Дәстүрлі бәсеке байрағын көтерді

Еліміздегі ауқымды жарыстардың бірі – белгілі қоғам қайраткері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғапов атындағы дәстүрлі халықаралық турнир. Биыл 36-шы мәрте жалауы желбіреген доданың ашылу салтанатында облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге, ҚР мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев те турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Турнирдің тек, Қарағанды үшін ғана емес, жалпы, еліміздің спорт тарихында үлкен маңызы бар. Себебі, бұл додада әлем чем-пиондары бақтарын сынаған. Бүгінгі турнирге менің бала кезімнен сүйікті спортшыларым Валерий Рачков, Сергей Котенко, Игорь Беланов құрметті қонақ болып келіп отыр. Бес күнге созылатын жарыста жаңа жұлдыздардың жарқырай көрінетініне сенімдімін. Қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді аймақ басшысы өзінің құттықтау сөзінде.

Чемпионатқа Қазақстан, Қытай, Ресей, Финляндия, Тайвань, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның мықты боксшылары қатысуда.

Сондай-ақ, су полосынан Олимпиада чемпионы Сергей Котенко, бокстан әлем чемпионы Валерий Рачков, 1986 жылғы Еуропаның ең үздік футболшысы Игорь Беланов, танымал режиссер, сценарист Олег Степченко, театр және кино актері, продюсер Рамил Сабитов пен Ғалым Жарылғаповтың жақындары жарыс жолындағы жандарға тілектестік білдіріп, құттықтау сөздерін жеткізді.

Жылдан жылға қанатын кеңге жайып келе жатқан бұл жарыстың өзіндік тарихы бар. Қазақ боксының нағыз жанашыры болған ағамыз кейін былғары қолғабын шешкеннен соң да шаршы алаңнан алыстап кетпеді. Бапкерліктен бастап, облыстық туризм және спорт комитетінің басшысына дейінгі қызметтерді атқарды.

1984 жылы Ташкентте КСРО халықтарының спартакиадасы ұйымдастырылып, оған Қазақстанның өкілі ретінде Ғалым Жарылғапов та қатысқан. Сол жарыста қазақстандық Кәрімжан Әбдірахманов, Серік Нұрқазов, Серік Қонақбаев, Асылбек Қилымов ел үмітін ақтайды. Өкініштісі, білікті бапкердің сол сапарда жүрегі тоқтап, көз жұмады. Ал, екі жылдан кейін, яғни 1986 жылы ұлы Нұрғазы Жарылғапов алғаш рет осы турнирді өткізуді қолға алыпты. Содан бері дода дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Байрағымызды биіктетіп жүрген белді спортшылардың бағын ашты бұл турнир. Атап айтар болсақ, бокстың жарық жұлдызы Геннадий Головкин бұл турнирде бес рет топ жарған. Атланта Олимпиадасының чемпионы Василий Жиров пен Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ибраимов та осы турнирдің бес дүркін чемпиондары атанған. 2000 жылы Сидней Олимпиадасының шыңын бағындырған жас қыршын Бекзат Саттарханов та осы жарыста үш рет жеңіс тұғырынан көрінген. Одан өзге, Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, жерлесіміз Серік Сәпиев те осы шыңды бағындырған.

ХХХVI халықаралық турнир Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өтуде. Қарағандылық жанкүйерлер қазақстандық және шетелдік былғары қолғап шеберлерінің тамаша жекпе-жектерін тамашалауда.

Қасымхан ҒАЛЫМ.