Руханият

Бірегей тектік қор – ұрпақ игілігіне

Кеншілер күнін мерекелеу қарсаңында Қарағанды облысы мемлекеттік архивінде облыстың өркендеуіне еңбегі сіңген Құрметті кеншілер, еңбек ардагерлері Ерназар Сұлтангелдиев, Владимир Ким және Елтай Төлеубаевтың жеке тектік архив қорларының тұсаукесері өтті.

Қарағанды облысыныңмемлекеттік архиві ұйымдастырған шараға көмір өндірісі саласының үздіктері, мемлекеттік орган өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, кеш иелерінің туыстары, №21 мектептің кадет сыныбы оқушылары мен әскери-техникалық мектептің сарбаздары қатысты.

Тұсаукесер кеші қызықты әрі мағыналы өтті. Өткен ғасырдағы көмір өндірісінің пайда болуы, қалыптасуы жайлы тарихи бейнежазба көрсетілді. Шара барысында үш кейіпкер жеке құнды құжаттарын тектік қорға өткізу туралы актіге қол қойды. Ұйымдастырушылар оларға гүлдесте сыйлап, естелікке суретке түсті. №21 мектептің кадет сыныбы оқушылары патриоттық мазмұнда ән шырқап, көпшіліктің көңіліне жол тапса, қор құрушылардың құжаттарынан дайындаған «Кеншілер – біздің мақтанышымыз» атты фото-құжаттық көрме де ел назарынан тыс қалған жоқ.

Үш ардагердің жеке қорларында 200-ден астам кадрлар бойынша жеке парақтар, өмірбаян, медаль куәліктері, фотосуреттер, сертификаттар, аудиовизуалды құжаттар және тағы басқа дүниелер түпнұсқада ұсынылған.

Қазақстан Республикасы көмір өндіру саласының еңбек сіңірген қызметкері Ерназар Сұлтангелдиев, көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері Владимир Ким, Қазақстан Республикасының құрметті кеншісі Елтай Төлеубаев үшеуі де облыстың кен өндіру саласына өлшеусіз үлес қосып, қала тарихына өз есімдерін алтын әріппен жазған тұлғалар. Көптеген наградалармен, мерекелік медальдармен марапатталған. Жауапты лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, шәкірттер тәрбиелеген.

Бүгін үш тарихи тұлғаның құнды дүниелері мемлекеттік архивтің тектік қорына өтті. Бұл – болашақ үшін таптырмас олжа. Қорымызға қосылған 200-ден астам құнды құжатты көздің қарашығындай сақтап, кейінгі буынға бүтін қалпында табыстаймыз. Бұл үрдіс алдағы уақытта жалғасып, басқа да елеулі тұлғалардың тарих үшін қымбат жәдігерлерін қорымызға қосуға бар күшімізді саламыз, – деді Қарағанды облысы мемлекеттік архивінің директоры Жаңагүл Тұрсынова.

Облыстық мемлекеттік архив қорында 1700 қор бар, ол – 700 мыңнан астам құжат деген сөз. Оның ішінде, 100-ден астам жеке тектік архив қоры жиналған. Мысалы, Қарағандыдан түлеп ұшып, қазақ руханияты мен мәдениетіне, ғылымына, спортына олжа салған Е.Бөкетов, А.Сағынов, З.Молдахметов, Ғ.Құлқыбаев, Ж.Бектұров, А.Билык, С.Нұрқазов, С.Сәпиев, Х.Жұмабеков, С.Досмағамбетов және тағы басқа көптеген саңлақтардың өте қызықты әрі құнды дүниелері архив қорында сақтаулы. Жазушы Ж.Бектұровтың жеке тектік қоры 600-ден астам құнды құжатпен көш бастаса, академик Е.Бөкетовтің қорында 300-ден астам құжат бар. Бұларды ақын-жазушылар, магистранттар, тарихшылар, өлкетанушылар, студенттер мақала, диссертациялар, көркем шығармалар жазу барысында пайдаланады екен.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button