Денис Тен — хас батырдың ұрпағы

Денис Теннің қазасы көптің қабырғасын қайыстырып кетті. Ол тек Қазақстанға ғана емес, әлемге танылған спортшы болатын. Мыңдаған адам қыршын кеткен дарынмен қимай қоштасып, ақтық сапарға шығарып салды. Өмір ғой… Осыдан 110 жыл бұрын, Денис Теннің атасы Мин Гын Хо өмірден озған тұста да қалың корей халқы аза тұтып, арысымен қимай қоштасқан болатын.

ХІХ ғасырдың аяқ кезінде Жапон империясы күшейді. Шығыста азаттығын жоғалтпай, қайта империялық араны ашылған жалғыз ел солар еді. Ішкі экономикасын нығайтып, әскерін бақайшығына дейін қаруландырған соң көршілеріне көз аларта бастады. Алақандай арал империя үшін тарлық етті. Сондықтан, құрлыққа шығудың жолын іздеп, Қытай мен Кореяға шабуыл жасады.

Бұл тұста Корея елінің экономикасы шатқаяқтап, әскері дәстүрлі қару түрін қолданатын. Күші басым жауға қарсы тұра алмай, бодандықты қабыл алды. Көп ұзамай императордың Корея әскерін тарату жөніндегі бұйрығы шығады. Әскердің тарауы – құлдық қамытын мойынға ілу. Туған елінің азаттығын аңсаған батырлар атқа қонып, басқыншыларға қарсы тұрмаққа бекінді. Еріктілерден құрылған «Әділет әскерін» Мин Гын Хо бастады

Ел арасында Мин Гын Хоның атағы кең таралды. Әу баста 300 адамнан тұратын әскерінің қатары күн санап артып, басқыншыларға қарсы тегеурінді қарсылық көрсетеді. Алайда, аңдыған дұшпан алмай қойсын ба?! 1908 жылы қапыда қолға түсіп, қаза болған. Жапон да мықты халық. Жау да болса Мин Гын Хоның ерлігіне құрметпен қарап, оны өлтірген соң зиратына «Кореяның патриоты, атақты қолбасшы Мин Гын Хоның бейіті» деп жазып кетеді. Корейлер өз батырын ұмытпай, есімін күні бүгінге дейін ұлықтап келеді. Ол Кореяның азаттығы жолында құрбан болған атақты 12 батырдың қатарына кіреді.

Кореялықтар өз батырларының соңынан ұрпақ қалмады деп ойлап келген болатын. Кейін оның қызы мен жиені қиын-қыстау заманда жау қолынан сытылып, Манчжурияға, кейін КСРО-ға өтіп кеткені анықталды. Сол жиеннен туған ұлдың бірі, қазақтың мақтанышы – Денис Тен еді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.