Арқаға ағылған турист көп
Өңірдің туристік әлеуетін дамытуға және насихаттауға үлес қосып жүрген сала өкілдерінің еңбегі Дүниежүзілік туризм күні қарсаңында атап өтілді. Аймақта өткен салтанатты жиында туризм саласының мамандары мен белсенділеріне ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары және облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Марапатталғандардың қатарында спорттық және экологиялық бағыттарды ұйымдастырушылар, туристік клубтардың өкілдері, туроператорлар, гидтер, демалыс орындарының иелері, сондай-ақ, сауықтыру және ат туризмін дамытуға атсалысып жүрген азаматтар бар.

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев туризм өңір экономикасының маңызды бағытының біріне айналғанына тоқталды.
– Табиғи және тарихи-мәдени туризммен қатар экологиялық, белсенді, спорттық, гастрономиялық және сауықтыру бағыттары да кеңінен танылып келеді. Бұл – кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және туристік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бірлескен күш-жігерімізбен өңірдің туристік әлеуетін толық ашып, оны қонақтар үшін бұдан да тартымды аймаққа айналдыра алатынымызға сенімдімін, – деді Шыңғыс Сүйінбаев.
Өңірдегі туризмнің бір бағыты – туған өлкенің тарихын жаңаша таныту. «Пока не исчезло» жобасының авторы Юлия Ляндаева бес жылдан астам уақыттан бері Қарағандының тарихи орындары бойынша экскурсиялар ұйымдастырып келеді. Бүгінде жобаның жаяу және қала сыртындағы 15-ке жуық бағыты бар. Соңғы жылдары экскурсиялардың географиясы облыс орталығының шегінен шығып, өзге қалалар мен аудандарды да қамтыған.
– Өз қаласын танып-білуге деген қызығушылық артып келеді. Біз үнемі жаңа бағыттар ашып, туған өлкеміз туралы өзіміз де тың деректер біліп, оны өзгелерге айтып жүрміз. Қазір Қарағандыдан тыс жерлерге де шықтық. Теміртау, Ақтау, Саран, Долинка қалаларында, Осакаров және Бұқар жырау аудандарында экскурсиялар өткіземіз. Сонымен қатар, Астанаға арт-турлар ұйымдастырамыз, – дейді Юлия Ляндаева.
Ал, кәсіпкер Ерлан Әшім өңірдегі туризмді дамытудың тағы бір мүмкіндігін ат туризмінен көреді. Ол тарихи және қасиетті орындарға атпен саяхаттау бағыттарын дамытуға ден қойған. Оның пікірінше, туризмнің әр саласында жүрген азаматтардың күшін біріктіру жаңа бағыттардың ашылуына мүмкіндік береді.
– Қарағанды облысында тұрғындар мен қонақтарға көрсетуге лайықты қасиетті орындар мен көрікті жерлер көп. Ортақ мақсат жолында бейресми бірлестік құрып, тәжірибе алмасып, Ұлы даланың табиғаты мен тарихын бірге танытуымыз керек, – деді Ерлан Әшім.
Айта кету керек, жаздың үш айында Қарағанды облысына 400 мыңнан астам турист келген. Өңірге қызығушылық тек ішкі саяхатшылар арасында емес, шетелдік қонақтар тарапынан да артып келеді. Бүгінде туристерге 115 бағыт ұсынылып, 17 сертификатталған гид қызмет көрсетеді.
Табиғи және тарихи орындармен қатар экологиялық, спорттық, гастрономиялық және ат туризмі де біртіндеп қанат жайып келеді.
Туризм саласындағы бұл көрсеткіштер өңірдің саяхатшылар үшін тартымдылығы артып келе жатқанын аңғартады. Әсіресе, бұрын көпшілікке кеңінен таныла қоймаған табиғи, тарихи және киелі орындарды жаңа туристік бағыттарға енгізу облыстың мүмкіндігін кеңейте түспек. Бұл ретте сапалы сервис, қолайлы инфрақұрылым және кәсіби гид қызметін дамыту да маңызды. Өйткені туристі өңірге тартумен қатар, оның қайта оралуына жағдай жасау – саланың тұрақты дамуының басты шарттарының бірі.
Қарағанды облысының кең даласы, көрікті табиғаты мен бай тарихи мұрасы туризмнің сан алуан бағытын қатар дамытуға мүмкіндік береді. Ендігі міндет – осы әлеуетті жүйелі түрде танытып, әр бағытты біртұтас туристік өнімге айналдыру. Мемлекет, кәсіпкерлер мен сала мамандарының ортақ жұмысы нәтижелі болса, туризм өңірдің танымалдығын арттыратын ғана емес, жергілікті экономиканың дамуына серпін беретін маңызды салаға айналмақ.
Салтанат ІЛИЯШ
«Ortalyq Qazaqstan»



