Жезқазған

Боз кілемде – өндіріс еңбеккерлері

Сәтбаев қаласындағы «Жастар» спорт сарайында тұңғыш рет «Қазақмыс» корпорациясы еңбеккерлері арасындағы «Қазақмыс барысы-2019» турнирі өтті. Жастар жылы аясында іргелі компания демеушілік жасаған сайыстың ұйымдастырылуына корпорация жанындағы «Jastar Bolashaq» жастар одағы ұйытқы болды.

 

Боз кілемде Жезқазған өндірістік аймағынан бөлек, Қарағанды, Балқаш қалаларынан келген балуандар белдесті. Байрақты бәсекеге жүзге жуық қатысушы өтінім берген екен. Олар 70 келі, 90 келіге дейінгі және 90-нан жоғары салмақ дәрежесінде (түйе балуан) күш сынасты.

Турнирдің ашылу салтанатында қатысушыларды Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС кен-байыту өндірістік кешенінің өкілі Бақыт Ерназаров құттықтап, сәттілік тіледі.

Жанкүйерлер делебесін қоздырған белдесулер қорытындысында үш салмақ категориясы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. 70 келі салмақта жеңімпаз тұғырына Жезқазған мыс қорыту зауытының еңбеккері Абылай Туғанбай көтеріліп, 200 мың теңгені еншіледі. 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ғ.Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің жұмысшысы Ислам Рахманқұловтың мерейі үстем түсіп, 350 мың теңге сыйақының иегері атанды.

Түйе балуандар бәсекесінде қарсыластарын қирата жыққан «Қазақмыс Мэйкер» ЖШС еңбеккері Еркебұлан Әбенов «Қазақмыс Барысы – 2019» атағына лайық деп танылды. Ол бас жүлдеге тігілген 400 мың теңгені олжалап, арнайы белбеуге ие болды.

Аталған салмақ дәрежелері бойынша ІІ және ІІІ орындарға тұрақтаған балуандарға да қомақты қаржылай сыйақылар тапсырылды.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС кен-байыту өндірістік кешенінің Бас директоры Амангелді Минигулов пен Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов қатысты.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button