Дамудың даңғыл жолында

    Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңін артқа қалдырды. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Тәуелсіздік алғалы бері әлемнің назарын аударарлық жетістіктерге де қол жеткіздік. Оған дәлел – Бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиада ойындарының Алматыда өтіп, оған 57 мемлекеттен 2 мыңнан астам спортшы мен делегация мүшелерінің қатысуы. Бұл сайыста отандастарымыз жүлде қоры бойынша екінші орынға тұрақтап, 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медальді қанжығалады. Ендігі кезекте, Астана қаласында «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі өтпек. Бұл игіліктердің барлығы еліміздегі тыныштық пен бейбітшіліктің, заңның сақталуының жемісі деп түсінген абзал. Себебі, заңға бағынбаған елдің болашағы бұлдыр болмақ.

Бұл тұрғыда Елбасымыздың көрегендігін де айта кеткен абзал. Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы кезекті Қазақстан халқына Жолдауы биыл 2017 жылдың 31 қаңтарында ел назарына ұсынылды.

Президентіміздің биылғы Жолдауына тоқталатын болсақ, сот жүйесіне қатысты бесінші басымдылық – институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты екендігін аңғарамыз. Көшбасшымыз өз сөзінде «Бірінші, үкімет үшінші жаңғырту аясында ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелері мен ұсынымдарын имплементациялау жұмысын қамтамасыз етуге тиіс. Екінші, біз жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргізудеміз. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен және азаматтық қоғамдастықпен бірлесіп, жеке меншік құқығын қорғауды күшейтуге қатысты бүкіл заңнама ревизиясын жүргізуді тапсырамын. Сонымен қатар, әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендірген жөн. Әкімшілік айыппұлдар әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуға тиіс. Кәсіпкерлік саласында құқық бұзғаны үшін салынатын санкцияны төмендету жұмысын одан әрі жүргізе беру керек. Қоғамға қауіптілігі жоғары емес экономикалық қылмыс құрамын криминалдық сипаттан арылту керек. Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңызды. Үшінші, қауіпсіздік ахуалы қуатты және әркет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналып келеді. Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады. Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу қажет. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек. Бас бостандығынан айыру орындарында сотталмағандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек. Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет. Осы шараның бәрі менің тапсырмам бойынша әзірленіп жатқан, 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламада ескерілуге тиіс. Киберқылмыспен күрестің өзектілігі барған сайын арта түсуде. Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырамын. Төртінші, біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр. Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет. Маңызды мәселенің бірі – сатып алу саласын жетілдіру. Үкіметке мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізуді тапсырамын. Квазимемлекеттік секторда, табиғи монополия және жер қойнауын пайдалану салаларында да сатып алу шараларын өткізу әдістерін түбегейлі қайта қарастыру керек. Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс» деді.

Сот жүйесіне деген қарапайым халықтың, Қазақстан Республикасының азаматтарының сенімділігін ұялату, ол алдымен сот жүйесі қызметкерлерінің басты міндеті болып табылады. Судьялар мен сот қызметкерлері Қазақстан Республикасы Конституциясы Заңнамалары аясында тиісті жұмыстар атқарады. Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы Жолдауының бесінші басымдылығына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, яғни, маңызды басты мәселелердің бірі екенін атап өтті.

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс. Біз осы мақсатқа қарай табандылықпен ілгерілеу үшін алдымен Қазақстан Республикасы азаматы ретінде, оны парызымыз деп, соның ішінде сыбайлас жемқорлықпен қарсы күреске үлесімізді қосуымыз керек.

Сот жүйесі бұл – қарайым халықтың басына түскен даулы мәселелерді немесе құқық қорғау органдарының қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін азаматтарға тиісті жазасын беру мақсатында жүгінетін соңғы сатысы. Сот жүйесінде даулы сұрақтардың шешімін табады. Сот жүйесіне келген азамат үмітпен, мәселесінің шешімін табуға деген сеніммен келеді. Елбасы атап айтқандай, сот жүйесіне деген сенімділікті одан әрі жақсартып, жоғалтып алмауды мақсат тұтуымыз қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жасау – сот жүйесіндегі қызметкерлердің міндеті.

Ж.МҰҚАТАЙ,

Қазыбек би аудандық сотының бас маманы.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.