Жаңаарқа

Дәстүрлі білім сайысы

    Жаңаарқа ауданының орталығындағы Бименде Амалбековтің есімін иеленген орта мектепте математика пәнінен 9-11 сынып оқушылары арасындағы Б.Амалбеков атындағы дәстүрлі аудандық олимпиада өткізілді. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың математика және ақпараттық технологиялар кафедрасы мен аудандық білім бөлімі ұйымдастырған білімділер сынағына аудан аумағындағы 22 мектептен 70-тен аса оқушы қатысты.

Олимпиаданың ашылу салтанатында аудандық білім бөлімінің басшысы Тілеш Әштаев, Қазақ радиосының ардагер-дикторы, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Жақанова және өмірі өнегемен өрнектелген ұстаздың шәкірттерінің атынан бұрынғы партия-кеңес қызметкері, тыл ардагері Балтабай Малдыбаев құттықтау сөз сөйледі.

Бименде Амалбековтің рухына құрмет көрсетушілер қатарында сондай-ақ, Қарағандыдан тыл ардагері, ардагер ұстаз Ошақбай Суханберлин, аудандағы ардагерлер қауымының өкілдері, Б.Амалбековтің Астана, Қарағанды, Жезқазған қалаларында тұратын Иген Амалбеков бастаған ұрпақтары болды. Сөз орайы келгенде ұлағатты ұстаздың ұрпақтары аталған іс-шараның талап деңгейінде ұйымдастырылуына дәнекерлік етіп, қаржылай шығынын толық көтергенін атап өту ләзім.

Сындарлы сынға құрамында ҚарМУ-дың математика факультетінің оқытушылары Райхан Мұратханұлы, Нариман Тоқмағанбетов, Қият Кутимов және аудандық білім бөлімінің математик мамандары бар құзырлы қазылар алқасы басшылық жасады.

Олимпиада қорытындысында 9 сынып оқушылары арасынан О.Жұмабеков атындағы орта мектептің үкілі үміті Нәзира Сәрсенбекова озық шықты. 10 сыныптағылардан Ақтүбек орта мектебінің оқушысы Толғанай Жүніс жеңімпаз атанса, биылғы оқу жылында мектепті тәмамдайтын оқушылардың ортасынан Б.Амалбеков атындағы орта мектептің білімпазы Алмабек Қайыркенов дараланды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің жалпы саны 18 оқушыны құрады. Оларға мектеп директорының міндетін атқарушы Айман Мияшева, ҚарМУ-дың аға оқытушысы Райхан Мұратханұлы, ардагерлер өкілдері және Б.Амал­бек­овтің ұрпақтары арнайы дипломдар және бағалы сыйлық – смартфондарды салтанатты жағдайда табыс етті.

Іс-шара қонақтары оқу ошағының материалдық-техникалық базасы, мектеп мұражайы, кітапханасы, мұғалімдер мен оқушылардың шығармашылық жұмыстары және мектептің қол жеткізген өзге де жетістіктерімен жете танысты. Меймандар, сонымен қатар, мектеп өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаны да қызыға тамашалады.

Қорытынды жиында жұртшылық назарына «Поэзия әлемі» тақырыбындағы көрсетілім мен музыкалық шоу бағдарлама ұсынылды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button