Медицина

Ауылдағы пациенттері облыстық клиникалар мамандарымен байланыса алады

Қарағанды облысының ауыл тұрғындары енді облыс орталығына бармай-ақ, жетекші клиникалардың дәрігерлерінен онлайн кеңес ала алады. Телемедициналық желінің кеңеюі нәтижесінде мамандандырылған медициналық көмек 200 мыңнан астам ауыл тұрғыны үшін қолжетімді болады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыста телемедицина жобасын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Сәтті жүзеге асқан пилоттық жобадан кейін жүйе өңірдің барлық ауылдық аудандарында енгізілуде. Телемедициналық желіге фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап дәрігерлік амбулаторияларға дейінгі 117 медициналық ұйым қосылады.

– Телемедицина ауыл тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмекті қолжетімді ете түседі. Енді бейінді маманның кеңесін алу үшін жүздеген шақырым жол жүрудің қажеті жоқ. Сонымен қатар аудандық дәрігерлердің облыстық деңгейдегі мамандармен онлайн байланысып, күрделі клиникалық жағдайларды бірге талқылауы емдеу сапасын арттыруға және шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді, – деді облыстық клиникалық аурухананың консультативтік-диагностикалық орталығының меңгерушісі Ляззат Шоланова.

Жоба аясында ауыл тұрғындары облыстық клиникалық аурухана, №2 көпсалалы аурухана, Х. Ж. Мақажанов атындағы клиника, №3 көпсалалы аурухана және облыстық көпсалалы балалар ауруханасының бейінді мамандарынан қашықтан кеңес ала алады. Бұл тұрғындардың уақытын үнемдеп, жол шығынын азайтып, сапалы медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерде алуға мүмкіндік береді.

Телемедицина алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдардың дәрігерлері үшін де тиімді құралға айналады. Олар күрделі клиникалық жағдайларда облыстық клиникалардың мамандарымен жедел кеңесіп, нақты уақыт режимінде бірлескен шешім қабылдай алады.

Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, телемедицина жүйесін кеңейту ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button