Жаңалықтар

Бірлікпен тұрмыс түзелер

Ауылда іздегенге жұмыс бар. Егіншілік, мал шаруашылығы өркендеп, құрылыс қарқынмен жүруде. «Шаштараз, етікшілік, тігіншілік, саудагерлікпен айналысамын, мал өсіріп, сүт өнімдерін сатамын» дегендерге мүмкіндік мол. Тіпті, ұлттық тағамдарымызды пісіріп, тоқыма тоқып, сырмақ сырып, текемет басып, табыс табамын десеңіз де, еркіңіз білсін. Міне, осы кәсіптердің ауылдың үлкенді-кішілі азаматтары игеріп әкетіп жатқанын көргенде жаның жылиды екен.

Тағы бір жарқын мысал, біздің М.Жұмажанов атындағы ауыл жастары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Айналайын – ауылым» жастар саябағын салу жобасын қолға алуда.

Бүгінде саябақтың аумағы анықталды. Ауыл әкімшілігі қолдау көрсеткен бұл жобаны тұрғындар бірауыздан қолдап, қолдан келген көмектерін көрсетуде. Қазіргі таңда 100 түп тал егіліп, төсеніш тастар төселді. Сырты қоршалып, безендіру жұмыстары жалғасуда. Жобаның құны – 6 млн. теңге. Демеуші – ауыл тумалары. Алматыда тұратын «Атасу» корпорациясының басшысы Марат Жұманов 2 млн. теңге көмек көрсетті. Марат ағамыз бұған дейін де ауылды дамыту жобаларын каржыландырып келді.

Мұқажан Жұмажанов ақсақалдың немересі Әзиз Мұқажанов 100 түп ағаш шыбығын отырғызып, қомақты көмек көрсетті.

Елбек Жұмажанов ағамыздың да еңбегі ерен. Саябаққа керекті көптеген материалдарды алуға тікелей жәрдем берді. Мұның алдында да бұл кісі ауылымыздың дамуына елеулі көмек көрсеткен. Қазіргі күнде де үзбей демеушілік жасап келеді.

Бұдан бөлек, ауылымыздың бес жүздей азаматы 3 млн. теңгеге жуық қаржы жинап отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ауыл тұрғындары атсалысты. Атап айтсақ, Айдос Тілеукенов, Нұрбол Қуандықов, Жасұлан Рақыжанов, Нұрсая Тишмағанбетов, Ермұхан Байжұманов, Тан Өскенбаев, Асхат Аяшев және тағы басқаларын атап өткен жөн болар.

Бастамаға ауылымызда туып-өскен азамат, қазіргі кезде Астана қаласының тұрғыны Алмас Алин басшылық жасауда. Істің жөн-жобасын білетін бұл азаматтың ауылда ұйымдастырып отырған бірінші жобасы емес. Бұрын да бірнеше жобаға мұрындық болған.

Бұйыртса, ауылда жастар демалатын жаңа орын пайда болмақ.

Сейтжан МЕЙРАМ,

М.Жұмажанов ауылы əкімі аппаратының маманы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button