Жаңалықтар

“БЖЗҚ”: Бейнетіне зейнеті

Бейнетінің зейнетін көруге асыққан бұқара жылдар бойы өзі жинақтаған қорына алаң екендігі аян. Бүгінде қарттықта алар зейнеттің мөлшері – өзіне тікелей байланысты. Сондықтан, зейнетақы жүйесіндегі жаңалықтарға бұқараның құлағы түрік.

Қарағанды облысы филиалы директорының орынбасары Нұрлан Тұрғаевтың айтуынша, 2018 жылдың 1 шілдесінде зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 8,4 триллион теңгені құрап, жыл басынан бері 663,6 млрд. теңгеге немесе 9 пайызға өскен көрінеді.

2018 жылдың алғашқы жартысында салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 356,4 млрд. теңге болыпты. Жыл басынан бері табыстылық 4,5 пайызға жеткен. Бұл кезеңде инфляция деңгейі 2,6 пайыз болды. Ал, жылдық тұрғыда алып қарайтын болсақ, Қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2018 жылдың 1 шілдесі аралығында 9,5 пайызды құрап отыр. Ал, бұл кезеңдегі инфляция деңгейі 5,9 пайыз шамасында.

Жалпы, 2018 жылдың жарты жылдығы бойынша 5,6 миллионнан астам адам Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарналарын аударды. Ал, олардың 70 пайызы (шамамен 4,1 млн. адам) зейнетақы жарналарын жылына кемінде алты рет аударады. Бұл ретте олардың төлеген міндетті зейнетақы жарналарының сомасы 407,4 млрд. теңге болды. Салыстырып қарайтын болсақ, 2017 жылы 5,9 миллионнан астам салымшы БЖЗҚ-ға жалпы сомасы 756,1 млрд.теңгеге міндетті зейнетақы жарналарын аударды. Бұл – 2016 жылғы көрсеткіштен 8 пайызға жоғары.

Қор экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту және зейнетақы жарналары бірнеше жыл бойы түспеген шоттарды белсенді ету мақсатында оларды өңдеу жұмыстарын қолға алды. Салымшылардың дерекқорында 2015-2017 жылдар аралығында ашылған, бірақ, содан бері бірде-бір рет жарна түспеген немесе тұрақты түсіп тұрмаған шоттар анықталды.

2018 жылдың ақпан-маусым айлары аралығында 218,4 мыңнан астам салымшымен байланыс орнатылды. Солардың 13 пайызы, яғни 29 мыңға жуық адам қосымша ақыл-кеңес алу үшін Қорға хабарласты. 50,65 мың шотқа жарналар аударылды. Қарағанды облысы бойынша 10 мыңнан астам салымшымен байланыс орнатылып, 2205 салымшы өз есептеріне жарналар аударуға мүдделі болды. Экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтардың барлығын жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту мақсатында бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасады, – дейді Қарағанды облысы филиалы директорының орынбасары Нұрлан ТҰРҒАЕВ.

Сонымен қатар, 2018 жылдың алғашқы жартысында БЖЗҚ-дан төленген зейнетақы төлемдерінің сомасы 100,9 млрд.теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 8,8 млрд.теңгені құраған екен.

Ал, қашықтықтан және көзбе-көз қызмет көрсету де артып келеді. БЖЗҚ 2018 жылдың 1 шілдесіне қарай салымшыға шот ашудан бастап, зейнетақы төлемдерін алуға дейін оған электрондық форматта барлық негізгі қызметтерді көрсете алады.

Қазіргі уақытта зейнетақы жинақтарын өмірді сақтандыру бойынша компанияларға аудару және ерікті жарналар бойынша төлемдер алу секілді онлайн-сервистер әзірленіп жатыр.

Электрондық цифрлық қолтаңбаға ие бола отырып, Қор сайтының «Электрондық қызмет көрсету» бөлімінде жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде өтініш беруге, жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алуға, жеке деректемелерге өзгерістер енгізуге, ақпарат алу тәсілін өзгертуге, зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш жолдап, оның орындалу барысын қадағалауға болады. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың алғашқы жартысында жаңа «Жеке зейнетақы шотын ашу жөніндегі өтініштің көшірме-нұсқасын алу» электрондық қызметі, сондай-ақ, «Ерікті зейнетақы жарналары есебінен өз пайдасына шарт жасасу» сервисі әзірленіп, іске қосылды.

Одан басқа, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2018 жылдың мамырында танымал Telegram мессенджері үшін өзінің ботын іске қосты. Пайдаланушылар жаңа қызметтің көмегімен қысқа үзінді-көшірме алу немесе үзінді-көшірмені электрондық поштасына жіберу, Жеке кабинетке кіру паролін қайта қалпына келтіру, Қордың маңызды жаңалықтары және ағымдағы көрсеткіштерімен танысу, сондай-ақ, оның ең жақын бөлімшесін табу мүмкіндігіне ие болды, – дейді операциялық бөлім бастығының орынбасары Ләйла ДІЛДАБАЕВА.

Оған қоса, салышылар және алушылармен өзара байланысты нығайту және кеңейту мақсатында есепті кезеңде жаңа «WhatsApp» қызметін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді. Ол салымшылар мен алушыларға, олардың ішінде шетелде жүргендерге жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен БЖЗҚ қызметі туралы қажетті ақпаратты автоматты түрде тез алуға мүмкіндік береді. Жаңа арна шілде айында іске қосылды. 2018 жылдың алғашқы жартысында электрондық арналар арқылы 7,5 млн. қызмет көрсетіліпті. Бұл есепті кезеңде көрсетілген қызметтердің жалпы көлемінің 72 пайызы. Қор кеңселерінде және көшпелі қызмет көрсету барысында 2,9 млн. операция орындалған көрінеді. Қарағанды облысында 6681 жеке кеңес берілген.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button