Ресми

БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫСТЫҢ БЕРЕКЕСІ БАР

       29 маусым күні Қарағанды облыстық мәслихатының кезекті ІХ сессиясы өтті. Оның жұмысын сессия төрағасы, депутат Жомарт ТАЛАСПЕКОВ жүргізіп отырды. Сессияның жұмысына облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ, облыстық мәслихат хатшысы Рысқали ӘБДІКЕРОВ, облыс әкімінің орынбасарлары, ҚР Парламенті депутаттары, қала, аудан әкімдері мен мәслихат хатшылары, мемлекеттік орган жетекшілері, департамент басшылары,БАҚ өкілдері қатысты.

 сессия-3Сессияның күн тәртібіне мына мәселелер шығарылды:

1.2016 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекіту туралы.

2.Қарағанды облыстық мәслихатының 2014 жылғы 27 наурыздағы ХХІІ сессиясының «Қарағанды облысындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жағдайы және оның болашақта дамуы туралы» №257 шешімін іске асыру туралы.

3.Ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметі бастығының Қарағанды облысы аумағында 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында құқық тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі есебі туралы.

4.Басқа да мәселелер.

Сессия алдында облыс әкімі Ерлан Қошанов жиналғандырға өңірдегі кадрлық өзгеріс туралы хабарлап, облыс әкімінің жаңа тағайындалған орынбасарлары Алмас Айдаровты, Серік Шайдаровты, Бұқар жырау ауданының әкімі Шағурашид Мамалиновты, Осакаров ауданының әкімі Нұркен Көбжановты таныстырып, олардың жұмысына сәттілік тіледі.

Сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Қарағанды облысының экономика және қаржы басқармасының басшысы О.Чернявская баяндады. Бұл мәселе бойынша жарыссөзге  Қарағанды облысы тексеру комиссияның  төрағасы С.Өтешев, ҚР Парламентінің депутаты С.Ершов қатысты.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары А.Шкарупа баяндады.

Өткен қыс маусымындағы Саран, Теміртау қалаларындағы жылу берудегі іркілістер, Шахан кентіндегі жарылыс бұл саладағы жағдайдың онша мәз еместігін көрсетсе керек. Сөз жоқ, өңір қуаты өзіне еркін жетеді. Алайда жекелеген аймақтарда жаурап отырғанымызды жасырудың жөні жоқ. Саран қаласындағы ТЭЦ құрылысы дүркін-дүркін қолға алынғанымен жағдай өзгермеуде. Соған орай сарандықтар биыл да үй жағдайында күпілерімен жүруге мәжбүр болады. Шахандағы жағдай бақылауда. Ондағы қысқы маусымға дайындық жүйелі жүргізілуде. Саяқтағы жағдай да күрмеулі қалпында. Қаншама қаржы қаралғанымен ондағы ауызсу мәселесі он бір жыл бойы шешілмей келеді.

Биыл да үкімет тарапынан жеткілікті қаражат бөлініп отыр. Соған орай зерттеу жұмыстары жүруде. Әзірге Саяққа ауызсу жеткізудің екі жолы ұсынылып отыр. Мамандар соның тиімдірегін анықтау үстінде. Нақты шешім кейінірек қабылданбақ. Биыл жолға бұрын-соңды бөлінбеген қаржы босатылып отыр. Сол қаржыны ысырапсыз пайдалану үлкен сын. Үй қорының жайы алаңдатады. Енді бірер жылдан кейін кешегі «хрушевкалардың» апатты үйлер қатарын толықтыратыны белгілі.

Бұл мәселе бойынша жарыссөзге об­лыстық мәслихаттың құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Б. Базарбаев қатысты.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша  Қарағанды облысы ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Ж. Жақаев баяндады.

Баяндамашы атап көрсеткендей жергілікті полиция қызметі уақыттың өзі тудырған жаңа құрылым, соған орай оның аяғынан қаз тұрып кетуінде  ескерілмеген жағдайлар кездесіп, жұмысқа қолбайлау  болды. Алайда аталмыш құрылымның жергілікті атқарушы органдармен, өкілетті органдармен тығыз қарым-қатынаста ынтымақтыстық жағдайда еңбек етуінің арқасында көп мәселелер өз шешімін тапты. Оның ішінде облыстық мәслихаттың заңдылық және азаматтардың құқықтары жөніндегі тұрақты комиссиясының  отырысында  жергілікті полиция қызметіне қатысты бірқатар талқылаулар өтті.Бірлесіп қабылдаған сол шешімдердің нәтижесінде көптеген ұйымдастыру жұмысы атқарылды, қызметтің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі жақсара түсті. Қордаланып қалған мәселелер облыстық мәслихаттың VІ сессиясына шығарылды. Депутаттық корпустың күш салуымен, жергілікті атқарушы органдардың тікелей ықпалымен көптеген мәселе өз шешімін тапты.

Жыл басынан бері тоғыз жүзден астам басқосу өткен. Оған отыз мыңдай тұрғын қатысыпты. Бұл басқосуларға қалалық, аудандық, ауылдық әкімдер, қоғамдық құрылым өкілдері, КСК төрағалары, үй басқарушылары қатысқан. Азаматтар тарапынан үш жүзден астам бағалы ұсыныс түскен. Облыс орталығында әкімдіктің ықпалымен ерікті халық жасақшыларының жұмысы қайтып жанданған. Оның құрамына бұрынғы интернационалист-жауынгерлер кірген. Олар жол-бақылау полициясымен бірлесіп, көшелер мен қоғамдық орындардағы тәртіпті қадағалауда. Мұндай құрылымдар Жезқазған және Балқаш қалаларында да құрылып, жемісті еңбек етуде. Мал ұрлығының алдын алу бойынша бүгінде ауылда «Сақшы» отрядтары құрылған. Қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша күзет қызметінің де құрылымдары тартылған. Бүгінгі таңда облысымыз бойынша тәртіпті сақтауға бағытталған 140 қоғамдық құрылым жұмыс істейді, оған 1,4 мыңнан астам адам тартылған. Олардың тікелей қатысуымен 20-дан астам қылмыс, 300-ден астам әкімшілік тәртіп бұзушылық анықталған.Бас бостандығынан айырылып, жазасын өтегендермен жұмыс істеу күрмеулі қалуда. Оның ең бастысы – жұмыссыздық. Бос орын бола тұра оларды жұмысқа ала қоймайды. Ал ондай жандардың саны өңіріміз бойынша 4 мың адамды құрайды. Онан тыс жазалы болып, оқшауланған тағы 1,5 мың азаматты қосыңыз. Әр ай сайын олардың қатары жүз адамға толығып отырады. Мұнан шығатын қорытынды олармен күнделікті жұмыс жүргізу керек болады. Сондай жұмыстың нәтижесінде ағымдық жылдың өткен бес айында сотталғандар тарапынан жасалатын қылмыс 70 пайызға кеміген. Ағымдық жылдың өткен кезеңі бойынша облыс аумағындағы қылмыстық жағдай қалыпты. Алайда, бұған қарап тоқмейілсуге де болмайды.

Бұл мәселе бойынша жарыссөзге Қарағанды облысы әкімінің аппарат басшысы Ж. Ысқақов, облыстық мәслихаттың заңдылық және азаматтардың құқықтары жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Ж. Штрегер қатысты.

Сессияда облыстық мәслихаттың депутаттары С. Шәуенованың, Д.Усовтың және Р.Әбдікеровтің депутаттық өкілеттіктері өз арыздарына сәйкес басқа қызметтерге ауысуларына байланысты мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Сессияда облыс әкімі Ерлан Жақанұлы 28 маусым күні өткен сайлауда бір адамдай ауызбіршілік танытқан таңдаушыларға алғыс білдірді. Бірлесіп, түсіністікпен жұмыс істеген халық қалаулыларына деген ризашылығын білдірді. Оның ішінде, Саяқ кенті төңірегіндегі қордаланып қалған мәселелер бойынша дабыл көтерген тұрақты комиссия төрағасы Б.Базарбаевқа өз тарапынан барынша көмек көрсетуге, халық қалаулысымен Саяққа қайтып баруға дайын екендігін қадап айтты. Саяқтың ауызсуын өз бақылауына алғанын жеткізді. Өздеріңізбен бірлесіп жұмыс істегенде Саяққа су келеді деді әкім.

Негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша өңіріміз қашандағыдай көш бастауда. Ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізілді. Өткен кезең ішіндегі жетістіктер соның айғағындай. Жөндеу жұмыстарына барынша назар аударылуда. Мектеп, аурухана, басқа да әлеуметтік нысандар жөндеуден өтуде. Соның барлығы бақылауда. Биыл жол құрылысына, оның жөндеуіне ерекше назар аударылып отыр. Алғашқы бөлінген қаржы екі есе ұлғайтылып отыр. Қалай дегенде Қарағанды Астана, Алматы қалаларынан кейінгі тоғыз жолдың торабында жатқан ең үлкен автокөлік магистралі болып табылады. Соған орай қала үстімен мыңдаған көлік өтеді. Мұндай жүктемені жеңілдету мақсатында қаланың айналма жолының өткізу қабілеттілігін арттыру міндеті тұр. Сондай-ақ, жол пайдаланушы субектілермен, оның ішінде алпауыт өнеркәсіп орындарымен жол қатынасын жақсартуды көздеген екіжақты келісімдер жасалуда. Әлемдік деңгейдегі болып жатқан қаржылық дағдарысқа қарамастан қарағандылықтар жылды жақсы бастады. Және оны нақ солай аяқтайтынына сенім бар. Өйткені, бірлесіп істеген жұмыстың берекесі бар деп атап өтті өңір басшысы.

     Сессия соңында облыс әкімі Е.Қошанов ҚР Парламентінің жаңа сайланған сенаторы Рысқали Әбдікеровты құттықтап, оған облыстық мәслихаттың хатшысы болып тұрғанда бірлесіп жемісті қызмет атқарғаны үшін алғысын айтып, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.

     Сессияда барлығы 22 мәселе қаралып, олар бойынша тиісті шешім қабылданды.

Төрехан МАЙБАС.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button