Ресми

«Даму көшінен қалмайды»

Төскейі төрт түлік малға, қойнауы түрлі қазба байлықтарға толы Шет ауданының ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамып келеді. Аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты да жыл санап жақсара түсуде. Айтулы өңірдегі шаруа жайын, елдік мүдде жолында көптеген игі істердің жүзеге асып жатқанын көпшілік көріп те, айтып та жүр. Өңірдің өркендеуі әдетте орталықтың дамуымен айшықталып жатады. Жақында Шет ауданының әкімі Мұхит Сайлауұлымен сұхбат құрып, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуа­лы жайында сөз қозғаған болатынбыз.

Суреттер Шет ауданы әкімдігінен

– Мұхит Сайлауұлы, алдымен су тасқынына байланысты ақпаратпен бөліссеңіз. Ел тұрғындарын әбігерге салған су тасқыны Шет ауданын да айналып өткен жоқ. Тасқынның салдары ауқымды болды, елдімекендерге зиян келтірді. Қазіргі жағдай қалай?

– Тілсіз жау тосын келеді. Ел басына келген қауіп халқымызды әбігерге салды. Мемлекет басшысы атап өткендей, тас­қын судан зардап шеккендердің бірде-бір адамы ескерусіз қалмайды. Биыл 20 наурыздан бастап, ауданда барлығы 60 үй (222 адам) (су басқан 4 елдімекен) Қайрақты ауылында – 15 үй, Ақсу ауылында – 31 үй, Красная Поляна ауылында – 7 үй, Дербісалы ауылында – 7 үй су астында қалды. 4 елдімекенде 89 мал шығыны тіркелді. Малдың құны 14,7 миллион теңге көлемінде. Қайрақты, Ақсу, Красная Поляна, Дербісалы, Шопа, Аққияқ ауылдарының тұрғындарына азықтүлік, киім, генератор, түрлі қорлардан, кәсіпкерлер мен қоғамдық бірлестіктерден ақшалай қаражат түрінде гуманитарлық көмек көрсетілді. Көрсетілген гуманитарлық көмек көлемі 14 тонна. 169 ерікті тартылды. Су бұзып кеткен Қайрақты ауылының кентішілік жолдарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Және Шопа ауылына кіреберіс, Ақсу ауылының кентішілік жолы жөнделді. Аккредиттелген ұйым – «QazNurtend» ЖШС су басқан үйлердің мүлкін тексеріп, бағалады. Шет ауданы әкімдігінің қызметкерлерімен техникалық тексеру қорытындысы тапсырылды. Барлық 60 отбасыға (60 отбасы, 222 адам) жергілікті бюджеттің есебінен 8-11 сәуір аралығында біржолғы төлемдер төленді. Атап айтқанда, 100 АЕК (369 200 теңге) мөлшерінде 22,2 миллион теңгеге әлеуметтік көмек және 18 миллион теңгеге жеке мүлік бойынша шығындар өтелді. Үш ауылдағы 6 үй апатты деп танылды. Красная Поляна ауылдарындағы 5 отбасы – 3 үй, Ақсудағы зардап шеккен 2 үй тұрғынына үй сатып алынды.  Сондай-ақ, Дербісалы ауылында 1 үй салынады. Қалған 54 үй бойынша 47,5 миллион теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жолға қойылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында барлық кредиттер бойынша төлем 3 айға (2024 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға дейін) кейінге қалдырылды. Сондай-ақ, төлемдерді кешіктіргені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейді.

– Жалпы, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері қалай? Ауданда қай салада өсім бар?

– Үкімет басшысы және облыс әкімі берген тапсырмалардың орындалуын қам­тамасыз етіп, ауданның әлеуметтік-­экономикалық дамуына нақты жұмыстарды атқару жолға қойылған. Аудан экономикасының нақты сектор саласында даму бар. Былтыр қаңтар-желтоқсан айларында – 119 644,9 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Негізгі капиталға былтыр 83 185,7 миллион теңге инвестиция құйылды. Ауыл шаруашылығында 24,7 мың тонна ет, және 104,9 мың тонна сүт өндірілді. Ірі қара малы 3,8% өсіммен – 110,9 мыңға жетсе, жылқы ауданда – 74,1 мың бас. Бұл биылғы жылы көк көтеріліп, жайылымдар жақсарса, еселене түсетіндігі анық.

Ал, тұрғын үй саласына келетін болсақ, өткен жылы – 6572 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жоспар бойынша 100% орындалды. Тауар айналым көлемі былтыр 6245,7 миллион теңге болды. Осы жылы бұл көрсеткіштер жоғарылайды деген жоспар бар. Ауданымызда атқарылған жұмыстар бойынша әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларында инвестиция және құрылыс жұмыс­тарының индикаторынан басқа барлық макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсу тенденциясы байқалады.

– Ауыл тұрғындары үшін ең өзекті мәселе – жол. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Автокөлік жолдарын жөндеуге өткен жылы облыстық, аудандық бюджет көздерінен 944,0 миллион теңге қаржы қарастырылды. Оның ішінде, 173,0 миллион теңге қаражатына 1 округке қарасты аудандық маңызы бар және 7 елдімекендерінің ішкі көшелерінің жалпы 22,8 шақырым автокөлік жолдары жөндеуден өткізілді. Бөлім тарапынан жасалған автокөлік жолдарының сапасын қадағалау мақсатында автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарына зертханалық сараптама өткізу, жол-құрылыс материалдарының сапалық жарамдылығын тексеру, қадағалау мақсатында Қарағанды облысы бойынша «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК филиалымен 5,0 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. Елдімекенде жүргізілген жолдардың жол жөндеу жұмыстарына тексеру жүргізіліп,  сынамалар алынып қорытындылары ұсынылды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында – 837 651 мың теңге бөлінді. Оның ішінде, жергілікті бюджеттен – 83 800 мың теңге, облыстық бюджеттен 19,7 шақырым жолға 753 миллион теңгеге ауданымыздағы 5 елдімекеннің ішкі көше жолдарының орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар Еркіндікте – 107 миллион теңгеге, Өспенде – 54 миллион теңгеге, Бұрмада – 276 миллион теңгеге, С.Сейфуллинде – 223 миллион теңгеге, Дарияда – 93 миллион теңгеге жасалады.

Сонымен қоса, облыстық бюджеттен Қызылтау ауылының кіреберіс жолының суағарларын ауыстыру және жолға орташа жөндеу жұмыстарына 160,0 миллион теңге және Ақадыр кентінің ішкі көше жолдарын асфальттауға 300,0 миллион теңге бөлініп отыр. Аудандық бюджеттен елдімекендердің 32,2 шақырым ішкі көше жолдарына ағымдағы жылы орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 804 миллион теңге қаржы қарастырылды.

– Экономикалық дамудың бір көрсеткіші – құрылыс. Бұл сала бойынша қандай жаңалықтар бар?

– Құрылыс экономикалық дамудың маңызды көрсеткіші. Өйткені, ол жаңа инфрақұрылым нысандарын, тұрғын және коммерциялық ғимараттарды құрумен, сондай-ақ жалпы құрылыс саласын дамытумен байланысты.

Осыған байланысты айта кетсек, былтыр облыстық және аудандық бюджеттен Ақсу-Аюлы ауылында 24 пәтерлі тұрғын үй құрылысына қаржы қарастырылды. Мемлекеттік сатып алу заңдылығына сәйкес ашық конкурс арқылы мердігері анықталды. Мердігері – «Корпорация МСК-Строй» ЖШС. Қазіргі таңда нысанның шамамен 80 пайызы  аяқталған.

Кейін Ақсу-Аюлы ауылындағы 24 пә­терлі тұрғын үйдің инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсты нәтижесіне сәйкес «ГрадСтройСервис» ЖШС ұтып алып, нысанның мердігері атанды. Аталмыш нысан бойынша су, электр, жылу және ұялы желілері толығымен тартылды.  Бүгінгі күнде жылу қазандығын құру жұмыстары толық аяқталды.

Өткен жылдың қорытындысында әлеуметті осал топты отбасыларға аудан бойынша бастапқы нарықтан шаршы метрі 83,3 шаршы метрден кем болмайтын 36 тұрғын үй сатып алынды. Барлық сатып алынған тұрғын үйлер үй кезегінде тұрған тұрғын үйге мұқтаж адамдарға кезекке сай тапсырылды. Жалпы, 60 пәтер халыққа пайдалануға тапсырылды.

Ал, 2024 жылға жоспар бойынша, Шет ауданында бүгінде республикалық бюджеттен бірінші нарықтан 10 тұрғын үй сатып алуға қаржы қарастырылған. Алдағы уақытта тұрғын үйлерді сатып алуға қосымша қаржы қарастыру жоспарлануда.

Ақсу-Аюлы ауылында кәріз жүйесінің құрылысы жоспарға сай жүргізілуде. 2023 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде сәйкес жобаның мердігері «Агидель-АС» атанды. Қазіргі таңда мердігермен келісімшарт жасалды. Құрылыс жұмыстары 2023-2025 жылдар аралығында атқарылатын болады. 2022-2023 жылдары аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, Ақсу-Аюлы ауылындағы жаңа ықшамаудан құрылысы нысаны бойынша  «ЖетісуГипроСтрой» ЖШС-мен жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қазіргі таңда құжаттама сараптамадан өтіп, оң қорытындысы шықты. Облыс­тық басқармаға тиісті бюджеттік сұраныс жолданып, қаржы бөлінген жағдайда 2024-2025 жылдары құрылыс жұмыстары басталады. 2022 жылы Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылына дене шы­нықтыру-сауықтыру кешенін салуға жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, 2023 жылдың маусым айында сараптаманың оң қорытындысы шықты.

Сонымен қатар, Шет ауданы Ақадыр және Мойынты кентінде 2023 жылы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға жобалау-сметалық құжатын әзірлеуге аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамадан өту үшін жолданды.

Сондай-ақ, сатып алу конкурсы бойынша Ақадыр кентінде теміржол желісі үстінде салынатын «Жол өтпесінің» жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға «СК Инжиниринг» ЖШС-гі 30,5 миллион теңгеге  ұтып алып, құжаттары дайындалуда. Жоба келісімшарт мерзімі бойынша ағымдағы жылдың тамыз айында дайын болады.

– Ауданда мал шаруашылығымен қатар, егін шаруашылығы да  дамып келе жатқанын білеміз. Бұл бағытта қандай жұмыстар жасалуда?

– Ауданда ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер көлемі 2 674 607 гектар болса, оның ішінде, егістік жер көлемі  53 395 гектар көлемінде. Өткен жылы  ауданның тауар өндірушілері  24 800 гектар жерге дәнді дақылдар септі. Бұл жалпы егістік көлемінің 47 пайызы, биыл егістік көлемін 25 000 гектарға жеткізу жоспарлануда. Ауданның ауыл шаруашылығы  негізінен мал шаруашылығы бағытында болғандықтан дәнді дақылдар ішінен  мал азықтығы түрлеріне басымдық берілген. Мал азығын дайындауда суармалы жерлерді айналымға енгізіп, бір жылдық және көп жылдық шөптер егу қолға алынуда. Аудан бойынша суармалы жерлердің көлемі 3800 гектарға жетті, оның ішінде, 1200 гектарға алқапқа картоп отырғызылып келеді. Бұл бағытта Красная Поляна ауылдық округіндегі «Шерубай Су» ЖШС-ін ерекше атап өтуге болады. Былтыр Ұлттық жоба аясында аталған кәсіпорын 1,2 млрд. теңгеге сыйымдылығы 20,0 мың тонналық картоп сақтайтын қойманы өз қаражатына салып, іске қосты. Былтыр 71 өтінім қаралып, 552 миллион 685 мың теңгеге жобалар қолдау тапты. Оның ішінде, 10 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері – 208 миллион теңге, 61 жеке кәсіпкерге – 344,5 миллион теңге несие берілді. Қазіргі таңда несие алған 19 адамның 15-і 175 ірі қара малын сатып алса, 36 жеке кәсіпкер 394 жылқы  сатып алды. Және 8 несие алған кәсіпкер 19 бірлік әр түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алып, шаруашылығына пайдалануда.

– Жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде?

– Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек нарығын дамыту мақсатында 2023 жылы өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 393, ұлттық жобаларды іске асыру барысында – 415, бос жұмыс орындарына – 612, барлығы 1420 адам еңбекке тартылды.

 «2022-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жоба аясында мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына 354 адам жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, Теміртау қаласының оқыту орталығында 14 жұмыссыз адам қысқа мерзімді кәсіптік даярлау курстарын аяқтап, барлығы тұрақты жұмысқа орнығып, еңбек етуде.

– Ауылдарды ауыз сумен қамту қалай жүргізілуде?

– Айта кетсек, Шет ауданы Нұраталды ауылдық округінің Ақсу ауылында су құбыры желісінің құрылысының мердігері – «Райс KZ» ЖШС-і, шарттық құны – 291 976 927,2 теңгеге келісім жасалды. Нысанда 36 құдық және сыйымдылығы 100м3 болатын су мұнарасы орнатылды. Құрылыс жұмыстары 95% пайызға аяқталып тұр.

Красная Поляна ауылдық округінің Бекет ауылында су құбыры желісінің құрылысы бойынша мердігері – «НЦТ» ЖШС-і, шарттық құны – 389 384 141,50 теңгеге мәмілеге келді. 52 құдық орнатылды. Құрылыс жұмыстары 85% пайызға аяқталды. Нұраталды ауылдық округінің Қызылқой ауылында су құбыры желісінің құрылысы бойынша мердігері – «НЦТ» ЖШС-і, шарттық құны – 449 000 743,52 теңгеге есептелді. Нысан жобасына сәйкес 18 құдық орнатылды. Су мұнарасы мен сорғы станциясын орнату жұмыстары қалды. Құрылыс жұмыстары 80% пайыз­ға аяқталып тұр. Су құбыры тұрғын үйлердің қоршауына дейін салынған.

Ақшоқы ауылдық округінің Қызылтау мен Ақбауыр ауылында су құбыры желісінің құрылысы нысанына мердігері – «НЦТ» ЖШС-і, шарттық құны – 543 648 585,82 теңгеге келісім жасалды. Нысан жобасы аясында 50 құдық орнатылды. Су мұнарасы мен сорғы станциясын орнату жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, Ақбауырда, Өспен ауылдық округінің Еркіндік ауылында, Ақой ауылында су құбыры желісінің құрылысы жүргізілді. Жоғарыда аталған нысандардың құрылыс жұмыстарының келісімшарты 2023-2024 жылдарға қаралған. Құрылыс жұмыстары 90% пайызға аяқталып тұр. Сонымен қатар, Ақсу-Аюлы ауылдық округінің Еңбекшіл ауылына орталықтандырылған су құбыры жүйесі құрылысына жобалау­сметалық құжаттары әзірленген жоба құны – 355 249,0 мың теңге. Бүгінгі күнге облыстық басқармаға бюджеттік сұраным жолданып, 2024 жыл басынан нысанның құрылысын жүргізуге қаржы бөлінуге қолдау табылып отыр.

 Көктіңкөлі ауылдық окургіне қатыс­ты 56-разъезд бен Әлихан ауылдарына жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қорытындысының оң нәтижесі шықты жоба құны – 937 311,0 мың теңге. Бүгінгі күнге облыстың басқармаға бюджеттік сұраным жолданып, биыл  қаржы бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Биыл аудандық бюджеттен Өспен ауылдық округіне қарасты Айсаға, Ақжал кентіне қарасты Ақжартас және Дария кенттеріне таза ауыз су құрылысын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттары әзірленді. Мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Босаға, Киікті, Красная Поляна ауылдарының су жүйелерін қайта жаңғырту үшін жобалау­сметалық құжаттарын әзірлеуге аудандық бюджеттен қаржы қарастырылды. Мердігері – «Костанай Агропромпроект» ЖШС-і атанды. Аталған 3 елдімекен бойынша ауыл тұрғындарымен 2 мәрте жиналыс өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда жобалық­сметалық құжаттар жинақталып, сараптамадан өтуде. Биыл атап айтқанда, бес елдімекендерге кешенді-блок модулін орнатуға облыстық бюджеттен 150,0 миллион теңге трансферт бөлініп отыр. Оның ішінде, Нұраталды ауылдық округіне қарасты Шопа ауылы, К.Мыңбаев ауылы, Шет ауылдық округіне қарасты Қармыс ауылы, Ақсу-Аюлы ауылдық округіне қарасты Ақтөбе, Қайрақты ауылдары бар. Сонымен қоса, Ақшатау кентіне су нысанын орнатуға жергілікті бюджеттен 20,0 миллион теңге қарастырылып отыр.

– Аудандағы жер қойнауын пайдаланушы компаниялар әлеуметтік міндеттемесін орындап жатыр ма?

– 2020-2023 жылдары аудан аумағында жұмыс істеп тұрған ірілі-кішілі кәсіп­орындармен 4 өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылған. Өткен жылдың мамырында жасалған Шет ауданы әкімдігі мен «Bapy Mining» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық меморандумға сәйкес шағын футбол алаңын салу, кәсіпорынға жұмысқа алу және жергілікті тұрғындарды қажетті мамандықтарға оқыту, мектептің бір түлегін медициналық мамандық бойынша оқытуды қаржыландыру, кенттегі ішкі жолдарға қиыршық тастар төгіп тегістеу жұмыстарын жүргізу, кенттегі ескі аурухана ғимаратын балабақша ретінде пайдалану жөнінде алдын ала бағалау және тексеру жүргізумен кейіннен түпкілікті шешім қабылдау қарастырылған. Осындай өзара ынтымақтастық туралы меморандум Шет ауданы әкімдігі мен «KyzylAray Copper» ЖШС арасында бүгінгі таңда қайта келісілуде.

Әкімдік пен «Қазсолар-50» ЖШС арасындағы 2020 жылғы меморандум аясында Ақадыр кенті, Нұраталды, Ақсу-­Аюлы ауылынан көпбалалы отбасындағы 3 баланың жоғары оқу орындарына оқу ақысын төлеп беріп отыр.

– Ауданның медицина саласының жағдайы қалай? 

– Аудан тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмекті 61 тө­сек­-­орындық аудан орталығында және Ақадыр кентінде орналасқан 2 аурухана, Ақжал, Красная Поляна, Нұраталды, Жарық, Мойынты және Өспен елдімекендерінде орналасқан 6 дәрігерлік амбулатория және 11 фельдшерлік-акушерлік, 30 медициналық пункті көрсетеді. Ақадыр, Ақжал, С.Сейфуллин кенттерінде және аудан орталығында орналасқан медициналық құрылымдарда қосымша 64 төсек­орынға арналған 4 күндізгі стационар  жұмыс атқарады. Аудан бойынша дәрігер кадрлармен қамтылу, денсаулық сақтау мекемелерінде 56 дәрігер,  257 мейіргер аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді. Ауданға дәрігер мамандарды шақырып тұрақтандыру өзекті мәселенің бірі болып отыр. Өткен жылы ауданға 7 маман дәрігер (5 – жалпы тәжірибелік дәрігер, 1 – методист, 1 – хирург) келді. Сонымен қатар, жылжымалы әлеуметтік дәріхана ауыл кенттерге кесте бойынша шығып, тұрғындарды дәрімен қамтамасыз етуде. Аудандағы медициналық нысандарды материалдық-техникалық базасын жабдықтау жыл сайын күшейіп келеді. Өткен жылы центрифуга, жарық диодты хирургиялық шам, үш модулі бар аудиометр, электрохирургиялық жоғары жиілікті электрохирургиялық құрылғылар, жартылай автоматты гемостаз анализаторы, электрогидравликалық операциялық үс­тел, бейнеэндоскопиялық жинақ медициналық  аппараттармен қамтылды.

2023 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының жұмыс жоспарына орай, «Ауыл медицинасын жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында ауданның 7 елдімекенінде жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, пайдалануға берілді. Осы жылы 14 елдімекенде 4 ФАП, 10 медициналық пункт салу жоспарланды. Аурухананың жанындағы ғимарат күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, 1-ші қабаты жедел жәрдем кешені, 2-ші қабаты жас мамандарға тұрғын үй ретінде пайдалануға берілді. Ақадыр селолық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button