АймақБас тақырып

«Ortalyq Qazaqstan» – 95 жылдық белесте

Арқадағы ұлттық баспасөздің абызы, қазыналы Қарағандының қатпарлы тарихын тоқсан бес жыл бойы тасқа басып келе жатқан қара шаңырақ – «Ortalyq Qazaqstan» газеті мерейлі белеске жетті. Осы айтулы күнге орай «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінде салтанатты жиын өтіп, оған облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов арнайы қатысып, басылым ұжымын айтулы белеспен құттықтады.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

– Ғасырға жуық тарихы бар басылым өз дәстүрін сақтап, кешегі қаламгерлер қалыптастырған шығармашылық сабақтастықты абыроймен жалғастырып келеді. Ардагер журналистерден қалған аманатқа бүгінгі ұжым да адалдық танытып отыр. Қоғамдық пікірге үн қосып, өңірдегі маңызды оқиғаларды дер кезінде саралап, оны оқырманға салмақты түрде жеткізуде зор еңбек бар. Осы жолда тер төгіп жүрген барша майталман мамандарға алғаусыз алғысымды білдіремін. Мерейтойларыңыз құтты болсын, қаламдарыңыз мұқалмай, істеріңіз ілгерілей берсін! – деді Нұрлан Рахметуллаұлы.

Салтанатты басқосу барысында басқарма басшысы редакцияның бірқатар қызметкеріне облыс әкімі орынбасары Әлібек Үсенұлының Алғыс хатын табыс етті.

«Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің басшысы Қайрат Әбілда да әріптестеріне ақжарма тілегін арнап, төл басылымның тағылымды тарихына тоқталды. Сондай-ақ, ұзақ жылдар бойы ақпарат саласында табанды еңбек етіп келе жатқан өз ісінің майталмандарын марапаттады.

– Газет бетіндегі әрбір сөз – ертеңгі тарихтың бір парағы. Бүгін ақпарат кеңістігі орасан өзгерісті бастан өткеріп жатыр. Мұндай алмағайып кезең журналистикадан бұрынғыдан да асқан жауапкершілікті талап етеді. Қазір жалаң ұранға емес, салмақты ойға, үстірт пайымға емес, терең талдауға сұраныс бар. Уақыт ағымына бейімделіп қана қоймай, замана талабына сай жаңарып, қоғамға қажет сөзді айта білгенде ғана биіктен көрінеміз. Ғасырға таяған қара шаңырағымыз өткеннен тағылым алып, келешекке нық қадам басқанда көштің алдында болары анық. Мерейтой құтты болсын, әріптестер! – деді Қайрат Жүнісұлы.

Мерейтой төрінде «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек те ұжымға ақжарма тілегін арнады.

– Газеттің атқарар міндеті қай кезде де орасан. Оның артында үлкен жауапкершілік, ел алдындағы аманат тұр. Уақыт безбенінен өтіп, қоғамның сындарлы сәттерінде кәсіби ұстанымымыздан айнымай, ақиқатты арқау ету – жекелеген журналистің ғана емес, тұтас ұжымның міндеті. Тоқсан бес жыл бойы «Орталық» осы жолдан жаңылған жоқ. Бүгін сол дәстүрді жалғастырып отырған әріптестерімнің еңбегін ерекше бағалаймын. Мерейтой басталғалы еліміздің түпкір-түпкірінен, әріптестеріміз бен оқырмандарымыздан толассыз құттықтаулар келіп жатыр. Бұл – газетке деген құрметтің, қара шаңыраққа деген ықыластың белгісі. Осындай ізгі ниетін білдірген барша азаматқа риясыз ризашылығымды жеткіземін. Әріптестеріме шығармашылық табыс, қалам қуаты, шаңырақтарына бақ-береке мен ырыс тілеймін. Ғасырға бет алған газетіміздің ғұмыры ұзақ, абыройы асқақ болсын! – деді Ерсін Кәрібайұлы.

Мерейтой иелеріне «Индустриальная Караганда» газеті мен «Life 09» ақпараттық агенттігінің ұжымдары да жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, әріптестік ықыластарын білдірді.

Тоқсан бес жыл – тұтас бір дәуір. Осы уақыт ішінде «Орталықтың» бетінде қаншама тағдыр таңбаланып, қаншама тарих хатқа түсті. 

Талай буынның табанының табы, қаламының ізі қалған қасиетті орданың шамшырағы сөнбей,

Арқа жұртының ақиқат мінберіне айналған «Ortalyq Qazaqstan» ғасырға нық қадам басып, ел мен жердің шежіресін әлі талай ұрпаққа аманаттай берері сөзсіз.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz

Фото: Александр МАРЧЕНКО

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button