Медицина

«Біздің сүйікті дәрігер»

Жылына 300-ден астам түрлі операция жасайтын хирург 40 жылғы еңбегінде орта есеппен 12 мың адамды ажал тырнағынан арашалап алып қалған екен. Бұл – нақты есеп емес, жай орташа дерек қана. Кейде тәулігіне – 3 ота. 24 сағат бойы үй бетін көрмеген күндері де бар. Жедел жәрдем сан мың рет алып кетіп, дереу ота жасаған түндері қаншама?! Бір адамды аман сақтау үшін 5-6 сағат тізе бүкпей, тер моншақтап шыққан кезеңдер ше?! Өте көп. Бүкіл саналы ғұмыры солай өтіпті. Оған өзі ешқашан өкінген емес. Өкінбейді де. Бұл – хирург Қайрат Түгелбаевтың дәрігерлік еңбек жолынан үзік сыр.

Адам өз мамандығын шексіз сүйгенде, әрі оған қалтқысыз құлай берілгенде ғана көркем дүние шығады. Жан-тәнімен, жүйке-жұлынымен мамандығына адалдық һәм адамдық танытқан алдыңғы толқын ағалар әлі де бар. Кейде сондай кісілерді көргенде, жалпақ жұртқа «Міне, адамдықтың эталоны мынадай!» деп, көрмеге қойғыңыз-ақ келеді. Әрине, оны ұғар ел болса. Қайрат Оғисаұлымен тілдесіп, сөйлескенде де осы ой шақша басқа сан келіп, сан кеткені рас-ты.

Дәуірінде атағы аспандап тұрған Қарағанды медицина институтына дәрігер атану арманы жетектеп әкелген жас жігіттің жолына Жаратқан жар болса, қос қолына Құдай қуат берген екен. Қырық жыл бойы дәрігерлік антына адал болды. Әлі де айныған жоқ.

Негізі, хирург дипломын алғаннан бергі өмірі жайлы, өзі жайлы айтуға Қайрат Оғисаұлы сараң. Айтары жоқтықтан емес, әрине. Тек аса мақтан мен мадаққа әуес еместіктен. Өйткені, адамға жасаған жақсылығын сатпайтын, оны бір өлшемге салмайтын өзгеше, болмысы бөлек жан. Оны бір көрген адам аңғармай тұра алмайды. «Мен тек қана өз міндетімді орындадым» дейді ақырын жымиып.

– Ауылдық жерде дәрігердің қаттығын көріп өстім. Әкем ауырып, ауруханаға апарғанда көңілімнің түпкірінде адамзаттың жаны мен тәнін емдейтін «дәрігер боламын» деген арман қол бұлғап шыға келген-ді жас күнімде. Бірақ мектеп бітірген соң ауылда еңбек етіп, одан соң әскер қатарында Отан алдындағы азаматтық борышымды өткердім. Содан соң барып, Қарағанды медицина институтына баруға бел будым. Құдай сәтін салды, жолым болды. Ол кезде Қарағанды медицинасының атағы қандай еді?! Даңқты Петр Моисеевич Поспеловтан, Сергей Лохвицкийден және өзге де Қарағанды медицинасының бастауында тұрған ғажап ғалымдардан білім алдық, – дейді Қайрат Оғисаұлы.

Білікті дәрігер атануына осы ұстаздарының еңбегі зор екенін айтады. Олардың сол уақытта студентке ынтасымен барын үйреткені, білмейтінін түсіндіруге ұмтылыстарын ерекше ықыласпен әңгімелейді. Оқытудың сол уақыттағы әдіс-тәсілі қазіргі ақпараттық технология заманындағы амал шарғылардан әлдеқайда тиімді әрі өтімді екенін де жасырмайды.

– Бізді кәдімгідей науқастармен кездестіріп, олардың сырқатын көзбен көріп, сезінуге үйрететін. Мысалы, жүрек ауруының соғысын біз пластинкамен тыңдайтын едік. Содан соң ауруханадағы науқастарға апарып, дәл сондай жүрек ауруы бар емделушінің жүрек соғысына құлақ салып, баға беретінбіз. Осындай тірі тәсілдер ғана нағыз білікті дәрігерді шығарады, – дейді ол.

Ақ халат киген дәрігердің адамзат өміріндегі орнын осы арада қайта қайталап, анықтап жатудың өзі артық. Десек те, кей адамның тағдыры қыл үстінде тұрғанда оның талқаны таусылмауына Жаратушы хирургты себепші қылатын секілді. Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарында жалғыз хирург ретінде түрлі ота жасауға тура келген күндер өтті. Жол үстінде апатқа түскендердің жанына Жасағаннан медет сұрап, дін аман отбасы, ошақ қасына қайта оралуына себепкер өзі екеніне ешқашан күпірлік қылып көрген емес.

Қайрат Оғисаұлы «жол апаты, өзгедей оқыс оқиғаларда, шұғыл операция жасау қажет. Ондайда ойлануға мұрсат жоқ. Жалғыз-ақ ой ғана санада жаңғырып тұрады. Ол – мына алдымыздағы адамды қалай да аман сақтап қалу. «Мен анау ағзаға жасамаймын, мына органды білмеймін» дейтін емес. Хирург атанған 40 жылда жасамаған операциям жоқ екен», – деп еске алады. Кейде аяғы ауыр аналарға операция жасады. Ондайда талай сәбидің есімі азан шақырылып «Қайрат» қойылып кеткен екен. Қайрат Оғисаұлының құрметіне.

Бір кезде көлік апатынан бір аяғын тірідей жұлып әкеткен, қан көп жоғалтқан адамға аудан орталығында ота жасап, аман алып қалғаны бар. Мұны көрген профессор, атақты хирургтер таң тамаша қалысқан. Себебі мұндай ауыр жағдайдағы екі бірдей шоктағы науқастың тірі қалу үміті мүлде жоқ екен. Қайрат Оғисаұлы ол отаны сәтті өткерген.

Енді бірде көлік апатынан ішкі құрылысы, бауыры езілген, ішіне қан кетіп, қан жоғалтып, өлім мен өмірдің арасында жатқан адамды жеткізген ауруханаға. Сол арада басқа жақтан қан келгенше науқастың қанын жинап, өзіне қайта құйып, аман сақтап қалу да ерлікпен пара-пар емес пе?!

«Егер қан әкелсін деп күтсек, ол адамнан айырылып қалар едік» дейді Қайрат Оғисаұлы.

Хирургтың осындай ерен еңбегін көзбен көріп, көңіліне тоқыған шәкірттері аз емес. Аймақтың бірнеше аудан, қаласына көп шәкірт тәрбиеледі. Шәкірттерінің әрқайсысы осы күні бір-бір төбе. Еліміздің түпкір-түпкірінде.

Бұл күнде Қайрат Оғисаұлын өңір жұртшылығы жыға таниды. Емделуге келіп, кейіннен елгезек дәрігермен жора-жолдас болып кеткені қанша?! Тіпті, қолының шипасы тиген адамдардың көптігі сонша, барлығы бірдей есінде жоқ. Есесіне олардың есінде. Кейде бір кездейсоқ жерде кездескенде көп адам өздеріне Қайрат Оғисаұлының сәтті ота жасағанын айтатын кездер де жиі.

– Иә, кейде қонақта, той-томалақта емделген адамдар ұшырасып, алғыс айтатыны бар. «Есіңізде ме, маған сіз осындай операция жасадыңыз ғой» деп. Қайрат қарапайым ғой. Жәй күліп қояды. Алдынан неше емделуші өтеді. Әрине, бәрін бірдей ойда сақтау мүмкін емес қой. Алайда, халықтың сондай ыстық ықылас, пейілін көргенде, еңбегінің еленгені деймін іштей, – дейді Құдай қосқан қосағы Заря Сарқытбаева.

Қайрат Оғисаұлының жары Заряның анасы 93 жастағы әже де «Осы жасқа жеткенім, бірінші, Алла, екінші, осы Қайраттың арқасы» дейді.

– Қайратжанымның қолы жеңіл. Бүгін ота жасаса, ертесінде адамдар тұрып, жүріп кетеді, тіфәй, тіфәй! Мақтағаным емес, өзім ауруханада жатқанда талай адамның Қайратты іздеп келіп, отаны осы дәрігер жасасын деп есігінің алдында отырып алғанын көзіммен көрдім. Бұл операциядан шыққанша келісімін алғанша есігін күзетеді адамдар. Осы хирург жасасын деп табандап тұрып алады. Мұның бәрі Қайраттың қандай дәрігер екенінің көрсеткіші емей немене? Сонау Қарқаралы ауданында осы Қайраттың келуін күтіп жүретін адамдар бар. Балаларын осы Қайратқа сүндеттету үшін, – дейді қария.

Қайрат Оғисаұлының екі перзенті де өзінің жолын қуған. Ұлы Ислам – эпидемиолог. Қызы Толғанай – офтальмолог. Келіні де болашақ дәрігер. Дәрігерлер династиясына ұласып келеді.

Зейнетке Қарағанды облыстық медицина орталығынан шыққанымен, әлі күнге дейін әріптестері білікті дәрігерден қол үзгілері жоқ. Қайрат Оғисаұлы бүгінге дейін де ота жасап, елге қызмет етіп жүр. Білім біліктілігімен қатар, халқы кісілігіне тәнті…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button