«Отбасы күні»Аймақ

Кітап оқитын отбасы

Облыс орталығындағы кәдімгі пәтерлердің бірінде аптасына үш рет кешкілік уақытта төбедегі жарық сөніп, үстел шамы жағылады. Сөйтіп, жеті адам – ата-ана мен бес бала – бір кітаптың төңірегіне жиналады. Әсілі,  отбасылық альбомға түсу үшін ойластырылған көрсетілім болмас бұл. Кәдімгі ертегі оқу.  Үйдің ішкі жылуын ұстап тұрған, бөгде  көзге көрінбейтін, бірақ, мызғымас мәнді әдет…

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Аслан Қосанов мен Күнсұлу Балғабекова – 2009 жылы шаңырақ көтерген. Содан бері біршама жылдар өткен. Жарасымды жұптан Ақжан, Балым, Ұлпан, Санжар, Диас есімді бес баланы тәрбиелеп өсіріп жатқан тату-тәтті   отбасы келді ақзер дүниеге. Отағасы Аслан Рашитұлы «Қазақмыс» компаниясының кәсіпорындарының бірінде бас металлург болып еңбек етеді. Ал, отанасы Күнсұлу Абылайқызы Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияда ұстаздық етеді.

Үлкен қызы Ақжан – мектеп бітіруші түлек. Ол қазір ұлттық бірыңғай тестілеуге бар күшін салып дайындалып жүр. Арманы – стоматолог болу.  Балым болса, өзінің болашақ мамандығын әлдеқашан таңдап қойған. Ол логопед-дефектолог болуды қалайды. Яғни, сөйлеу қабілетін меңгеруде қиындық көретін балаларға көмектескісі келеді. Ұлпан, Санжар мен Диас – әзірге мектеп білімін игеріп келеді. Өткен жылы осы отбасындағы кітапқа деген ықылас еленіп, лайықты бағасын алды. Қосановтар отбасы «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпазы атанды. Мерейлі марапат отбасы өміріндегі бұрыннан қалыптасқан дәстүрді ғана айшықтай түскен. Қосановтар шаңырағында аптасына үш рет, ұйқыға жатар алдында, отбасының барлық мүшесі бір жерге жиналып, ертегі оқиды. Балалар қазақтың да, орыстың да сөз өнерін қатар бойына сіңіріп, өзге тілдерді үйренуге қызығушылық танытып келеді. Кешкілік кітап оқу өнері олар үшін әлдеқашанғы міндет дегенімізден гөрі күнара асыға күтетін ең қымбат сәтке айналды десек жарасар.

 

– Отбасында бір өткізген әр күн ерекше маңызға ие. Біздің ортақ бірнеше әдемі әдетіміз бар. Мәселен, орталық Жеңіс саябағында кешкілік бірге серуендеу. Әсіресе, жаз мезгілі келгенде, балалардың бос уақыты көбейіп, жанұямыз сол сәттердің әрқайсысын бірге өткізуге тырысады. Серуендейміз, киноға барамыз, бірігіп сапарлаймыз. Пайымдаумызша, дәл жаз мезгілі – сабақ пен күнделікті кестеден біршама арылып, баланың болмысын тереңірек тануға ең бір қолайлы кезең. Құлыншақтарымыздың мінез бітімін,  қызығушылығын, бойындағы бейімін, болашаққа деген талабын аңғаратын кез. Әлбетте, баланы белгілі бір қалыпқа салу,  өз болмысын байыптау,  табиғи қабілетін танып, сол қасиеттің қанат жаюына серпін беру – жалпымыз үшін үй тәрбиесіндегі басты ұстанымдарының бірінен, – деп лебіз қосты Күнсұлу Абылайқызы.

Күнсұлу ханымның сөзіне қарағанда үйдің жылуын ұстап тұрған қарапайым сәттер өзіндік мәнге ие көрінеді. Отбасы апталығының соңғы күнінде бір ақиқатты тағы бір еске салған орынды болар. Отбасының беріктігін ауқымды шаралармен қаз-қатар, күн сайын қайталанатын қарапайым сәулелі сәттер қалыптастырады екен. Ұйқы алдында бірге ертегі мен батырлар жырын оқу, саябақта серуендеу, дастарқан басындағы әңгіме, демалыс күндеріне ортақ жоспар құру – берекені арттырады. Дәл осындай  әспетті әдеттер кейінгі буын арасындағы байланысты бекемдеп, әрбір баланың мейірім, сенім мен өзара түсіністікке толы ортада өсуіне жол ашады.

Сондықтан, өңірде Отбасы апталығы аясында отбасылық шығармашылықты дамытуға, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға, волонтерлік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды бастамалардың қолға алынуы да тегін болмас. Уақыт өте келе мұндай жобалардың өзі ізгі дәстүрге айналады. Осы орайда Қосановтар шаңырағының кезекті десте-дәстүрі – бақыттың ұдайы көпшіліктің көзі үйренген мәртебемен ғана келмейтінін көрсететін қарапайым мысал. Кейде ол кешкілік жағылған үстел шамымен, ақырын ашылған кітаппен бірге үнсіз келеді. Және де бір-біріне уақыт табылатын үйде ұзақ тұрақтайтыны шүбәсіз шындық.

Ертегіге ұйыған баланың жүрегі алып армандар мекеніне айналары һақ. Қазақ үшін ертең ертегіден бастау алса керек.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button