Басты тақырыпПоэзия

Біз малшымыз

Біз– малшымыз мекеніміз қиырда,

Бірақ, бізге қиыншылық бұйым ба?!

Атан өліп, арба сынып жатса да,

Қосымызға қонған қонақ риза.

Айтыңдаршы мұндай бейіл қайда бар,

Аралассаң ауыздарың майланар.

Көрем десең жомарттығын қазақтың,

Малшы ауылы май сапырған тауға бар.

Күйкі тірлік күй кешсе де басқа жұрт,

Бірақ, біздер жанды күйттеп жатпадық.

Қар үстіне қазан асып, от жағып,

Қаңтарда да көшіп жүрміз қасқайып.

Ата-бабам ат жалында шаршаған,

Бар өмірін мал соңында матаған.

Қара шалдай – қаршығадай шүйілсе,

Құрығынан құтылмайтын қашаған.

Қара кемпір саптыаяқпен ұрттатқан,

Айран, шұбат күшімізге күш қосқан.

Азаматын былай қойып тіс қаққан,

Қыздары да ат үстіне жүк басқан.

Бізге солай өмір бөлек сый берген,

Тәкаппармыз таза ауаға үйренген.

Төр жайлауда шіренеміз төредей,

Көктемеде көк дөненге мінгендей.

Айлығың да, байлығың да қасыңда,

Өзгелердің жылтырына бас ұрма.

Тойғызса да, тоқсан түрлі тағаммен,

Тоқтымыздың сирағына татый ма?!

Ақ түндігін айқара ашып аппақ таң,

Дауылда да, нөсерде де ес қаққан.

Алты қанат ақ ордама айбынды,

Тең келер ме темір үйің тот басқан?

Білген бабам, жылқы бабын, құс бабын,

Иттің өзін ырымдаған іс мәлім.

Қасқыр иттен қанша зерек болса да,

Бола алмайды жолдыаяқ пен құтпаның.

Хабары жоқ қулық пенен сұмдықтан,

Алдамшы көп абайсызда бізді ұтқан.

Малшыларға маңызы не қаланың,

Айырылса егер сахаралық тұрмыстан.

Ұлыңды оқыт, қызыңды оқыт қаладан,

Дарындыға зәру мынау заманаң.

Қалғандарың ақ таяқтан айырылма,

Қандай жақсы қалған кәсіп бабадан.

Өніміңді базар біткен бағалап,

Бәсекеде алдыға түс сағалап,

Барлығыңа тілейтінім амандық,

Малмен басың өсе берсін сәләмат.

Батылбек Тауданбайұлының термесі

Орындаған: Мәртбек Бақытұлы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button