Айтылды – ОрындалдыЖаңалықтар

Масылдық психологияны мақсатты қолдау жеңеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруды, халықты тұрақты жұмыспен қамтуды және әр отбасының табысын еселеуге жағдай жасауды үнемі басты назарда ұстап келеді. Экономикалық өсімнің түпкі мәні ел тұрғындарының тұрмысынан көрінуі керек екенін алға тартады. Облыста бұл бағыттағы жұмыстар нәтижелі атқарылуда. Жыл басынан бері 22 мыңнан астам тұрғын жұмысқа орналасса, мыңдаған адам жаңа мамандық меңгеріп, кәсіп бастауға мүмкіндік алды. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға, жастарға, мүгедектігі бар адамдарға және қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету тетіктері де жетілдіріліп келеді.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Табысты еселейтін мүмкіндіктер

Президент айқындаған әлеуметтік саясаттың негізгі бағытының бірі – азаматты тұрақты табысқа жеткізу. Облыста биылғы Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы осы мақсатқа бағытталған.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған дерек бойынша, қазірдің өзінде 28,3 мыңға жуық адам жұмыспен қамту шараларына тартылып, 22 609 адам нақты жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 8,3 мың жаңа жұмыс орны, 7,4 мың бос жұмыс орны және жұмыспен қамтудың басқа шаралары арқылы орналасқан 6,8 мың адам бар.

Жұмысқа орналасқандардың 11 898-і – жастар. Себебі, еңбек жолын уақытында бастаған жас – ертең тұрақты табысы бар маман. Ал, оның табысы – отбасы бюджетінің бір бөлігі.

Өңірдегі жұмыссыздық деңгейінің 4 пайыз болуы да еңбек нарығындағы жағдайдың тұрақты екенін көрсетеді. 2026 жылдың екінші тоқсанында бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өзгермеген және республикалық деңгейден төмен. Жыл соңына дейін жұмыспен қамту шараларымен 27 510 адамды қамту жоспарланған.

Бірақ, бүгінгі еңбек нарығында жұмыс орнының болуы жеткіліксіз, сол жұмысқа сәйкес білімі мен дағдысы бар адам керек. Сондықтан, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 535 адам жіберілді. Бұл – жоспардың 88 пайызы. Оның 94-і жұмыс берушінің өз жұмыс орнында білім алып жатыр. Ал, SkillsEnbek платформасында онлайн оқып жатқан тұрғындар саны 2 704 адамға жетті.

Мысалы, Германиядағы дуальды оқыту жүйесі студенттің теориялық білімін нақты кәсіпорындағы тәжірибемен қатар алып жүруіне негізделген. Яғни, адам мамандықты «жұмыс іздеп жүріп» емес, еңбек процесінің ішінде меңгереді. Қарағандыдағы жұмыс берушінің жұмыс орнында оқыту тетігінің маңызы да осында. Мамандықты нарықтың нақты талабына бейімдеу.

Өз ісін бастағысы келетіндерге де жол ашық. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2 404 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып шыққан. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 164 грант беріліпті.

– Біз азаматтарға жұмыс табумен қатар, өз ісін ашуға қажетті дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береміз. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар гранттарға да үміткер бола алады. Бүгінгі таңда 164 грант берілді, – дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Спабеков.

Еңбекке қабілеттілік жаспен де өлшенбейді. Аймақта зейнет жасындағы азаматтарға арналған «Алтын жас» жобасы іске асырылуда. Оған 702 адам тартылды. Жоба аясында жұмыс берушіге белгіленген еңбекақының 50 пайызы, бірақ 1 АЕК немесе 85 мың теңгеден аспайтын мөлшерде субсидия беріледі. Мұндай тәсілдің әлеуметтік мәні терең. Тәжірибелі маманның еңбек нарығында қалуы – бір адамның табысын сақтау ғана емес, оның жинаған кәсіби тәжірибесін кейінгі буынға беру деген сөз.

Әлеуметтік көмек тығырықтан шығарады

Мәселе жәрдемақы төлеумен шектелмейді. Негізгісі – азамат қиындыққа тап болғанда оны дер кезінде байқап, дұрыс бағыт көрсету. Бұл тұрғыда облыста отбасыға қолдау көрсетудің жаңа тетіктері қалыптасып келеді.

Өңірде 12 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Мұнда тұрғындарға құқықтық, психологиялық, әлеуметтік, білім беру және басқа да бағыттар бойынша көмек көрсетіледі.

Бұл үшін білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары мен әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласының өкілдері қатысатын мобильді топтар құрылған.

Азамат орталыққа өзі жүгінсе, Цифрлық отбасы картасындағы деректер негізінде отбасының әлеуметтік портреті жасалып, жеке көмек жоспары әзірленеді.

Бүгінде Отбасын қолдау орталықтары мобильді қосымша арқылы 1 156 кеңес беріп, мемлекеттік органдарға 698 іс жолдаған. Ал, мемлекеттік органдардан орталықтарға 543 хабарлама келіп түскен. Оның 484-і өмірлік қиын жағдайға, 59-ы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының азаюы да назар аударуға тұрарлық. 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 3 351 адам атаулы әлеуметтік көмек алған. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 3 570 адамды құраған еді. Осылайша, әлеуметтік көмек алушылар саны 219 адамға, ал, көмек алатын отбасылар саны 37-ге азайған. Бұл өзгеріске кейбір отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруы және оларды жұмыспен қамту шараларына тарту жұмыстарының күшеюі әсер еткен.

Осы бағытта «Қайта бастау» жобасының да маңызы зор. Ақпан айында Бұқар жырау және Осакаров аудандарында басталған жоба мамыр айынан бастап, облыстың барлық өңірінде жүзеге асырыла бастады. Оның негізгі мақсаты – несиелік берешегі 90 күннен асқан азаматтардың қаржылық жағдайын реттеп, қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік жасау.

Жобаға 480 адам тартылып, олардың барлығымен бірлескен іс-қимыл туралы келісім жасалды. Мансап орталықтарының көмегімен 382 адам жұмыспен қамтылды, оның 245-і тұрақты жұмысқа орналасты. Қалған қатысушылардың мәселесі де жеке қарастырылды: 17 адам несиесін қайта құрылымдауға, 22 адам соттан тыс банкроттық рәсіміне, 26 адам шектеулерді алып тастауға, ал, 4 адам төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталды.

Отбасының әл-ауқаты туралы сөз болғанда, мәселенің мәні де – осында. Әлеуметтік қолдаудың түпкі мақсаты – азаматты жәрдемақыға тәуелді ету емес, қиындыққа тап болған отбасының қайтадан тұрақты табысқа қол жеткізуіне жағдай жасау. Облыста «Қайта бастау» жобасы осы ұстанымның нақты көрінісіне айналып отыр.

Ешкімнің мүмкіндігі шектелмейді

Облыста 55 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Биылғы сегіз айда олардың 1 060-ы жұмыспен қамтылды. Жұмыс берушілердің шығындарын өтеу арқылы мүгедектігі бар жандарға арналған 11 арнайы жұмыс орны құрылды. Бұл орындарға есту және көру қабілеті бұзылған, сондай-ақ, тірек-қимыл аппараты зақымданған азаматтар орналастырылды.

Бұл бағытта JOB COACH жобасының орны бөлек. Жоба 1 шілдеден іске қосылып, азаматтарға жұмыс іздеу кезінде, жұмысқа орналасқаннан кейін де қолдау көрсетуді көздейді. Яғни, басты назар адамның жұмысқа орналасуымен қатар, жаңа ортаға бейімделуіне аударылады.

Қарағандыдағы Тәттімбет көшесі, 709 мекенжайындағы «Арлан-Моторс» ғимаратының бірінші қабатында «Qoldau» тең мүмкіндіктер орталығы жұмыс істейді. Мұнда арнайы мамандармен қатар сурдоаудармашы мен психолог қызмет көрсетеді. Көру және тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтарға арналған арнайы компьютерлік жұмыс орындары да жабдықталған.

Орталыққа осы уақытқа дейін 110 адам жүгінген. Ал, JOB COACH жобасы аясында облыста 21 мүгедектігі бар азамат жұмысқа орналастырылды.

Қолдау жұмыспен қамтумен ғана шектелмейді. 2021 жылдан бері мүгедектігі бар азаматтар техникалық оңалту құралдары мен қажетті қызметтерді «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы алады. Бүгінде портал арқылы 23 мыңнан астам тапсырыс рәсімделген.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button