Бас тақырып

Біз нені ұмыттық?

Ұлы Отан соғысы дегенде, ұрпақтың көз алдына тек соғыс, қанды қырғын, майдан ғана келмеуі керек. Жеңіс жолындағы бүтін халықты мықтап есте сақтауы тиіс. Жеңісті жақындатуда Мәскеуден Берлинге дейінгі 1815 шақырымды жүріп өткен 1418 күнде қаза болған 20 миллион тағдырдың әрқайсының бір-бір милға татитын үлесі бар. Сондықтан, Жеңіс күнінде майдандағыдан бастап, тылдағы бала да, ана да, жас та, кәрі де санада жаңғырып тұруы керек. Ал, сол жылдарда Қарағанды еңбеккерлерінің танкі колоннасын, сүңгуір қайық, әуезвено жасақтап, ұшақ жасатқанын ұмытуға қанша жыл өтсе де, хақымыз жоқ. Ол уақытта қарағандылықтар Қорғаныс қорына жинаған 52 млн. сомға (рубльге) «Шахтеры Караганды», «Комсомолец Караганды», «Железнодорожник Караганды» танкі колонналары, «Комсомолец Казахстана» сүңгуір қайығы, «Женщины Караганды» әуезвеносы, «Нұркен Әбдіров» ұшағы жасалған көрінеді. Ғажап қой, иә?! Ғажап! Бойдағы отансүйгіштік ғаламат! Сондай отансүйгіштік, сондай ұлы сезім адамдарда содан кейін кездесті ме, жоқ па? Тағы беймәлім. Бірақ, сол адамдар ұлы істерімен «Отанды сүюдің үлгісі мынадай!» деп көрсетіп кетті әлемге. Одан соңғы бейбіт заманда мұндай қайталана қойған жоқ, сірә! Әйтпесе, дөңгеленген әлем алақандағыдай көрінетін қазіргі кезде ол туралы естіп-білер едік қой. Біз қарағандылықтардың тылдағы ерлігін түбегейлі зерттей алдық па?! Біз нені ұмыттық?!

Қарағандының танк колоннасы

Ресейдің Қорғаныс министрлігі Бас автобронетанкі басқармасының дерегінше, соғыс жылдарында оқ өтпейтін танкімен және техникамен жасақтауға Кеңес Одағы азаматтарынан шамамен 6 млрд. сом жиналған көрінеді. Осыған 30 522 танкі құрастырылып, әскерге табысталған. Бұл дегеніңіз – соғыс кезіндегі танкінің үштен бірі екен. Ол уақытта бір танкінің құны айтарлықтай қымбат. Мысалы, бір «Т-34» танкісі 1941 жылы 269,5 мың сом, 1942 жылы 193 мың сом көлемінде. Бұл танкілерге қажетті қаржының жартысын сондықтан мемлекет төлеп отырды.

Ал, «Қарағанды шахтерлері» аталған танк колоннасы Қарағанды көмір бассейніндегі шахтерлердің қаражатына шығарылды. Қаржы жинау 1942 жылдың 23 қарашасында №12,18,20 және Калинин атындағы шахта жұмысшылары мен Киров ауданының үй шаруашылығындағы әйелдердің бастамасынан бастау алды. Ол бастамада 1942 жылдың 25 қарашасынан көмір алу мен тиеуді арттыру жөнінде үндеу тасталды. Танк колоннасының қорына есепшотты Калинин шахтасының бастығы Р.Ибраевтың отбасы ашты. Бес сағаттың ішінде 28 тонна көмір алынды. 1943 жылдың көктеміне дейін осы акцияға қатысушылар «Қарағанды шахтерлері» қорына 2 млн. сом (рубль) тапсырды. «Қарағанды комсомолы» танк колоннасына келсек, оны жасақтауға 1944 жылы жас кеншілер ұран тастайды. Осылайша, №44-45, 33-34 шахталарының ауысымдағы кеншілері жұмыстан тыс уақытта 96 мың тонна көмір өндіреді. 600 мың сом қорға аударады. «Қарағанды теміржолшысы» танк колоннасына теміржолшылар 40 млн. сомнан астам ақша жинап берді. Бұл туралы дерек «Танковый фронт – 1939-1945» сайтында да көрсетілген. Танкілер майданның сол уақыттағы заңымен өз атауымен ұрыс даласына шықты. Қарағандылықтар сыйлаған танкінің қанша жауды жойып, ерлік жасағаны туралы, өкінішке орай, әзірге дерек жоқ.

Қарағандының сүңгуір қайығы

Бұл – қайық «Қазақстан комсомолы» атаныпты. Сүңгуірді жасауға 230 мың сом жиналған Қарағанды халқынан. Бастамашы Оңтүстік Қазақстан жастары дейді мәліметтер. Бүгінде бұл қайықтың бір бөлігі ескерткіш ретінде «С-156» атауымен Кронштадтта тұр. Алайда, мұның дәл сол сүңгуір екеніне күмәнмен қарайтындар да аз емес. Бірақ «Комсомолец Казахстана» деген жазуы бары анық.

«Нұркен Әбдіров» – истребительдердің әуеэскадрильясы

Ұлы Отан соғысы туралы тарих мұндай эскадрильяларды «атаулы» «именные» депті. Онда қай жерден, кімнің сатып әпергені айғақталып тұрады. Ресейдің ашық ресурстарында түрлі атақты ресейлік, сібірлік эскадрильялар болғанын көрдік. Бірақ, оның қатарында Қарағанды эскадрильясы жоқ. Демек, бұл да зерттеуін күткен мәселе.

Бұл эскадрилья Қарағанды жұмысшыларының ерікті түрдегі қайырымдылығы аясында жасақталды. Бірінші болып, жарна төлеген – Әбдіровтер отбасы. Әбдір және Бағжан, Нұркеннің інісі Сәрсен екен. Бұған қоса, шахтаның кеншілері бір күндік жалақыларын аударды. 1944 жылдың қыркүйегінде ГКО төрағасына телеграмма жолданды. Онда: «…Қарағанды қаласының Осоавиахим мүшелері өздерінің жеке жинақтарынан авиаэскадрилья құрылысына 444 492 мың сом және облигация түрінде 85 000 сом салды…» деп жазылды. Бұл – авиаэскадрилья әуедегі соғыстың қорытынды кезеңіндегі шайқастарға қатысқан.

Санитарлық ұшақтар звеносы

Кенші әйелдердің 185 мың сомы 3 санитарлық ұшақ жасауға жетіпті. Ол ұшақтың түрі – «С-2». Бұл үшін кенші әйелдер Қорғаныс қорына ай сайын бір күндік жалақысын аударып отырса керек. Үш ұшақ сатып алынған. Ол жылдары тек «С-2» және «С-4» санитарлық әуеұшағын шығару мүмкін болды. Қарағандылықтардың бұл ұшақтары жөнінде мәлімет қат. Ұшақтарға екі ғана жаралы сыйған. Кейін 1943 жылы құрастырушы Щербаков 9 орындықты «Ще-2» ұшағын шығарған.

Балалар үйін салдыртты

Чистяково қаласындағы балалар үйінің құрылысына 1307 мың сом, Минск қаласындағы балалар үйіне 395 мың сом Қарағандының патриот әйелдері атынан жолданған. Сонымен қатар, Втевск қаласындағы балалар үйі жабдықталыпты. Осакаров ауданының әйелдері елдегі балалар үйіне азық-түлік, киім-кешек, 68 496 сом ақша, ата-анасы соғыста қаза болған балаларға пионер лагерьлеріне тегін жолдамалар жіберген. Жалпы, соғыс жылдарында қарағандылықтар майданға 94 вагон азық-түлік, 37 мың жылы қысқа тон, 24 мың пима, 10 мың құлақшын жіберген екен.

Түйін

Мұның бәрі – тарих. Архив деректері, құжаттары бар. Ол аздық етсе, Ресейдің ашық ресурстық базаларында және тұр. Әйткенмен, толық емес. Бір қарнымызды аштырғаны – барлық зерттеу орыс тілінде. Яғни, бұл тақырыпқа терең үңілген тек өзге ұлт өкілдері, сырт ел ғана. Қазақтан кемде-кем. Таба алмадық. Ресей сайттарының өзі майдандағы қазақтар, Қазақстан туралы жазыпты. Ал, біз, өзімізде, қазақтарда жоқ. Бар болса, құпия шығар. Әлде бұл жөнінде ойлап, бас аурытпағанбыз. Ән салып, би билеуден аса алмағанбыз. Сөйтіп, небір ұрпаққа үлгі – елдік істер ескерусіз, елеусіз қалып жатыр. Қайда, қашан болса да. Тылдағы ерлікке қатысты құнды деректер де сол «ырду-дырдудың» көлеңкесінде. Әйтпесе, алысқа бармай-ақ бұларды әлдеқашан толығымен қаузап, зерттеп, зерделеп тарқатар едік…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button