Бірегейлік жолы – инновацияны дамыту

Осы мақсатта Қарағандының мектептерінде жалпы білім ошағының материалдық техникалық базасын жақсарту жұмыстары жоғары деңгейде қолға алынған. Биылғы мәліметке сүйенсек, облыста компьютерлік парк 33 мыңға жуық бірлікті құрап отыр. Бұл аймақтағы роботехниканы компьютерлік құрылғылар арқылы терең зерттеуге кеңінен мүмкіндік береді. 2014 жылмен салыстырғанда ағымдағы жылы компьютерлік парктер саны екі мың компьютерге артқан. Кең жолақты ғаламторға қосылған мектептер саны 2015 жылдың басынан 81,5%-дан – 82%-ға өсті (республикалық көрсеткіш – 75,9%). Қазіргі таңда Қарағандының бірнеше мектебінде робототехника зертханалары жұмыс істейді. Оқушылар қалалық сайыстарда роботтар атқаратын жұмыстарды көрсетіп, түрлі тапсырмаларды орындауға мүмкіндік жасайды. Ағымдағы жылы Қарағандыда өткен «Роболэнд – 2016» робототехника халықаралық фестивалінде қарағандылық тірек-қимыл жүйесінде ақауы бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернатында оқитын Руслан Жалаев құрастырған «Аватар» роботының таныстырылымы өтті. Фестивальде жоба авторы робот оқушылардың виртуалды түрде сабақтарға қатысуына көмектесіп, олардың мұғалімдермен және сыныптастарымен сөйлесулеріне мүмкіндік беретінін айтқан болатын. Бұл – Русланның инновациялық тұрғыда роботтарды зерттеу барысында ашқан жаңалығы болды. Бұған дейін ол – информатика пәнін жетік білетін балалардың қатарында болғысы келгенін айтқан. Бүгінгі таңда ол «Аватар» роботының ықпалымен сыныптастарымен сөйлесіп, мектептегі шараларға да қатыса алады. Русланның айтуынша, облыс көлемінде компьютерлік парктердің артқанының бір пайдалы тұсы – робототехниканың дамуына көмегін тигізуде. «Қоңырауда робот арқылы өзге оқушылармен сөйлесіп, мектептің ішін аралата аламын. Монитордан барлығы көрініп тұратындықтан менің дауысым робот арқылы барлығына естіледі»,– дейді ол.

Айта кеткен жөн, Руслан Жалаев құрастырған «Аватар» роботы екі бастырма арқылы басқарылады. Оның түсіру камерасы және дыбыс шығаратын микрофоны арқылы дыбыс пен бейне оқушының компьютеріне келіп түседі. Сол үлкен экранның көмегімен мұғалімдер мен оқушылар Русланды көре алады. Роботтың жүретін дөңгелегі болғандықтан, ол аса биік емес жерлерден оңай өтеді. «Аватарға» керегі – сымсыз интернет. Мамандардың айтуынша, роботтың құны 2 миллион теңгеден асады.

 

Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Біз экономиканың тұрақты өсіміне жедел индустрияландыру және инфрақұрылымды жетілдіру арқылы қол жеткізуіміз қажет. Сондай-ақ, «болашақтың экономикасы» нәтижелі де тиімді қызмет ететін ұлттық инновациялық жүйеге негізделуі тиіс. Индустриялық-инновациялық даму – еліміздің жаңа онжылдықтағы өркендеуінің өзегі бола бермек» деген болатын. Инновациялық жобалар тұрғысында облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, жаңа технологияларға кеңінен мән берілген. Бұл салаға баланы жастан бейімдеу, қосымша білім бере отырып балалардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға жағдай жасайды. Робототехниканы дамытуда бүгінгі күні жаңа модификациялы пәндік кабинеттермен облыстың жалпы білім беру мектептерінің 58,4%-ы, лингафонды-мультимедиялық кабинеттермен — 67%-ы қамтылған. Ал, пәндік кабинеттермен жабдықтаудың облыстық көрсеткіштен төмен көрсеткіші Осакаров ауданында – 47,7%, Теміртауда – 51,9%, Саран қалаларында – 46,9%-ы байқалған.

Бүгінгі таңда облыс көлемінде оқушыларды заманауи құралдарды құрастыруға және бағдарламалауға тарту мақсатында білім беру үдерісіне роботты техника курсын енгізу бойынша жұмыстар басталды. Осы мақсатта жыл басынан облыстың қалалары мен аудандарында 30 роботты техника зертханасы алынды. Сатып алуға арналған бюджеттік қаржы Осакаров ауданына бөлінбеген. Алайда, ауыстыруды қажет ететін компьютерлік техника саны 8,9%-дан – 9,9%-ға артқан. Ескірген техниканың аса жоғары саны Қарағандыда – 20,3%, Теміртауда – 13,9% , Жезқазғанда – 10,4%-ы және Абай ауданында –26,6%-ды қамтып отыр. Дегенмен, қазіргі таңда облыстың барлық білім беру ұйымдарында үш тілде білім беруді дамытудың Жол картасын жүзеге асыру бойынша мақсатты жұмыс жүргізілуде. Әсіресе, компьютерлік құрылғылар арқылы роботехниканы дамыту басты орынға қойылған. Осы мақсатта роботтарды халықаралық сайыстарға қатыстыру үшін құрылғылар тегіс шет тіліне қосылған болу тиіс. Ал, роботты жасап шығарған оқушы міндетті түрде шет тілін меңгерген болуы керек. Бұл ретте «13 мектеп көптілді оқыту бойынша республикалық пилоттық бағдарламаға кірді. Дарынды балаларға арналған бес мамандандырылған мектепте оқыту үш тілде жүргізіледі. Барлық облыс үшін ағылшын тілінде сабақ бере алатын педагогтар даярлайтын төрт педагогикалық колледжде үш тілді оқытуды енгізу бойынша жұмыс басталды. 13 колледжде «сервис» саласындағы студенттер үшін көптілді оқыту енгізілуде, бұл ЭКСПО – 2017көрмесі қарсаңында аса өзекті» дейді білім басқармасының мамандары.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!» деген болатын.

 

Елбасы озық ойлы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру арқылы инновациялық жобаларды заман ағымына қарай бейімдеп ойлап табуды тапсырды. Бұл ретте, робототехника –елімізде кенже қалып отырған сала болғанымен, Қарағанды облысының өзінде ойы зерек жастардың қатары күн өткен сайын артып келеді. Мамандар пікірі: «Алуан түрлі техникадан робот ойлап тауып, оны қимылға келтіруде ел жастарының бойында ізденіс пен тәжірибе жеткіліксіз. Қалғанының бәрі бар» дегенге саяды.

Аяулым СОВЕТ

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.