Саналы ата-ана мәдениеті
Бала тәрбиесі туралы сөз болса, әдетте, «Қазіргі балалар өзгеріп кетті» деген сөзді жиі естиміз. Үлкендер баланың телефонға тәуелді болғанын, үлкеннің сөзін тыңдамайтынын, кітап оқуға қызықпайтынын, мінезінің тұйық немесе тым еркін болып кеткенін айтады. Бірақ, осы тұста «Балалар ғана өзгерді ме, әлде оларды тәрбиелейтін орта да өзгерді ме?» деген сауалды өзімізге қоймайды екенбіз. Өйткені, оның алдында ақпараттың шексіз кеңістігі ашық. Ол ата-анасынан ғана емес, әлеуметтік желіден, блогерден, түрлі цифрлық платформалардан, қатарластарынан және экран арқылы көрген әлемінен «тәлім» алуда. Осындай кезеңде ата-ананың жауапкершілігі бұрынғыдан да күрделене түсті...

Осы тұста «саналы ата-ана» ұғымының маңызы арта түседі. Психологогия саласында 30 жылға жуық еңбек өтілі бар маман, Қарағандыдағы №4 арнайы мектеп-интернатының психологы Қымбат Төленді «Саналы ата-ана – баласының барлық сұранысына шектеусіз рұқсат беретін ата-ана емес» дейді. Маманның пікірінше, саналы ата-ана баласына мейірім мен қолдауды сақтай отырып, қажет жерде шекара қоя біледі. Талап қоя отырып, баланың жеке тұлғасын, қадір-қасиеті мен таңдау құқығын құрметтейтінін айтады.
– Ата-анаға «Баланы жақсы көріңіз», «Оған дауыс көтермеңіз» деп айту жеткіліксіз. Бала тыңдамағанда не істеу керек? Ата-ана ашуға берілген сәтте баламен қалай сөйлескені дұрыс. Шекараны қалай белгілеу керек? Баламен өзара сенімге негізделген қарым-қатынасты қалай қалыптастыруға болады? Ата-аналарға осындай нақты сұрақтардың жауабы қажет. Сондықтан, мен «Саналы ата-ана» курсын өткізуді ұсынар едім. Бұл дәріс тәжірибеге негізделген форматта ұйымдастырылуы керек. Атап айтқанда, психологпен ашық әңгіме, нақты өмірлік жағдайларды талдау, сұрақ-жауап, баланың жас ерекшеліктеріне қатысты маңызды ақпарат және практикалық жаттығулар қамтылса, ата-ана үшін әлдеқайда пайдалы болар еді. Тағы бір маңызды бағыт – ата-ананың өзін тәрбиелеуі. Себебі, бала біздің айтқанымызды емес, күнделікті әрекетімізді де қайталайды. Сондықтан, бала тәрбиесі, ең алдымен, ата-ананың өзінен басталуы керек, – деді Қымбат Қосманқызы.
Бүгін баланың қолындағы смартфонды тартып алу – мәселенің шешімі емес. Өйткені, телефонды алып қоюға болады. Алайда, цифрлық әлемді баланың өмірінен алып тастау мүмкін емес. Сондықтан, сала мамандары ата-анаға тыйым салудан бұрын түсіндіру мәдениетін қалыптастыру қажеттігін алға тартты.
– Қазіргі балалар қандай? Бұл сұраққа жауап бергенде «Қазіргі балалар мүлдем өзгеріп кетті» деп кесіп айтпас едім. Баланың табиғаты өзгерген жоқ. Бірақ, оның өсіп келе жатқан ортасы өзгерді. Бүгінгі бала ақпараттың қалың ортасында өсіп келеді. Телефон, интернет, әлеуметтік желілер, тағысын тағы. Осы тұрғыда ата-ана баланың цифрлық және шынайы өмірі арасында дұрыс тепе-теңдік қалыптастыру қажет. Тәжірибеге сүйенсек, біз кейде баланың жылауын, қырсығуын немесе ашуын бірден тәртіпсіздік деп қабылдаймыз. Ал, шын мәнінде, баланың мінез-құлқына белгілі бір сигнал ретінде қарау маңызды. Сондықтан, «Баланы қалай тоқтатамыз?» деген сұрақпен қатар, «Бала өзінің осы мінез-құлқы арқылы бізге не айтқысы келіп тұр?» деген сұрақты да қоя білуіміз керек, – деді психолог.
Бала үшін ең қауіпсіз орта – отбасы мен мектеп болуы тиіс. Бұл – талқылауды қажет етпейтін қарапайым қағида. Ал, баланы зорлық-зомбылықтан, қорлаудан, қорқытудан және физикалық жазалаудан қорғау – ата-ана мен мектептің ортақ міндеті. Психолог Қымбат Төленді бұл бағыттағы жұмысты тек мәселе туындаған кезде ғана қолға алу жеткіліксіз екендігін баса айтты.
– Мектепте ата-аналармен шағын кездесулерді тұрақты өткізіп тұрған дұрыс. Ата-аналарға есте сақтауға жеңіл әрі маңызды үш қағиданы ұсынар едім: «Көр. Тыңда. Қолда». Яғни, «Көр» – баланың көңіл-күйі мен мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқау. «Тыңда» – сөзін бөлмей, оның пікіріне құлақ асу. «Қолда» –қандай да бір қиындыққа тап болған кезде баланы жалғыз қалдырмау. Тағы бір маңызды қағида бар. Балаға сабырлы болуды үйреткіміз келсе, алдымен өзіміз сабырлылықтың үлгісін көрсетуіміз керек. Өйткені, бала біздің сөзімізден ғана емес, күнделікті әрекетімізден де үйренеді.
Менің тәжірибемде бір нәрсе анық байқалды. Балаға мінсіз ата-ана қажет емес. Оған өзін түсінуге тырысатын ата-ана қажет. Біздің басты мақсатымыз – өзін бағалайтын, жауапкершілігі жоғары, эмоциясын басқара алатын және қиын жағдайда көмек сұраудан қорықпайтын тұлға қалыптастыру, – деді ол.
Түптеп келгенде, саналы ұрпақ тәрбиелеудің ең сенімді жолы – өзіміз саналы қарым-қатынас жасап, сабырлы болудың, жауапкершілік алудың, адамды құрметтеудің үлгісін көрсету. Өйткені, бүгінгі саналы ата-ана – ертеңгі саналы қоғамның негізін қалайды.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



