Дарабоз
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Молдахметов – өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында М.Ломоносов атындағы химия технологияларының Мәскеу мемлекеттік институтының аспирантурасын бітіріп, ғылым кандидаты атанған саусақпен санарлық қазақ жастарының бірі. Алған білімін елінің болашағы, ғылымның дамуына сарпыды, бар саналы ғұмырын соған арнап келеді.
Ол күрделі молекулаларды спектроскопиялық әдістер арқылы одан әрі зерттеуге болатынын дәлелдеді. Ғылымның физика мен химия салаларының қабысқан жерінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, осы салада түрен салды деуге болады. Қазақстандағы кванттық химия мектебінің бастауында дарабоз ғалым Зейнолла Молдахметұлы болды. Ғылыми жұмыспен айналысып жүріп, ол Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтында, кейінірек Қарағанды мемлекеттік университетінде ректор болып, еліміздің білім беру ісін дамытуға сүбелі үлес қосты. Қазақ елі Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Мәскеудегі Қазіргі заманғы гуманитарлық академиясының филиалы ретінде Астанада Қазақстан-Ресей университетін ашты. Зейнолла Молдахметов, сонымен қатар, «Органикалық синтез және көмір химиясы институты» ЖАҚ директоры, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы. Ғалымның зерттеулерінің негізгі бағыты органикалық молекулалардың фотохимиясы мен фотофизикасын, сондайақ, теориялық және қолданбалы спектроскопиясын, кванттық химия және органикалық молекулалардың реакция қасиеттеріне арналған. Белгілі ғалымның әріптестері, қамқорлығын көрген жандар, шәкірттері академиктің жан-жақты танымын, инновациялық бастамаларды қолдауы, алға қойған мақсатына жетудегі табандылығы мен қажыр-қайратын сүйсіне айтады. Бүгінде ғалым Алланың берген күш-қуатының арқасында сексен бес жасқа толғалы отыр.
Жақсының аты мен ғалымның хаты тарих беттерінде мәңгі қалатынындай, Зейнолла Молдахметұлының еңбектері жас ғалымдарға – таптырмас құрал, өмірі – өнеге.
Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»