Баған

«Ел болам десең, бесігіңді түзе!»

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар Мұхтар Әуезовтің. Бұл қанатты қағиданы әркім әр түрлі ұғады. Тәрбие жайлы айтылып тұрғаны сөзсіз. Осы бір аталы сөз хақында өз ойыммен бөлісіп көрмекпін…

Бұл тағылымды сөзді «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөзбен шатастырмаған жөн. Өйткені, онда бала балиғат жасына дейін жақсы қасиеттерді ата-анасынан сіңіретіні айтылады.

Менің ойымша, Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дегені – болашақта бесік тербейтін қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу керектігін айтқаны. Себебі, «қыз бұзылса, ел бұзылады» дейді бабалар даналығы. «Қызыңды бөтен үйге қондырма» деп те бекер айтпаған.

Шариғатта «төрт немесе үш қызы бар ата-ана жұмаққа барады» дейді. Сондай-ақ, «екі және бір қызды дұрыс тәрбиелеп, құтты жеріне қондырса да, жұмақтың кез келген қақпасынан кіретіні» айтылады. «Сонда қыз санына қарамай бәрі жұмаққа бара берсе, айырмашылығы қандай?» деген сұрақ туындайды. Яғни, бұл – бір қызға дұрыс тәрбие бере алған ата-ана, төрт қызды да жөнімен мәпелеп өсіруге қауқарлы деген сөз. Сонымен қатар, осы тұста қыз баланы тәрбиелеудің өте қиын әрі жауапты іс екенін аңғарамыз.

Ұлы жазушы осыны меңзеп отыр.

Сондай-ақ, бұл жалпы әйел затына қатысты. Ол болашақ келін, біреуге жар, біреуге жеңге, енді, біреуге ана болады. Байқап отырсақ, Мұхтар Әуезов осы бір ауыз сөзі арқылы терең ойды қозғап отыр. «Қыздарыңа үлгі болыңдар, өздеріңнің кемшіліктеріңді түзеңдер, оның көзінше дұрыс жүріп-тұрыңдар. Келіндеріңе қамқор, жарларыңа сыйластықты, аналарыңа ізетті болыңдар» – деп отыр.

«Ерді ер қылатын да, жер қылатын да әйел» демекші, өміріміздің мәні мен сәні – солар. Осы нәзік жанды аруларымыз туралы айтылған көптеген даналық сөздер Мұхтар ағамыздың бір ауыз нақылының қауызына сыйып кетіп отыр. «Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді» тербетеді деген сөз де осы дүниеден туындаса керек-ті.

Бұл қазақтың көпірме қызыл сөз ге емес, оның мәніне терең үңіле алатынының белгісі.

Біз қазақ қыздарымызды оң жақ төрге отырғызып бетінен қақпай, еркелетіп өсіреміз. Өйткені, олардың маңдайына Алла мүлдем бейтаныс елдің түтінін түтетіп, ұрпағын жалғауды жазған. Бұл тағдыр бұйрығының арнасын бұруға пенде атаулы қауқарсыз. Себебі, өзімізді де сондай бір кездері еркелеп өскен, кейін өзге елдің бақытын күзетуге келген бесік иелері өмірге әкелген.

Солай екен, тал бесікпен қатар оны тербететін бұрымдыларымызды аялайық!

Менің бір көпбалалы досым бар. Өзі – тентектің тентегі. Аяқ астынан төбелесе кету де оған түк емес. Бірақ, бір жақсы қасиеті – мың жерден жынды болса да, әйеліне қол көтеру былай тұрсын, бір ауыз ауыр сөз айтпайды. Сөйтсек, ол әйел затының қадірін біледі екен. Ойланбай айтылған сөз жақын адамдардың арасын суытатынын жете түсінеді екен. Ұрпағын жалғап, шаңырағын шаттыққа бөлеп отырған жанның басын бағалайды екен…

Сондықтан да, ел болғымыз келсе, бесігімізді түзейік!

Жәлел ШАЛҚАР,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button