхана мен компост жәшіктерін тұрғын үйден және басқа құрылыстардан алыс орналастырған жөн. Дәретхана шұңқырларын уақытында тазалап, толып кетуіне жол бермеу керек.
Шыбыннан қорғану үшін күрделі шаралардың қажеті жоқ. Үйді таза ұстау, азық-түлікті жабық сақтау, қоқысты уақытында шығару және жәндіктердің үйге кірмеуіне жағдай жасау – олардың таралуының алдын алудың қарапайым әрі тиімді жолдары. Тазалыққа күнделікті көңіл бөлу арқылы асүйіңізді шыбындардан қорғап, тағам қауіпсіздігін сақтауға болады.
Юрий ЗАЛЫГИН
Қарағанды облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері, Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы



