Ауыл – ел бесігіБас тақырып

ДАЛА ӨРТІ дәрменсіздігімізді көрсетті

Дала өрті – Арқа жеріне дамыл берер емес. Жауын жаумай, жер құрғап, шөп қурап жатқан қуаңшылықта әр ұшқын тілсіз жауға сеп. Шіліңгір шілде басталған бетте Ұлы Даланың Ұлытауында бір апта бойы дала өрті «сайран» салды. Осылай демеске амал жоқ…

«ТӨТЕНШЕ» неге кеш жетті?

Ұлытау облыс орталығынан шалғай жатыр. Дегенмен, бұл – бір секундта хабар алғызған заманда, 1 шілдеде басталған дала өртіне «төтеншеліктердің» екі-үш күн салып жеткенін ақтамайды. Ресми деректер өрт ашық күнде ойнаған найзағайдан болды дейді. Оқиға орнына «жедел» жеткен облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов: «Ұлытау ауданында алты өрт ошағы бақылауда. Біреуі (Сәтбаев жанындағы) сөндірілді. Борсеңгір ауылы маңында өрт сөндіру жұмыстары аяқталуға жақын. Кеше Пионер және Байқоңыр ауылдарына өрттің жақындау жағдайлары болды. Шеңбер ауылдық округінде дала өртінің тағы бір ошағы тіркелді. Өрт Қостанай облысы жағынан келді. Оқиға орнында өрт сөндірушілер және орман шаруашылығының қызметкерлері жұмыс істеуде. Елдімекенге төніп тұрған қауіп жоқ» деп есеп берді. Бірақ, шығын жайлы ләм демеді. Өйткені, олар жеткенше жергілікті тұрғындар өз күшімен өртті «бәсеңдеткен» еді.

Төтенше жағдай жарияланды

Өрттің алапат болғаны сондай, Ұлытау ауданында төтенше жағдай жарияланды. Ұлытауда болғанында облыс әкімі жағдай толық бақылауда екенін мәлімдеді. «Қауіпті учаскелерді жою үшін қажетті күштер мен құралдар жеткілікті. Жезқазған және Сәтбаев қалаларынан әкімдіктер 20 тонна көлемінде жанар-жағармай мен азық-түлік жеткізуді ұйымдастырды», – деп мәлімдеді Жеңіс Қасымбек.

Ауданда төтенше жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды. Оған аудан әкімінің орынбасары төрағалық етеді. Елді мекендері отқа оранған ауданда түрлі техниканың 175 бірлігі, құтқарушысы мен еріктілері бар, барлығы мыңға жуық адам күн-түнге қарамай өртпен алысты. Кейбір деректерге қарағанда, аудан аумағында қызыл жалынның 17 ошағы болған. Дала өрті Керегетас, Ойшыбар, Қалыбай, Демеубай, Сарысай, Қызылсай, Ермек, Борсеңгір, Пионер, Байқоңыр, Шеңбер ауылдары тұсында ерекше өршіген. Бұл құрылған комиссия шығындарды есептеп, шаруалар айырылған кем-кетікті жамамақшы. Алайда, шалғай жатқан ауылдардағы кейбір мал басының құлағына сырға тағылмаған, шаруалар «ертеңгі күні бұл жануарларды есепке алмай қала ма?» – деп қынжылып отыр. Өйткені, мал дәрігерлері шалғай ауылдарға аяқ баспаған. Мысалы, Жангелді ауылдық округіне қарасты «Әбдібеков» шаруа қожалығының 300-дей қойы мен он шақты сиыры отқа күйіп өліпті. Қожалық иесі бірнеше қойына сырға тағылмады дейді…

Тас үй жанды сақтап қалды

Тілсіз жаудан зардап шеккен Шиеліқұдық қыстағындағы жағдай жаға ұстатарлық. Айналасы бес-он минутта от шарбақта тұрған малды «жұтқан», ал, тас үйді қорған қылған жан аман қалды, «Тәубе» дейді қазақ мұндайда. Інісінің үйіне жазғы демалысқа келген Раиса Әбдібекова көрген түстей өткен сәтті былайша баяндайды: «Еңбек демалысымды пайдаланып, екі қызымды ертіп бауырым тұратын Шиеліқұдыққа демалуға келдім. Шілденің 2-сі күні далада тұтанған өрт әп-сәтте ауыл шетіне жетіп, сырттағы малды қырып жіберді. Тілсіз жау бар-жоғы 5-10 минуттың ішінде айналаның бәрін жайпап өтті. Өртті көріп, жеті баланы алып, үйге кірдік. Үй тастан салынғандықтан, аман қалдық. Сол күні не көргенімізді есіме алсам, әлі жылай беремін. Балалар өрттен шошығаны соншалық, айғайлап, жылап жіберді. Мен бәріміз түтінге тұншығып, өлеміз деп ойладым» – дейді.

Сонымен бірге, әйел төтенше жағдай орын алғанын біле тұра, оның алдын алып, хабар бермеген жергілікті билік өкілдеріне назын айтты. «Осындай жағдай болған соң, інім бірден құзырлы органдарға хабарласты. Әрине, дала өртіне ешкім кінәлі емес, бірақ осындай қиын-қыстау заманда бізге қолдау көрсетеді деген сенімдеміз. Барлық шығынды өтеп бермесе де, қол ұшын созатын әрбір жанға риза боламыз. Құдайға шүкір, өзіміз аман қалдық, бірақ інім қазір бар малынан айырылды, балалары бар, осының бәрі жанымызға батып отыр», – дейді Раиса Әбдібекова.

Бір адамды жалмады

Қоскөл ауылынан қырық шақырым жерде өртеніп кеткен «УАЗ» автокөлігі қаңқасының жанынан 23 жастағы ер адамның мүрдесі табылды. Ресми деректер бойынша, қаза тапқан азамат өрт сөндіруші еріктілердің қатарында болмаған. Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның мән-жайын жергілікті полиция қызметкерлері анықтау үстінде.

Әрі құрғақ жер, қуарған шөп – жанған сайын желде соғып әбігерге салғандықтан, өрт сөндіру түнде де тоқтатылмаған. «Қабылданған шаралар қауіпті сейілтті. Күш пен құрал жеткілікті. Құтқару қызметтері жергілікті атқарушы органдармен тығыз жұмыс істеуде. Әкімдіктер қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуде. Тұрғындар түсінушілікпен қарауда, белсенді қолдау көрсетіп, тіпті, өз үйлерінде құтқарушыларды тамақтандыруда», – деді облыстық ТЖ департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов.

Дала өрті – тілсіз жау. Біз оған дайынбыз ба? Жоқ. Мұны бір апта бойы елді сынға алған Ұлытаудағы өрт дәлелдеп берді. Өрттің алдындағы күшімізді көрсетуіміз үшін не істеуіміз керек? Бұл туралы мемлекеттік қызмет ардагері Ниқанбай Омарханов:

Ұлытау ауданында болған дала өрті, жүздеген бас мал шығыны, адам өлімі жағдайға түбегейлі қарауды талап етеді… Ауылаудандар жанталасып жатыр, бірақ шамалары жетпейді, күштері тең емес. Облыста аянып жатқан жоқ, бірақ әдеттегідей облыстан көмек 3-4 күн кешігіп баруда, жер шалғай, жол алыс… Қазір дала өрті барлық аудандарда болып жатыр… Бұл, жұт жеті ағайынды дегендей, биылғы жылғы қуаңшылықтың салдары, одан әрі де жағдай қиындай беруі әбден мүмкін – жайылым, шабындық өртенді, малдың қоңы нашар, қыстамаға дайындап жатқан шөп аз және құнары жоқ, сапасыз. Осының бәрі қыс пен көктемде төл болмай, түрлі мал ауруларын қоздыруы, жаппай мал шығындарына әкеліп соғуы әбден мүмкін… Оның соңы тағы қымбатшылыққа апарады. Сондықтан, келешекте, бұрыннан қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, қандайда бір табиғи, техногенді, стихиялы төтенші жағдайлар орын алған кезде, бірінші басшы уақыт өткізбей апат орнына тиісті құрылым басшыларын өзі бастап барып, жағдайды өз көзімен көріп, ақылдасып, тиісті тапсырмаларды беріп, жұмысты ұйымдастырып кетуі апат зардабын мейлінше азайтуға үлкен көмек болады, – дейді.

Түйін

Біз табиғат сынынан сүріндік. Апат айтып келмейді. Тілсіз жау – апат емей не? Бұл бірінші рет болған жағдай емес. Жылдар бойғы жыр. Дерекке қарасақ, 3-7 шілде аралығында Ұлытау ауданында ғана емес, Бұқар жырау, Нұра, Шет, Осакаров, Қарқаралы аудандарында және Қаражал қаласында жалпы ауданы болатын 33 995 гектарда дала өрті тіркеліпті. Ал, 8 шілде күні «Жаңаарқа ауданы, Ақтау ауылдық округінің Қылыш ауылы жайылымы және Ақтау мен Қаражал қаласының арасындағы 30 шақырымға жуық жайылым, шабындық өртке оранды. Жидебай қыстағынан 4 адам (оның ішінде 3 бала) эвакуацияланды. Барлық ауылдың техникасы жұмылып, өрт сөндіруде. Сонымен қатар, қаражалдық ТЖ қызметінің техникалары іске қосылды. Қазір ауыл жайылымының төрттен бірі жалын құшағында. Әсіресе, Қылыш ауылына қауіп төнуде, өрт сол ауылдың іргесіне 3 шақырым Шөкаман тауына бет алып барады» деген хабар тарады…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button