Егін жинау – қарқынды
Бүгінгі күні облыста астық жинау жұмыстары қарқынды. Абай, Жаңаарқа, Шет және Ұлытау аудандарының шаруашылықтары астықты қамбаға толығымен жинады. Бұл туралы онлайн өткен аппараттық жиында облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Асқар САНАУБАРОВ айтып берді.
Спикердің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылы дәнді дақылдардың жинау алқабы 932,5 мың га құрады. Оның ішінде бидай – 755,2 мың га, арпа – 157,8 мың га, сұлы – 13,8 мың га және масақты дақылдар қоспасы – 5,7 мың га. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында картоптың жи нау алқабы – 11208 гектар және көкөністің жинау алқабы – 1610 гектар. – 20 қыркүйекке дейін 888,1 мың га немесе 95,2% дәнді дақылдар орылып, орташа түсімділігі гектарына 9,3 центнерден, 829,5 мың тонна астық бастырылды. Жоспарланған 109,0 мың тонна дәнді дақылдар тұқымының 99,6 мың тоннасы немесе 91,4%-ы құйылды. Абай, Жаңаарқа, Ұлытау және Шет аудандарының шаруашылықтары астық жинауды аяқтады.
Аудандардың алдын ала мәліметтеріне сәйкес жиналған бидайдың сапа көрсеткіші жақсы. Күзгі дала жұмыстарын жүргізуге бөлінген 17 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны кестеге сәйкес берілуде. Жалпы, егін жинауға 1989 астық оратын комбайн, 62 картоп жинайтын комбайн және 90 картоп қазатын техника жұмылдырылды, – деді басқарма басшысы өзінің мәлімдемесінде.
Астық оратын комбайндар күніне 8 мың гектардан, картоп жинайтын техникалар 235 гектар жерден өнім игеретінін ескерсек, дәнді дақыл жинауды 25 қыркүйекке, картопты 30 қыркүйекке, көкөністерді 5 қазанға дейін аяқтау межеленуде екен. Сондай-ақ, облыс бойынша жалпы сыйымдылығы 1026,6 мың тоннаны құрайтын астық сақтау қоймалары қорға түсетін өнімді сақтауға жеткілікті екенін айтты басқарма басшысы. Жиын соңында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысына мен аудан әкімдеріне астық жинау науқанын қадағалауды басты назарға алуды тапсырды.
Қасымхан ҒАЛЫМ.