Болашақ бесіктен басталады
Перзентті дүниеге әкелу үлкен жауапкершіліктің бастауы болса, оның дені сау, тәрбиелі, білімді азамат болып қалыптасуына жағдай жасау – әр ата-ананың міндеті. Баланың салауатты өмір салты да, алдымен отбасындағы әдеттен қалыптасады. Уақытылы екпе алу, дұрыс тамақтану, таза ауада серуендеу, спортпен шұғылдану, дәрігерге қаралу – қарапайым көрінгенімен, баланың болашағына тікелей әсер ететін маңызды қадамдар.

Баланың өмірге келген алғашқы күндерінен бастап, оның денсаулығын қорғау мәселесі назарда болады. Соның бір дәлелі – профилактикалық вакцинация. Елімізде балаларға екпе ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес кезең-кезеңімен салынады.
Дерекке сүйенсек, нәресте өмірінің алғашқы күндерінде В вирустық гепатитіне және туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасы егіледі. Кейін бала көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, b типті гемофильді инфекция, пневмококк инфекциясы сияқты ауруларға қарсы жоспарлы вакцинациядан өтеді. Бір жастан кейін қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы вакцинация жүргізіледі. Мектеп жасында да бірқатар инфекцияларға қарсы ревакцинация қарастырылған. Ал, ата-ананың міндеті – осы екпелердің уақытын өткізіп алмау.
– Бес баламыз бар. Барлығына да екпені уақытылы алуға тырысамын. Шақырғанда барып, аламыз. Барынша қалдырмаймыз, – дейді көпбалалы ана Тұмарай Айтуғанова.
Профилактиканың ең тиімді жолының бірі – аурудың алдын алу. Дәрігерлер де ата-аналарды екпе күнтізбесін сақтауға шақырады.
– Мұның барлығы баланың денсаулығы үшін қажет. Туғаннан бастап, бала ағзасы түрлі жұқпалы ауруларға шалдықпау үшін екпені уақытылы алу маңызды. Дәрігерлер белгіленген уақыт бойынша тұрғылықты мекенжайы бойынша екпеге шақырады. Сол кезде барып, уақытылы салғызып отырса, бала денсаулығын қорғауға мүмкіндік мол, – дейді Қарағанды қаласындағы №3 емхана қызметкері Айжамал Қанатқызы.
Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. Бұл сөз профилактиканың мәнін дәл жеткізеді. Баланың денсаулығына қатысты мәселеде де алдын ала қамдану, мамандардың кеңесін тыңдау, қажетті тексеруден уақытылы өту маңызды.
Айта кетерлігі, ата-ана баласына жасалатын әр медициналық шараның мақсатын дәрігерден сұрап, қажетті ақпаратты мамандардан алғаны дұрыс.
Бала денсаулығын сақтау медициналық профилактикамен шектелмейді. Қозғалыс азайып, гаджетке телмірген заманда баланы спортқа баулу бұрынғыдан да маңызды.
«Он екі мүшең сау болса – қара басыңның дәулеті» деген қанатты сөз бар. Шын мәнінде, денсаулық – адамға берілген ең үлкен байлық. Ал, сол байлықты сақтаудың бір жолы – дене белсенділігі. Бүгінде ата-аналар да мұны жақсы түсінеді. Тұмарай Айтуғанованың отбасында балалардың спортқа қызығушылығы жастайынан қалыптасқан.
– Үлкен екі ұлымызды 4-5 жасынан жүзуге бердік. Кейін спорттық акробатикаға апардық. Одан соң футболға, аралас жекпе-жекке барды. Қазір үлкен ұлым боксқа қатысады. Әжептәуір жетістіктері де бар. Қызымыз биге барады. Кіші ұлымызды акробатикаға беруді ойлап отырмыз. Осының барлығы баланың дұрыс өсіп-жетілуі үшін, – дейді ол.
Шындығында, мұның ар жағында баланың мінезін қалыптастыратын үлкен тәрбие жатыр. Спорт балаға тәртіпті, табандылықты, жеңілісті қабылдауды, жеңіске жеткенде тоқмейілсімеуді үйретеді. Командамен жұмыс істеуге, өзіне талап қоя білуге баулиды.
Соңғы жылдары елдімекендерде бұқаралық спортты дамытуға, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін инфрақұрылым қалыптасып келеді. Облыс орталықтарындағы аулаларда спорт және балалар ойын алаңдары бой көтерсе, аудан орталықтары мен ауылдарда спорттық-сауықтыру кешендері ашылуда. Балалар түрлі секцияларға қатысып, қабілетін шыңдауға мүмкіндік алып отыр.
Қазір әлемдік додаларда ел намысын қорғап жүрген талай спортшының үлкен спорттағы жолы осындай қарапайым ауладан, балалар мен жасөспірімдерге арналған секциядан басталғаны белгілі. Демек, бұқаралық спорт – үлкен спорттың іргетасы.
«Бала тәрбиесі – бесіктен» деген сөз осындайда ойға оралады. Спортқа қызығушылық та, дұрыс тамақтану мәдениеті де, денсаулығына жауапкершілікпен қарау да бала бойына ерте сіңсе, ол кейін өмір салтына айналады.
Дені сау бала өсіру үшін ата-анаға үлкен міндет жүктеледі. Оның күнделікті ас мәзіріне мән беру, уақытылы ұйықтату, таза ауада серуендету, қимыл-қозғалысын қамтамасыз ету, тіс дәрігеріне және басқа да мамандарға профилактикалық тексеруге апару – бала денсаулығына жасалған инвестиция.
Дәрумендер мен түрлі қоспаларды да өз бетінше бере салмай, дәрігердің кеңесіне сүйенген жөн. Себебі, бала денсаулығын сақтау аса қырағылықты талап етеді. Әр баланың ағзасы әртүрлі. Сондықтан, дұрыс шешім маманның кеңесі мен ата-ананың жауапкершілігі тоғысқан жерде қабылданады.
Ал, темекі, алкоголь, басқа да денсаулыққа зиян келтіретін әдеттерден баланы қорғау үшін пайдалы орта, дұрыс бағыт, спорт, қызығушылық пен отбасылық қолдау қажет.
Елдің болашағы бүгін бесікте жатқан сәбиден, мектепке асыққан баладан, спорт алаңында жаттығып жүрген жасөспірімнен басталады. Сондықтан, дені сау ұрпақ тәрбиелеу – бүгін атқарылуы тиіс нақты жұмыс.
Өйткені, дені сау бала – бақытты отбасының қуанышы әрі қуатты мемлекеттің тірегі.
Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»


