Диалог алаңында – business woman
Кәсіпкерліктен несібесін тауып жүрген ауылдағы жолы жіңішке қауым ісін ілгерілету үшін диалог алаңында бас қосты. Ауыл әйелдерінің бірінші форумы қарсаңында Молодежный кентінде пікір алмасып, ой бөліскен қыз-келіншектер тәжірибемен бірге, көкейлеріндегі өзекті мәселелерді талқыға салды. Диалог алаңының спикерлері – Парламент Мәжілісі депутаты Майра АЙСИНА, Осакаров ауданы әкімі Нұркен ҚОБЖАНОВ, «Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы» басқарма төрағасы Айгүл СОЛОВЬЕВА болды. Бұл туралы Осакаров ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Жасыл экономика және G-Global дамыту үшін коалициясы» 2012-2018 жылдарда «Әлеуметітк динамика» ҚҚ-мен бірлесе, «Coca-Cola Белестерi» жобасын іске асыруда. Жобаның мақсаты – ауылдағы жұмыссыз һәм өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдерді бизнеске тарту. Жоба арқылы осы жылдар аралығында 9 мыңнан астам адаммен ақпараттық кездесулер өткізілген. Конкурстарға қатысуға 650-ден астам бизнес-жоспарға өтініш берілген. Байқаудың нәтижесінде АҚШ-тың 4000 доллары көлеміндегі грантты 41 нәзік жан иеленіпті. Көңіл көншітерлік көрсеткіш, бұған қоса 100-ден астам жаңа жұмыс орнының құрылуы және бар.
Ал, биыл, 2018 жылы байқаудың бірінші кезеңі қорытындысы бойынша 25-30 адам таңдап алынады. Оларға қыркүйекте екі күндік кеңестік-оқу семинары, бизнес-жобаларды жария түрде қорғау ұйымдастырылады.
Шолпанай Тұрдышева 2016 жылы грантты жеңіп алған. Оған жылыжай тұрғызды. Ол Молодежный кентінде өзінің жылыжайы аясында Жасыл технология орталығын ашуды ұсынып отыр. Бұл орталықта кәсіпкер таза табиғи өнім өсірудің қыр-сырымен бөлісіп, қыз-келіншектерге бизнес жүргізудің жолын нұсқауды көздейді. Алдағы уақытта кәсіпкер саңырауқұлақ өсіруді де көздеуде. Қазіргі таңда жылыжайында қияр, қызанақ, бұрыш және тағы басқа да көкөністер бар. Оны Қарағанды аймағындағы дүкендер желісі ұдайы алып тұрады.
Диалог алаңында спикерлер мен кәсіпкер-әйел қауымы кәсіпкерлікті дамытудың қажеттілігіне тоқталды. Өздерінің тәжірибелерін ортаға салып, алдағы жоспарларын да жасырмады.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»