Жаңалықтар

Екатерина КУЗНЕЦОВА: «Қазақта крепостное право болмаған»

Мен Екатерина Борисовна Кузнецованың есімін алғаш рет Жәкеңнің (Жайық Бектұров) аузынан естіп едім. Ерекше бір ілтипат-құрметпен айтып еді.

1993 жылы Қарағандыға көшіп келіп, «Орталық Қазақстан» редакциясына келген сайын бұл кісіні сыртынан көріп, амандасып жүрдік. Ол кезде екі газеттің арасында қазіргідей аралас-құралас­тық жоқ еді. Жазған-сызғандарын оқып жүреміз. Қарағандыда алғаш рет «ҚарЛаг» тақырыбына осы кісі қалам тартып, 37-жылдардың қатпар-қатпар қасіретін ақтарып-төңкеріп жазды. Мені ерекше тәнті еткені он алты жасынан бауырына басқан қонақжай қазақ халқына деген адал көңілі мен кіршіксіз махаббаты еді. Мынаны қараңыз: орыстың керауызы Жириновскийдің туған жері – Алматы. Осында дүние жарығын көріп, оқып, білім алып, адам болған, түбі – жойыт, ғұмыр бойы қазақты жек көріп, орыс пен қазақтың арасына от қоюмен өтті. Екі адам – бір-біріне кереғар  екі дүние!

«Мен Қазақстаннан ешқайда кеткем жоқ, – деп жазды Екатерина Борисовна. – Кетер ойым да жоқ. Қазақтарда крепостное право деген болмаған. Бостандық сүйгіш халық бұл! Ешкімге құл болмаған жұрт!».

Керемет сөз. Орыстың баласы түгілі қазақтың баласының аузына түсе бермейтін сөз. Мұндай сөзді азаттық сүйгіш Некрасовтың әйелдері, шынайы орыс әйелі  ғана айта алады. «Пусть смерть мне суж­дена – Мне нечего жалеть!.. Я еду! Еду! Я должна, Близ мужа умереть!», – дейтін декабрист княгиня ғана айта алады мұндай сөзді!

Мына жарық дүниеде екі Ресей бар. Оны менен бұрын Лениннің өзі айтып кеткен. Біреуі – крепостное құлдық-күңдіктен көзін ашпаған Романовтардың Ресейі, екіншісі – адамзаттық құндылықтарға шөліркеп, өркениет өріне ұмтылған  Дос­таевскийдің Ресейі. Крепостное правоға қазықтай байланған Гулаг – Сталиннің елі, екіншісі – оған, мүлде кереғар Булгаков пен Евтушенконың, біздің Екатерина Борисовна Кузнецованың Ресейі!

Сексен бесінші белге шығып, туған Қазақстанына махаббат сезімімен мағ­мұрлана қарап тұрған Екатерина Борисовнаға жырдан шашу шашайын:

Қазақстан, қайдасың, халің қалай?
Алтын, күміс үстіңе тағынғандай, –
Өзіңді-өзің жарылқап тастаған соң,
Жатырсың ба жаһанға жаның қалмай?

Сөйлесеңші, ішіңнен тына берме,
Шыныңды айт немесе жылап елге;
Пушкинді де оқымай, Есенинді,
«Орыс» болу оп-оңай мына жерде…

Анна,*
Андрей,** –
Орыстың қанаты олар,
Онсыз қалай асау жан тағат алар?
Кісі екен деп Гогольді іздемейді,
Собакевич* сықылды собакалар!

Депрессия дейтұғын дертіменен,
Кісімсініп кеудесі жер тіреген; –
Толстойдың сөзіне ұйымаған,
«Татьянаның әніне»** елтімеген?! –

Бұл қандай жұрт?!
Ой – жұтаң, сезім де – өлді,
Құдай – елден,
Ел – ұлттан безінді енді.
… «Аттан» салып, алақтап шаба бермей,
Ат шалдырар Абайға кезің келді…

*Анна Ахматова,
**Андрей Вознесенский – орыс ақындары.
*** «Татьянаның әні» (Пушкин-Абай).
****Собакевич – Гогольдің кейіпкері.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button