Басты тақырып

Ел тірегі – татулық


Бүгін Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясы қанат жаюда. Бейсенбі күні аталған сессия қарсаңында Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төр¬ағасы – облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қатысуымен «Қазақстан халқының бірлігі – тұрақтылық пен дамудың негізі» атты мерекелік іс-шара өтті.

Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылып, облыс орталығындағы «Достық үйінде» ұйымдастырылған келелі шараға Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының облысымыздағы этномәдени бірлестіктерінің төрағалары, Аналар кеңесінің, Қоғамдық келісім кеңесінің, Ғылыми-сараптамалық тобының, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы өңірлік штабының мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Бүгін біз айтулы мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында кездесіп отырмыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Қазақстан бірлігі мықты мемлекеттің эталонына айналып отыр. Ал, әлемдік келісім мен ғаламдық идеологияның алаңына айналған бір ғана қала бар болса, ол – біздің Астанамыз. Себебі, біз – бірлігімізбен мықтымыз. Ұлы Отанымыздың тағдырына деген ортақ жауапкершілігіміз зор. 28 сәуірде Президентіміздің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясы өтеді. Бұл сессияда облысымыздың атынан құрамына 42 адам енген делегация аттанады, – деді Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар, аймақ басшысы еліміздің әр өңірінің өз болмыс-бейнесі қалыптасқанын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, облысымыздың ең негізгі ерекшеліктерінің бірі – көпұлттылығы. Алайда, тарихымыздан танып-білгеніміздей, қоғамның этникалық құрамы емес, сол қоғамда ғұмыр кешкен әр адамның ортақ мақсаты, біріктірер мүддесі болуы маңызды. Іргесі қаланған жылдардан бері беделді органға айналып үлгерген Қазақстан халқы Ассамблеясы да бұл бағытта ауқымда жұмыстар атқаруда. Бұл ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу кезінде көш бастаған азаматтарды да айтпай кетуге болмас. Сол жылдары Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамында Сұлтан Досмағамбетов, Камали Дүйсембеков, Вахид Мунаев, Анатолий Майсюк, Николай Матияшин, Владимир Минасян, Агиф Мамедов, Александр Сваричевский сынды бірегей тұлғалар болды. Бұл азаматтардың барлығы Тәуелсіз Қазақстанның қанат жаюы мен дамуына зор үлестерін қосты. Өз кезегінде, өңір басшысы осы азаматтардың есімдерін ұмытпай, жадымызда ұстап, осы «Достық үйінде» Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қайталанбас құрамына – алтын қорына арнап бұрыш ашу қажеттігін сөз етті. Ол бұл тапсырманы орынбасары Жандос Әбішевке жүктеп, этномәдени бірлестік басшыларымен ақылдаса келе жуық арада шешуді тапсырды.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ұсынған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыруды назарға алуда. Бұл ретте, аймақтарға артылатын міндет жүгі де салмақты. Міне, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясы да соған арналмақ. Сондықтан, сессия жұмысы қарсаңындағы облысымыздың этномәдени бірлестіктерінің басқосуы да барды бағамдап, жоқты түгендеп, Елорда төрінде, Елбасы алдында айтылар ой мен сапталар сөзді сарапқа салуға, ақыл-кеңес құруға арналды. Емен-жарқын әңгіме өрбіп, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері баяндалды.
Алғашқы сөз Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ақын Зинаида Чумаковаға ұсынылып, ол өз кезегінде бейбіт мемлекеттің бой көтеруіндегі Елбасының ерекше ролі турасында ой толғады. Еліміздегі ынтымақ пен келісімді тілге тиек етіп, Жезқазғандағы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне тоқталды.
– Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерін көріп, ерекше толғаныс үстінде тұрмын. Дүние түрленіп, уақыт зымырап өткенімен, Ассамблея жұмысының алғашқы қадамдары еміс-еміс ойға оралады. Ойлап отырсам, Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы құрылтай сессиясынан бері де 23 жыл өтіпті. Ал, маған күні кеше болған оқиға сияқты. Осы жылдар аралығында аз жұмыс атқарылған жоқ. Ұлттық мәдени орталықтар құрылып, кейін 1992 жылғы Қазақстан халқы форумында Президентіміз алдағы жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жөніндегі идеясын айтқан болатын. Сөйтіп, ол идеясы да жүзеге асты. 1995 жылы 16 ақпанда Көшбасшымыз қазір этномәдени бірлестіктер деп аталатын сол кездегі ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілерімен кездесіп, республика Президентінің жанынан консультативтік орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын құруды ұсынды. Ол – өте ауыр жылдар еді. Одақ ыдырап, бұрынғы КСРО аумағындағы көптеген мемлекеттерде ұлтаралық араздық пайда болды. Ал, Елбасының сол кездегі сындарлы саясатының нәтижесінде еліміз ондай алауыздықтан бойын аулақ салды, – деді Зинаида Чумакова.
Бұдан бөлек, мерекелік іс-шараға қатысушы өзге де азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ұлтаралық келісім тұрғысында толымды ой толғап, көкейде жүрген көрікті ойларын ортаға салды. Олардың қатарында Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестік төрағалары, еңбек ардагерлері, кәсіпкерлер, ұстаздар, мектеп директорлары болды.
Жиында облыс әкімі 34 азаматқа Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі куәлігін және облыстағы 24 этномәдени бірлестікке аймақ басшысының арнайы сыйақысын табыс етті. Бірлестікті дамытуға ұсынылған әр сыйақы мөлшері – 700 000 теңгені құрады.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, Астана қаласында өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясына қатысушы делегат мүшелерін салтанатты жағдайда шығарып салу рәсімі өткізілді.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.
Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button